«Қазақ ұлттық өнер университеті» колледжіндегі «Актер өнері» пәндік-циклдық комиссиясының 1-4-курс студенттері «Егер де…» тақырыбындағы алғашқы театрландырылған концертін өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», деген еді.
Бүгінде ел Президентінің дарынды жастарды қолдау бағытындағы баянды бастамалары жүйелі жүзеге асып жатыр. Бұл концерт соның нақты дәлелі десе де болады.
Колледждегі «Театр декорациясы өнері» мамандығының студенттері сахнаны безендіру ісіне атсалысып, көрме ұйымдастырды. «Актер өнері» мамандығы мен осы «Театр декорациясы өнері» мамандығының шәкірттері және жетекшілері әрдайым тығыз жұмыс істейді. Дипломдық жұмыс кезінде әртістер киетін костюмнің дизайнын әзірлеп, сахнаның безендіру ісіне көп күш салады.
Осылайша, концерттік бағдарлама фольклорлық музыка ырғағымен арнайы әзірленген прологтан басталды. Сахна түрілген сәттен-ақ әр шәкірттің өнер деп соққан жүрек лүпілі, ыстық ықыласы көзге оттай басылды. Концерт режиссері байланыстырушы кейіпкер ретінде әр сәтті сабақтастырып, студенттердің жүйелі өнер көрсетуіне баса мән берді. Колледждегі оқытушы-профессорлық құрамның осы уақытқа дейінгі еселі еңбегі ақталып, саналы ұрпақтың бойына сіңірген сапалы білімі анық аңғарылды.
Театр өнері және өнертану факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омардың айтуынша, мұндай іс-шара талантты жастардың талабын ұштап, жемісті жетістіктерге жетелейді.
«Теориялық тұрғыда берілген білімді әрдайым тәжірибемен ұштастырып отыру қажет. Мұндай іс-шараларда шәкірттеріміз ең алдымен үлкен сахнада, көзіқарақты көрермен алдында өзін еркін ұстауды, барынша ашылып, шынайы өнер көрсетуді үйренеді. Колледжде алған білімінің нақты нәтижесін көреді. Қанатын қомдап, өнер айдынына асыққан жалынды жастарға дәл осындай концерттік бағдарламалар ауадай қажет», деді ол.
Іс-шара барысында колледж шәкірттері әр курстың бағдарламасына сай өнер көрсетті. Мәселен, 1-курста тәлім алатын жастар түрлі тақырып бойынша «Сахна тілі» пәнінен тренинг-жаттығуларды, «Актерлік шеберлік» пәні аясында жан-жануарларды бақылау әлемі этюдтерін ұсынды.
Ал 2-курста білім алатын студенттер әдеби-музыкалық композиция мен жан-жануарларды бақылау әлемі этюдтерін сахналады. Сондай-ақ «Суреттерді тірілту» тақырыбында өз өнерлерін ортаға салды.
Бұл ретте, 3-курс студенттері «Сахна тілі» пәнінен монолог оқып, «Актерлік шеберлік» пәні бойынша пьесалардан үзінді келтірді. Өз кезегінде, 4-курс студенттері прозадан үзінділер оқып, «Актерлік шеберлік» пәні бойынша этюдтер ұсынды.
Айта кетейік, «Актер өнері» – аталған колледждегі жаңа ашылған мамандықтардың бірі. Алғашқы түлектерін 2021 жылы ұшырса да, ел жастары арасында оған деген қызығушылық деңгейі өте жоғары. Талапкерлер дәл осы мамандықты таңдап, оқуға түскісі келеді.
Думан ӘКІМ,
театр пәнінің оқытушысы