«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп жырлаған данышпан Абайдың сөзі күллі әлемді тебіренткен «Ерке сылқым» күйіне арналғандай. Бұл күйді дүниеге әкелген біртуар күйші, композитор Әбдімомын Желдібаев еді.
Әбдімомын Желдібаев 1937 жылғы 5 қыркүйекте Жамбыл облысы Шу ауданында өмірге келген. Жамбыл мәдени ағарту училищесін, Алматы консерваториясын тәмамдаған. 1964 жылдан Шу аудандық мәдени «Шу еркесі» халық аспаптар ансамбліне жетекшілік еткен. Елу жыл еліне аянбай еңбек еткен аса дарынды өнерпаз. Тынымсыз еңбегінің арқасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры атағына ие болды.
Домбыраның құлағында ойнаған көрнекті күйші, дарынды композитормен шығармашылық қарым-қатынаста болғаныма мақтанамын. «Әлқуатым келді» деп қарсы алған сәттеріне сүйсінемін. Шуға барсам міндетті түрде ат басын бұрып барып сәлем беретінмін. Батасын алып Астанаға шабыттанып қайтатынмын.
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Әбімомынның «Ерке сылқымы» – қазақ өнерінің алтын қорында мәңгі сақталатын қанатты туынды» деп жоғары бағалаған. Бұл күй композитордың тұла бойын билеп, алпыс екі тамырын иітіп жүріп алған. Өмір бойы іздеген сарыны күй болып төгілген. Әбдімомын ағамыз: «Ерке сылқымның» әуенін тапқанша жиырма жыл уақытым кетті», дейтін. Арман, сұлулық, мұң, махаббат осының бәрін автор күй тілімен бізге жеткізген. Бұл күйді білмейтін қазақ жоқ шығар, тіпті кейбір жандар осы «Ерке сылқымның» арқасында домбыра аспабын меңгеріп жатса, бұл күйді тек қазақ қана емес, дүниежүзінің халықтарының сүйіп тыңдайтын танымал туындыларының біріне айналды. Сонымен қатар шетелдіктердің қолына домбыра ұстатса да шертетіні «Ерке сылқым» күйі болғанына барша қазақ куә.
2018 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті қызметін атқарған Дархан Қыдырәлі маған Әбдімомын ағамыздың 80 жасқа толуына байланысты күйшінің шығармашылық кешін өткізу туралы ұсыныс жасады. Дайындық барысында ауылға жиі соғатын болдым. Астанада өтетін концертіне күйшінің де тыңғылықты дайындалып жүрген кезі болатын. «Әлқуат, азаматтарға менен сәлем айт. Ризалығымды жеткіз», деп еді.
Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ оркестрі қатысты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов композитордың күйлерін оркестрмен жоғары деңгейде орындап шықты. Дарынды күйші, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева Алматыдан арнайы келіп күй шерткен болатын. Шертпе күйдің шебері Жанғали жанын сала күй төкті. «Сұңқар сезім» күйін композитордың музыкалық мұрасын зерттеуші, дәстүрін жалғастырушы, өз немересі, күйші Меруерт Желдібаева нақышына келтіре орындады. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, Шу өңірінің тумасы Батырлан Әбенов өз кезегінде Ә.Желдібаевтың «Бозжігіт» күйін сұңқылдатты. Сол жолы Әбдімомын көкем маған Батырлан орындаған күйдің тарихын айтып берген еді. «Бозжігіт» күйін жазушы Қарауылбек Қазиевке арнаған екен. Қарауылбекпен Әбекең екеуі бірге өскен. Кезінде ол кісінің «Иманжапырақ» деген повесі Жазушылар одағы мен министрлер кеңесі жариялаған бәйгеде 1-орынға ие болған екен. Ол туралы: «Бәйгеге қатысқанда повестің бүркеме атын «Бозжігіт» деп қойған. Өзі де бозым, сымбатты келген жігіттің сұлтаны, төресі еді. Кейін 46 жасында кенеттен қайтыс болды. Балалықтың қимас күндерінде бірге өскен бауырым өмірден өткен соң көп ойландым. Өзегімді өкініш өртеп кететін. Әкесі Қазы өте жақсы күйші, ғажап домбырашы болған», деп әңгімелеп беріп еді. Осылайша, әр күйінің шығу тарихын жазып алып жүрдім.
Композитордың шоқтығы биік күйлерінің бірі «Төле би толғауы». Бұл күйдің шығуы жайында Әбдімомын ағамыз: «Бабамыз Төле би – тарихи тұлға. Жайсаң деген жерде туып-өскен. «Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ». Билік айтуда қара қылды қақ жарған Төле би бабамыздың ұлағатты сөзі – ұрпақтарына қалдырған өсиеті. Күндердің күнінде бабамның өмірі, тағдыры, сол заман әуен болып құралып, домбырамның шанағына күй болып төгілді», деп қайырған еді.
Ал «Ыдырыс» күйін әкесінің бір атадан тараған туысы және құрдасы Ыдырыс қарияға арнап шығарған екен. Ол кісі ұзақ жасаған. Бірақ кіндігінен перзенті болмаған. Әбдімомын күйші ауылға барған сайын сол қарияға сәлем беруге үйіне соғады екен. Өзі қалжыңды да, әңгімені де, шежірені де жақсы айтыпты. «Ыдырыс қарияға бір барған кезімде: «Сенің әкеңде арман жоқ, Желдібайдың атын шығарып жатырсың. Аты өшкен жоқ» деп, отырған үйінің шаңырағын көрсетіп: «Мен ертең өлсем, мынау молаға кім келеді? Мына босағадан кім аттайды, мына төрде кім отырады» дегенде қарияның жүрегі қарс айырылатын. «Адам өлген күні өлмейді, аты өшкен күні өледі» деген қазақта сөз бар ғой. Сол үйден шыққан соң «осы кісі туралы бір күй жазайын» деп, іштей қатты тебірендім. Ол кезде жасым қырықта. Көп ұзамай сол күй туды. Тым болмаса есімі елдің аузында жүрсін деп «Ыдырыс» деп атадым», деп баяндап берген еді.
Қазақ күй өнерінің заңғары, кәсіби деңгейдегі майталманы «Ерке сылқым» атты күйімен әлемді тамсандырған Әбдімомын Желдібайұлының есімі мен мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.
Әлқуат ҚАЗАҚБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері