• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Сәуір, 2024

Ұлттық бірегейлік: тіл ме, дін бе?

384 рет
көрсетілді

Барша ұлттың өз ерекшелігі бар. Ол ғасырлар бойы қалыптасатын мемлекеттің мүддесіне, ұлттың тарихы және өмір сүру тәжірибе­сіне байланысты. Ұлттық бірегейлік санатына дүниетаным, ана тілі, ділі, дәстүрі, мәдениеті, діні, халықтық өнер түрлері, ата­мекені, Отандық рухты негіздеп отыратын ата кәсіп түрлері, білім және ғылым жатады.

Канадалық мәдениеттанушы Мар­шалл Маклюэн «жаһандық ауыл» деген түсінікті сандық технологиялар­дың келуімен ұлттың бірегейлігі жоға­лып, әлемдік бірегейлік қалыптас­қаны туралы атап өткен. Жаһандану үдерісінде барлық әлемде бір теле­хикаяларды тамашалағаннан бастап бір тілде сөйлеу, бір музыканы тың­дау мен бір киімде киіну адамзат қоғамы­на ықпалын тигізбей қоймайтыны анық. Сол себепті, өркениет өрісін­дегі әрбір ел дербестігін сақтап қалу әрі нығайту үшін мемлекеттің ішкі өмірінде ұлттық бірегейлік сақталуға тиіс.

«Ұлттық бірегейлік» сөз тіркесі­нің астарында түрлі құндылық жатыр. Американың Пью зерттеу ор­талығы 2024 жылдың қаңтар айында 23 мемлекеттің халқына сауал­нама жүргізген «Тіл мен дәстүр ұлт­тық бірегейліктің негізі болып саналады» зерттеуін жариялады. Зерттеу 2023 жылдың 20 ақпанынан 22 мамырына дейін 23 мемлекетте, 28 250 адамның қатысуымен жүргізілген. Маман­дар қатысушыларды төрт индекс – сая­си көзқарасы, жасы, білімі және діні арқылы бағалаған. Сонымен қа­тар зерттеуде азаматтардың қар­жылық жағдайы да есепке алынып, «құн­дылықтың» әр ұлт үшін бірегейлігін айқындап көрсеткен.

 

Сауалнамадағы «Ұлттық бірегей­лікті қалай түсінесіз?» деген сұраққа қатысушылардың 91%-ы өмір сүріп жатқан мемлекеттегі көпшілік қауым күнделікті қолданатын тілде сөйлеу деп жауап берген. Бұл мемлекеттерге Индонезия, Нидерланд, Кения секілді екі немесе көп тілді елдер де жатады. Индонезияда 700-ден астам тіл бар. Ең көп тарағаны да малай тілі. Индонезиялықтар үшін малай тілінде ғана сөйлеу ұлттық құндылық болып табылса, Нидерландта нидерланд тілі бола тұра, ағылшын және неміс тілінде сөйлеу құндылыққа жат­пайды. Кенияда халықтар арасында 68 тіл тіркеліп, жергілікті халықтың басым бөлігі құндылық пен ұлттық бірегейлік тілі деп өз тілінде сөйлеуді есептейді.

Пью зерттеу орталығының са­уалнамасында ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын екінші санат – салт-дәстүр мен әдет-ғұрып деп көр­сетілген. Ұлттық бірегейлік пен қоғамдағы тұлғалық бірегейлік ел мен жеке адам болмысына ұлттық сана арқылы беріледі. Қоғамда ұлттық сана арқылы сақталады. Ұлттық сана қашанда ел өмірінде тарихи сана негізінде қалыптасып, нығайып отыр­ған. Тарихи сана адамның өз тарихын толық білуі, дәстүрді иелену, мәдениетінің құндылықтарын игеру және әдет-ғұрыптардың сақ­талуымен адам бойында қалыптасады. Сауалнама нәтижесінде Мажарстан, Индонезия, Мексика, Польша мем­лекеттері салт-дәстүрдің сақта­луын негізгі құндылық деп есептесе, дәс­түрлеріне ерекше құрметпен қа­райтын Жапония мен Израильде са­уал­намаға қатысқандардың көбі дәс­түр­ді құндылық ретінде санамайды.

Әр адам баласының кіндік қаны тамған мекені – оның туған жері. Туған жер, өскен орта сол себептен де адамның түп қазығына баланады. Сауалнамаға қатысқан Аргентина, Бразилия, Индонезия, Кения, Мек­сика, Нигерия, Оңтүстік Африка Республикасы халықтары үшін адам­ның туған жері ұлттық бірегейлікті қа­лып­тастыратын құндылық ретін­де танылған. Аустралия және Батыс Еуропа мемлекеттерінде дүниеге келгендердің көбі туған жерлерін ұлт­тың тұтастығын айқындайтын құндылық ретінде есептемейтінін көрсетті.

Зерттеу деректеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан 23 мемлекеттегі халықтың басым көпшілігі дінді ұлт­тық бірегейлік ретінде танымайды. Алайда Нигерия халқының 78%-ы дінді ұлттың құндылық ретінде қа­растырған. Нигерия азаматтарының 92%-ын мұсылман дінін ұстанушы­лар құрайды. Сонымен қатар халқы­ның 85%-ын христиандар құрай­тын Кениялық азаматтар дінді бірегей­лікті сақтайтын ұлттық құндылық ретін­де көрсеткен.

Зерттеуде Аустралия тұрғын­дарының көпшілігі мигранттардан тұратындықтан туған жер, тіл мен дінге байланысты құндылықтарды ұлттық бірегейлік ретінде көрмей­ті­ні анықталған. Мәселен, саяси көзқа­рас индексі бойынша АҚШ халқы өздерін қай мемлекетке жатқызарын білмейді. Сондықтан құндылық­ты туған жер мен ана тілге байланыс­ты сауалнамада қарама-қарсы жауап берген. Ал Жапония мен Израильден сауалнамаға 60 жастан жоғары ересектер қатыспағандықтан, көпші­лік дауыс жастардың тұжырымымен бекітілген.

Ұлттық құндылықтар туралы адам танымында қалыптасатын ұғым оның болмысының негізінде жататын рухани иммунитет ретінде саналады. Мейлі ол тіл, дін, туған жер немесе дәстүр болсын ұлттық тәжірибелер тәрбие негізінде ұрпақ­тың бойындағы қасиеттерді оятып, нығайтып отырады. Қоғамда рухани тереңдік, мәдениеттілік, дәстүр құндылықтары болмай тұрақтылық сақталмайды. Ұлттың бірегейлігі үшін де жалпыхалықтық мүддеден туын­даған құндылықтар аса қажет екендігі анық.

 

Айдана ҚҰЛМАНОВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы