• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2024

Жыл бойы атқарылатын жұмыс

143 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының аудан-қала­ла­рында ұйымдастырылып жат­қан ауқымды жұмыстардың ұраны түрлі бол­ғанымен, мақсаты бір. Көше-каналдар, арық-атыздар тазаланып, ауыл-аймаққа көрік беріп, сая болатын ағаштар отырғызылып жатыр.

Бәйдібек ауданында «Менің талым!» атты іс-шарада ауылдық округ әкімі аппаратында жұ­мыс істейтін кызметкерлер отбасыларымен бірге аудан ор­талығындағы Т.Рысқұлов көшесінің бойына 100 түп сәнді тал отырғызды. Жалпы, өңірде та­залық бағытында атқарылар жұмыстар бо­йын­ша әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақ­сат­тары бар. Яғни «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жа­сыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апта­лық­тарында өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны тазарту, көгал­дандыруға қосар үлесі мол болмақ. Игі істе барлық аудан, қала белсенділік танытып жатыр.

Мысалы, Кентау қаласындағы аллеялар абаттандырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері тазаланып, сырланды. Жарықшамдар қалпына келтірілді және талдардың түптері ағартылды. С.Сей­фуллин көшесіне 5 мың дана раушан гүлі отыр­ғызылды. Бұған қоса көше қиылыстарына, аллеялар мен саябақтарға 20 мың дана раушан гүлі және 40 мың дана біржылдық гүлдер отырғызылмақ. Абай даңғылы бойындағы К.Жұмаділов атындағы аллеяға шырша, қарағаш көшеттері отырғызылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тарапынан 8 500 түп қарағаш көшеттері үлестіріліп, «Жасыл аймақ» учаскесіне отырғызылды.

Ал Арыста жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын 4 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің ішкі көшелерінің бойы мен іскерлік аумақ­тарға 25 мың түп қарағаш пен үйеңкі отырғызылды. Со­нымен қатар Шорнақ мешітінің 3,5 гектар аума­ғына 1000 түп жеміс ағашы егілді. Алдағы уақытта та­ғы 26 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отыр.

Созақ ауданы орталығындағы «Абай» және «Тәуел­сіздік» саябақтарына 2 мыңға жуық көшет егілсе, Шолаққорған – Түркістан бағытындағы «Жа­сыл белдеу» аумағына жаңадан егілген тал көшет­терінің саны 4 мыңға жуықтады. Мұнда жаңадан егілген тал көшеттерін шарбақпен қоршау, тамшылатып суару қондырғысын орнату іс-шаралары жүргізілді. Аумағы 10 шақырым болатын «Жасыл белдеу» аймағында бүгінге дейін егілген көшеттердің саны 10 мыңнан асты. Экологиялық акция аясында Ордабасы ауданында ауқымды сенбілік өтіп, жол бойындағы ағаштар ақталып, арық-атыздар, аяқжолдар тазартылды. Сондай-ақ халық қалаулысы Нұзат Ортай өз есебінен 300 метр тор алып беріп, нәтижесінде тұрғындар асарлатып көшет егілген аумақты қоршап алды. Төлеби ауданының тұрғын­дары да тазалық іс-шарасында белсенділік танытты. Табиғат жанашырлары 29 600 түп көшет отырғызды.

Абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарының сапалы жүргізілуі де қатаң бақы­лауға алынған. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де өз деңгейінде жүйеленбегенін айтып, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021–2025 жылдар аралығында өңіріміздегі 800-ден аса елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллион­нан аса көшет отырғызу көзделген. Биылдың өзінде миллион­нан аса көшет егіледі. Әкімі қандай болса, ауылы сондай. Бірнеше рет бұл мәселе бо­йынша тапсырма берілді. Бірнеше аудан, қалада ғана сәл нәтиже, қозғалыс бар. Қалғандары әлі де немқұрайды. Біз тазалық пен абаттандыруды жыл бойы талап ете береміз. Егер оны орындай алмайтындар болса, шара қолданамыз», деді Д.Сатыбалды.

Өңірде 2024–2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру жол картасы бекітілген. Наурыз айынан бастап ұйымдастырылған сенбілік­терде аудан, қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерде 2 710 тонна қоқыс шығарылып, 1 152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдар тазаланды. 275 саябақ пен гүлбақ, 192 балалар және спорт алаңшасы ретке келтірілді. 95 шақырым көпір­, өзен, канал мен бұлақтың арнала­ры тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңынд­ағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіре­бе­рістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру ны­сандарын және санитария жағдайын қалыпты дең­гейде ұстау мақсатында мобильді топтар құ­рылып, аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сай­манмен қамтылған.

Сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің аумақ­тарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында «Әкімшілік құқық­­бұзушылық туралы» кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланыс­ты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы көлемі 81,1 млн теңге айыппұл салынған.

 

Түркістан облысы