Астананың әуежайында туристерге үш тілде көмек көрсетуге арналған ақпараттық дүңгіршек жұмыс істейді. Шетелдіктерге 2015 жылдан бастап қызмет көрсететін дүңгіршек осы жылдың 18 қаңтарынан бастап жаңартылып қайта ашылды.
Аталған дүңгіршекте шетелден келген қонақтарға көрікті жерлер тізімі, экскурсиялық маршруттар, көлік, бос уақытты қолайлы өткізу, шопинг, қала картасы және басқа да сұрақтар бойынша кеңес беріледі. Бұл ретте қызметтер тегін көрсетіледі.
– Дүңгіршек әуежайда тәулік бойы жұмыс істейді. Біз туристердің тілектері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, қаланың көрікті жерлері, түрлі іс-шаралар, сауда орталықтары, қала маңындағы туристік орындар, қонақүйлерді брондау, сонымен қатар тамақтану орындары туралы ақпарат береміз. Сондай-ақ дүңгіршектен қаланың картасы мен туристік гидті тегін алуға болады, – дейді «Астана даму орталығы» департаментінің директоры Ольга Абельдинова.
Елордаға алғаш келген туристерге әуелі үш негізгі орынға бару ұсынылады: Бәйтерек монументі, Ұлттық мұражай мен «Nur Alem» Болашақ энергиясы мұражайы. Тізім алдағы уақытта жаңа демалыс орындарымен толықтырылады. Ал қала тарихымен танысу үшін саяхатшылар кеңесшілерінің ұсынысы бойынша Астананың оң жағалауына жіберіледі. Қазіргі уақытта қалада осындай екі дүңгіршек жұмыс істейді: әуежайдың 1-терминалында және «Бәйтерек» монументінің жанында. Дүңгіршектер ақпарат беріп қана қоймай, өтініштерге мониторинг жүргізеді. Жыл басынан бері дүңгіршек қызметкерлері елорда қонақтарының 6 мыңнан аса өтінішін қабылдаған.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті