Қамысты аудандық сотында қызмет бабын пайдаланып, біреудің сеніп тапсырылған мүлкін ірі мөлшерде ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған бухгалтерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта өзінің қызмет бабын пайдаланған бухгалтер-кассирдің кәсіпорын кассасынан 8 600 000 теңгеден астам қолма-қол қаражат алғаны анықталды. Ол бұл ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Бухгалтер өз кінәсін толық мойындады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Сот жарыссөздерінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 3 жыл мерзімге ұйымдарда бухгалтерлік есепті орындауға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 4 ай мерзімге түрмеге қамауды сұрады.
Оның қылмыстық құқық бұзушылықтары куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және істің басқа да материалдарымен расталды.
Сот бухгалтердің қылмыстық жауаптылығын және жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін және кішкентай балаларының болуын ескерді.
Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Нәтижесінде, сот айыпталушыға қатысты 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады. Сондай-ақ сотталушы 4 жыл мерзімге бухгалтерлік есеп және кассир лауазымдарын атқару құқығынан айырылды.
Залалды ішінара өтеуді ескере отырып, азаматтық талап толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.