Түркі әлемінің астанасы киелі Түркістанға өткен айда, әсіресе мереке күндері келген қонақ саны 20 мыңнан асты. Қалада нөмірлік қоры 1 240 бөлме болатын 59 орналастыру орны жұмыс істейді. Демалыс уақытында осы орындар 100 пайыз толған. E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес биылғы 2 айдың қорытындысымен өңірге 2 228 шетелдік турист келген. Аталған көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 4,7 есе артқан.
Туристік астана атану бұл саланың жұмысын дамыта түсуді қажет ететіні, жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні аян. Бұл орайда жуырда түркістандық делегация Самарқанда облыстың туристік әлеуетін таныстыру, екі ел арасында туризмді дамыту, өңірге халықаралық рейстерді ашу бойынша өзбекстандық тараппен кездесті. Аталған кездесуде туристік нысандарға бай өңірде емдік-сауықтыру, тарихи-танымдық туризмі, экотуризм бағыттары қарқынды дамып келе жатқаны, бұл бағыттар бойынша түрлі форматта екі ел арасында ақпараттық турлар ұйымдастыруға болатыны айтылды.
Еуразия аймағының барлық негізгі құрлықтық транзиттік жолының қиылысында орналасқан Орталық Азия аймағы әрқашан Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия мәдениеттері арасындағы «коммуникациялық дәліз» саналады. Өзбекстан бұл бағытта үлкен рөл атқарады. Өзбекстанмен арадағы туристік байланысты нығайту мақсатында екі тараптың туристік компанияларының ресми кездесуі B2B форматында жалғасын таппақ. Наурызда Түркістан – Самарқанд бағытында алғашқы әуе рейсінің жасалуы да туризмді дамыту саласындағы өзара қарым-қатынастарды қосымша ынталандыру ретінде бағаланды.
Бұл қалада қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін, көрнекті жерлерін кеңінен танытуға басымдық беріледі. Осы мақсатта Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды. Өңір туризмін насихаттауға 14 елден 20-ға жуық БАҚ өкілдері келді. Делегация құрамында Әзербайжан, Германия, Испания, Корея Республикасы, ҚХР, Қырғызстан, Марокко, Өзбекстан, Польша, Сербия, Сингапур, Үндістан, Франция, Швеция елдерінің журналистері бар. Олар Арыстан баб және Қожа Ахмет Ясауи кесенелері, Отырар қалашығы, «Сапар» орталығы, «Аппақ Ишан» тарихи кешені, «Керуен сарай» кешенін аралады. Сапар барысында 8D форматындағы «Алтын Самұрық» ұшатын театрында Қазақстанға виртуалды саяхат жасады. «Керуен сарайдағы» айдында «Қыз Жібек пен Төлеген» этникалық қойылымын тамашалады. Бұған қоса «Ұлы дала елі» орталығы мен «Фараб» кітапханасында болды. Өңірдің тынысымен жан-жақты танысқан қонақтар Бәйдібек ауданына барып, тылсымға толы Ақмешіт үңгірін аралады. Сондай-ақ шетелдік журналистер «Армысың, әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасына қатысып, халқымыздың мәдениетімен танысты, қазақ дастарқанынан дәм татты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, туризмді дамыту мақсатында жүзеге асырылатын жобалар жөнінде мәлімет алды.
Туристер, зиярат етушілер жиі ат басын бұратын Отырар ауданы ежелден ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы болған, қазақ өркениетінде маңызды рөлге ие. Бұл орайда туристерге танымдық ақпарат беру, келушілерге сапалы қызмет көрсету маңызды. Аудан аумағындағы Арыстан баб кесенесіне келушілер қатары да сиреген емес. Арыстан баб – XI-XII ғасырларда өмір сүрген, ислам ғұламаларының бірі, Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы. Кесенеде Қарға баб, Лашын баб және Шерімбет әздер жерленген. Кесене XIІ ғасырда салына бастаған. XІV ғасырда Әмір Темір үлкен кесене тұрғызған. ХХ ғасырдың 1907-1909 жылдары Қалмырза Мүсәпірұлы Арыстан баб кесене-мешітіне қайта жөндеу жүргізген. Соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. Археологиялық-қорық мұражайында 24 852 экспонат қоры бар. Ал ғылыми кітапханадағы кітап саны – 3 180. Бүгінде музейде 77 адам жұмыс істейді. Өткен жылы кесенеге келушілер саны 278 844-ті құраған. Ал «Отырар қалажұрты» туристік нысанының аумағы – 189,6 гектар. Ұлы Жібек жолындағы ірі орталықтың бірі саналатын Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қала. Өзге де ортағасырлардағы қалалар сияқты Отырар қалажұрты да цитадель, шаһристан және рабад тәрізді үш бөліктен тұрады. Қаланың шаһристан бөлігінің аумағы 20 гектар, рабадымен қоса есептегенде 200 гектар болады. Қос нысанның да туристік мүмкіндігі өте жоғары. Арыстан баб кесенесінен соң келушілер Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жол тартатыны аян. Бұл орайда даңғыл жолдың алар орны ерекше. Бүгінде облыстық маңызы бар КХ-190 «Түркістан – Шәуілдір» автомобиль жолын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын «АлемТрансЖол» ЖШС және «Отау-строй» ЖШС атқаруда. «Түркістан – Шәуілдір» жолын қайта құру жобасы 4 кезең бойынша жүзеге асады. Жолдың ұзындығы 60 шақырымнан асады. Алдыңғы жылдың қыркүйек айында басталған жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған.
– Біз туризм саласын дамытуды Түркістанның негізгі бағыттарының біріне айналдырамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын елдің экономикалық өсу драйверлерінің біріне айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Бұл ретте Түркістан облысының туризм саласындағы әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы облысқа келген шетелдік туристер саны 15 мыңға жетті. Ал бір күндік келушілер саны 1 млн адамға жуықтады. Туризм саласын дамыту мақсатында Түркістандағы әуежайда халықаралық әуе рейстерінің санын көбейтіп жатырмыз. Әлемнің басқа да қалаларынан Түркістан қаласына жаңа әуе бағыттарын ашу биыл да жалғасады. Өңірде әлем жұртшылығын таңғалдыратын туристік орындар көп, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Иә, Түркістан халықаралық әуежайы ел ішінде аптасына 22 рейс, халықаралық деңгейде 3 бағыт, 9 рейс бойынша қызмет көрсетіп келеді. Шетелдік туристерді арттыру мақсатында жылдың басында Wizz Air лоукостерлік компаниясымен Абу-Даби – Түркістан бағыты іске қосылған болатын. Киелі қалаға «Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» мәртебесінің берілуі – тарихи шаһардың Түркі елдерінің арасында алатын орнының жоғары екенін білдіреді. Биыл осыған орай өңірде халықаралық деңгейде – 25, республикалық деңгейде – 23, облыстық деңгейде – 56, жалпы 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Туристік астана мәртебесі – тек туризм саласының ілгерілеуіне ғана емес, кәсіпкерлік пен экономиканың да дамуына ықпал етері анық. Артылған сенім үдесінен шығу үлкен жауапкершілікті де қажет етеді. Осы орайда өңір басшысының тапсырмасымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы тарапынан «Түркістан облысының туризм саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленгенін айта кетелік.
Талайды бай мұрасымен, құнды тарихымен тамсандырған Түркістан өңірі ашық аспан астындағы өзіндік мұражай іспетті. Облыс аумағында 1 770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Кейінгі жылдары экологиялық туризм де дамып келеді. Облыс бойынша табиғи аумақтарда және оған іргелес аудандарда 99 демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай, 6 киіз үй, аңшылар үйі орналасқан. Бұлар – негізінен Төлеби мен Түлкібас ауданында. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ пен маршруттар құрылған. Ал «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі ЮНЕСКО биосфералық нысандарының тізіміне енгізілген. Сондай-ақ Түркістан – республиканың сауықтыру туризмі дамыған өңірдің бірі. Бүгінде облыс аумағында 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Олардың нөмірлік қоры 7 940 төсектік орынды құрайды. Аталған туризм әлеуетінің басым бөлігі, яғни емдік-сауықтыру орнының 51-і немесе 70,8%-ы Сарыағаш ауданының Көктерек аулында орналасқан.
Туризм саласындағы шетелдік және отандық тәжірибе ескеріліп, 2024-2028 жылдарға тиісті нысаналы индикаторлар белгіленген бағдарламаның негізгі мақсаты – келуші туристер санын арттыру, облыстың туристік әлеуетін жоғарылату, туризм саласында инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптастыру. Іс-шаралар жоспары аясында өңірге келуші туристер санын 2028 жылға дейін 1 млн адамға, ал біркүндік келушілер санын 2028 жылға дейін 2,5 млн адамға жеткізу, саланы дамыту арқылы өңірде жаңа жұмыс орындарын көбейту, өзіндік табысын ұлғайту жоспарланып отыр.
Түркістан облысы