Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында – премьера. Қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығына орай қаламгердің әйгілі романының желісімен «Қартқожа» атты деректі драма қойылды.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған қойылым өте әсерлі шықты. Театрдың жас әртістері өздерінің рөлдерін жақсы ойнап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді. Спектакль мазмұны бастан-аяқ жазушы шығармасы негізіне құрылды. Романда қаламгер кедей баласы Қартқожаның өмірін суреттеу арқылы тап күресін, қазақ балаларының білімге құштарлығын, сол тұста қазақ даласында болған үлкен саяси өзгерісті бейнелеген болатын. Міне, сол шытырман оқиға театрсүйер қауымның көз алдында айнымаған қалпында көркем түрде сахналанды.
Рас, роман сюжетінің өзі қызыққа толы. Сол себепті оны адам еш жалықпай бір деммен оқып шығады. Сондықтан бұл шығарма желісімен құрылған спектакльдің де сол биіктен үн қатуы заңдылықтай қабылданды. Шымылдық түрілгеннен молдадан сабақ алған Қартқожаның бай балаларынан таяқ жеп, теперіш көрген аянышты халін көрдік. Осылайша, қойылымның алғашқы көрінісі ә дегеннен көрерменді өзіне баурай жөнелді. Әрі қарай оқиға шарықтай түсіп, байғұс баланың маңдайына жазылған қиын тағдыры кеш қараңғылығындай қоюлана берді. Бұл драма адамға расында да қазақтың көрмеген қиыншылығы жоқ екен ғой деген ой салды. Ұлтымызға деген аяныш пен жанашырлық сезімін оятты. Осындай күйге қалайша түскеніміз жайында ауыр ойдың жүгін санамызға артып, өткен шақ пен бүгінгі жағдайымызды бағамдап салыстыруға жетелеп әкетті.
Қойылым біткен соң көрермен ду қол шапалақпен театр әртістеріне ұзақ қошемет көрсетті. Ал әртістер бар еңбекті жасаған осы кісі дегендей режиссерді қолқалап ортаға шығарды. Сахна төріне самайына ақ түскен егде жастағы азамат көтеріледі деп ойласақ, режиссеріміз жап-жас жігіт екен. Аты-жөні – Исмаил Жарас. Өзі де осы театрда актер болып қызмет етіп, кейін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚУ-да режиссерлік мамандықты тәмамдапты. Ал «Қартқожа» – оның режиссурадағы дебюті.
«Қойылымды қоюдың өзіндік қиындықтары болды. Өйткені қиялымды жүзеге асыруда сахна аздап тарлық етті. Егер кеңістік көп болғанда декорацияның көркемдік шешімін басқаша тауып, шығармашылық тұрғыда кеңінен көсілуге мүмкіндік алар едік. Романды 4 күн оқып, 2 күн сахнаға келтірудің 15 беттік жоспарын құрдым. Әртістер арасында жасы кішілер де, үлкендер де бар. Сондықтан қойылымды сахнаға дайындау барысында режиссерлік шешім бойынша құрдастармен көп талас-тартыс болды. Әрине, жұмыс болған соң мұндай жағдайлардың өнер ұжымында болатыны заңдылық. Романда білімге ұмтылған бас кейіпкердің алдынан қиындықтар бірінен соң бірі кесе көлденең шыға береді. Енді оқимын деген шағында әкесі өледі, одан соғысқа алынады, кейін әмеңгерлікпен жеңгесіне үйленеді. Сосын ақтар мен қызылдардың арасындағы қырқыс басталады. Шығармада тағы азамат соғысы біткен соң, Қартқожаның екі жыл Омбыға білім алуға барғаны суреттеледі. Бірақ бұл оқиғаларды драмаға қоспадым. Уақыттың қысқалығына байланысты әмеңгерлікпен жеңгесін алған соң, қойылымның кульминациясын жасауға тура келді», деді ол.
Режиссер спектакльде жаңаша білім алғысы келген Қартқожаның Алаш қозғалысына қызмет еткенін көруге болатынын айтады. Шындығында кейіпкер орысша оқып, қазақ балаларын нақты ғылым пәндеріне үйреткен ұстаз болған. Ұлты үшін тер төгіп, білім шамшырағын жаққан осындай алашшыл азаматтардың көпшілігі кезінде атылып кетті. Ендігі жерде сол азаматтардың құрбандығын бүгінгі ұрпақ ұмытпаса екен деген ойын білдірді режиссер. Ал Қартқожаның кейпін сомдаған басты рөлдегі әртіс Нұржігіт Таңатар – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Жалпы, театрда қуыршақ бөлімін қосқанда 27 әртіс қызмет атқарады.
ШЫМКЕНТ