Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен ақын Әбілда Аймақтың туғанына 70 жыл толуына орай «Жырыммен жұбатқым келеді» поэзия апталығы өтті.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Ақындық сүйегіне біткен арқалы ақын» деп бағалаған Әбілда Аймақты еске алуға арналған апталық туған жері Ордабасы ауданында басталып, оқушылар арасында өлең оқудан сайыс өтті. Сондай-ақ кітапхананың жылжымалы пункттерінде поэзиялық керуен ұйымдастырылып, кітап көрмесі және оқырмандар мен кітапханашылар арасында автордың өлеңін оқудан арнайы флешмоб бастау алды. Ал Қ.Бектаев жалпы орта мектебінде ауданның Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты Әбілда Аймақтың туғанына 70 жыл толуына орай «Өлең маған ғашық-ау, мен өлеңге» атты еске алу кеші өтті. Іс-шара барысында әуезді ән шырқалып, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқыды.
Ақынның өміршең жыр шумақтары жұртшылық жүрегінде жатталып қалған, 70-ке жуық өлеңіне ән жазылған. Ақынның жанын ұғып, әрдайым қасынан табылып, қолғанат болған жандар бас қосқан кеште Әбілда Аймақтың талғамы биік шығармашылығы мен өмір жолынан естелік айтылды. Ал шәкірттері ақын туралы тың деректермен бөлісті. 18 жасынан өлеңге қалам тартқан Әбілда Аймақ 22 жыл бойы Жазушылар одағының облыстық филиалын басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Оқырмандарына 20-ға жуық кітап сыйлаған ақын 60 жасында өмірден озды. Қаламгердің кітап қазынасы мен қолтаңбасын жалғаушы жас толқын ақынның өзі іргетасын қалаған «Темірқазық» әдеби клубының жұмысын жандандырып келеді. Еске сала кетейік, Әбілда Аймақ республикалық, облыс ақындары арасында өткен жабық конкурс, мүшәйраларда бас жүлде алды. Ал 2003 жылы Францияда өткен бүкіл Түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. Түркияда 2004 жылы өткен Түркі халықтары ақындарының жабық конкурсында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Апталық қорытындыланған әдеби жиынды облыстық мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып, кешке арнайы келген ақынның жары Ақмарал Сатыбалдықызына сый-сияпат көрсетті. Өлеңдерінің бірінде:
«Мен өлген соң бірдеңе болар ма екен,
Әлде дүние көркейіп оңар ма екен?
Баяғыдай байларың құдайсынып,
Панасы жоқ кедейлер тоңар ма екен?», деген ақынның жары естеліктерімен бөліссе, немерелері өлеңдерінен үзінді оқыды. Кеш қонақтары апталық жайлы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар мектеп оқушылары ақын өлеңдерінен композиция ұсынды. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова жыл бойы Әбілда Аймақ оқулары облыс көлемінде жалғасатындығын жеткізді. Шараға белсене қатысқан оқушыларға алғысхат табыс етті.
Түркістан облысы