• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жәдігер 16 Сәуір, 2024

Талқы

159 рет
көрсетілді

Халқымыздың тұрмыс-тір­ші­лігінде жиі қолданыста бол­­ған құралдың бірі – талқы.

Талқы – тері илеуде қол­данылатын ағаш құрал. Ол аша бұтақты талдан жасалады. Ашасының бетінде кер­тілген тістері болады. Аша ағаш­­тың түйіскен астыңғы жағы тал­қының тілі сұғылатындай етіп кер­тіледі. Талқының тілі қисықтау келген жұмыр ағаштан дайындалады. Оның бір шеті қолмен ұстауға қолайлы болу үшін жұмыр күйінде қалдырылып, теріге келетін басы тіс-тіс етіп кертілген (ҚР МОМ қорынан).

Талқымен тері илеуді талқыға басу, талқыға салу деп жатады. Қа­зақтың «талқыға түсті», «талқыға салынды» деген сөзі осыдан айтылса керек. Талқы басатын кезде бір адам шиыршықтала оралған теріні талқының тіс-тіс ашасына көлде­неңінен қойып, терінің екі жағынан ұстап отырады. Ал екінші адам оның тілін талқы ағашының ашалары түйіскен арасына салып, теріні жанши төмен басып, жоғары көтеріп тұрады. Осы сәтте теріні ұстаған адам оны айналдырып отырады.

Негізінен талқы басу – шыдам­дылықты, төзімділікті қажет етеді. Тері біраз уақыт басылғаннан кейін оны жазып, басылмаған жерін тал­қы тіліне келетіндей етіп бүктеп, қайта салады. Осылайша, талқыға түскен тері құрыс-тырысы жазылып, жұмсара түседі.

Тері әбден басылып болғаннан кейін оның қалып қойған шеттері таза­ланып, жылқының немесе ба­лық­­­тың майымен майланады. Осы­лай­ша, тұрмысқа қажетті қайыс әзір­ленеді.

«Қайыстан қамшының түр-түрін, құйысқан, жүген, тартпа сынды ат әбзел­дерін жасайтынбыз. Арқан есіп, түйін түйдік. Мал терісінен қы­мыз ашытатын мес дайындау да кө­неден қалған кәсіп. Тұрмыста оның қолданыс аясы өте кең», дейді көпті көрген әкем.

 

 

Алматы облысы