Кеше Астанадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде «Дети Азии» халықаралық спорттық ойындары ұйытқы болған «Путь к Олимпу» атты білім бағдарламасы өтті.
Алдымен, мекемеге қарасты «Қажымұқан» спорт кешенінде бокстан және дзюдодан шеберлік сабақтары өтті. Осы ойындардың түлектері – бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов және дзюдодан Азия чемпионы, әлем Кубогі иегері, Олимпиада Ойындарының қатысушысы Айбек Имашев балалармен өз шеберліктерімен бөлісті. Мастер-класстардан кейін автограф-сессия орын алды.
«Путь к Олимпу» білім бағдарламасының салтанатты ашылуында «Дети Азии» халықаралық комитетінің президенті Владимир Максимов жиналған қатысушыларға сәттілік тілеп пікір білдірді.
Қарымта сөз кезегінде Қ.Мұңайтпасов оқу-спорттық ордасының басшысы Мерей Ақшалов ұйымдастырушыларға алғыс айтып, салт-дәстүрімізге сай, алыстан ат терлетіп келген мәртебелі қонақтың иығына шапан жауып, арнайы құрмет көрсетті.
Содан кейін, спортшылар (14-16 жасар) үш топқа бөлініп, білім бағдарламасы бойынша допингке қарсы іс-әрекеттер жолы, спорттық психологияны дамыту жолдары және ойындардың тарихы туралы сабақтар мен тесттерге қатысты.
Іс-шара соңында, қатысушыларға осы халықаралық ұйымның сертификаты тапсырылды.
Саха (Якутия) Республикасының Қазақстандағы күндері бүгінде жалғасын тауып, басқа да іс-шаралар өтеді.