• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Сәуір, 2024

IT-қызметтер экспортының көлемі екі есе артты

94 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов ЭКСПО павильонында болып, «Astana Hub» технопаркінің цифрлық инфрақұрылымын аралады, стартап-жобалармен танысты.

Хабтың негізгі міндеттері – таланттарды тарту, оқыту, бизнесті дамытуға көмек көрсету және IT-технологиялар экспортын қолдау. Бүгінде Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған «Tech Orda» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – 2025 жылға қарай 20 мың IT маманын даярлап шығару. Қазіргі уақытта 15 мыңнан астам студент оқуын аяқтап, 2 мың стартап-жоба іске қосылды.

«Astana Hub» қатысушылары үшін қолайлы экожүйе құрылды. Қазақ­станда сатылатын тауарлардың, жұмыс­тар мен көрсетілетін қызмет­тердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеу­ден босатуды көздейтін арнайы са­лық режімі түріндегі префе­рен­циялар қолданылады. Сон­дай-ақ IT-компаниялар жұмыс орындары­мен және серіктестік бонустар­мен қамтамасыз етілген. Атал­ған мем­лекеттік қолдау шаралары­ның бар­лығы оларға үнемделген қара­жа­тты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвести­ция­лауға мүмкіндік береді. Бүгінде «Astana Hub»-та өткен жылы 400 млрд тең­ге табыс тапқан 1 400 IT-компания бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз 01EduSystem Француз әдістемесімен өзара оқыту қағи­дат­тарына негізделген, Орталық Азия­дағы алғашқы ALEM ІТ-бағдар­ла­ма­лау мектебіне барды. Оқу үдерісі да­рынды студенттердің бір-бірі­мен жо­балары мен өзара қарым-қаты­­насы­­на негізделген. Қазіргі уақыт­та «Alem»-де жергілікті және халық­ара­лық ком­паниялар мен стартаптарда жұ­мыс істейтін 900-ден астам түлек бар.

Премьер-министр сондай-ақ «Astana Hub» қатысушылары және На­зар­­баев университеті (NU) ғылыми қыз­­мет­керлерімен кез­десті, жасанды интел­лект сала­сын­дағы бірқатар отан­дық әзірлемемен танысып, ғылыми жобаларды коммерцияландыруды арттыру және экономиканың нақты секторымен ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

«Alaqan» стартапы – контактісіз төлем жүйесі: транзакцияларды биометрия технологиясын қолдана отырып, алақан тамырларын тану арқылы жүзеге асыруға болады. Отандық жоба 2020 жылдан бері нарықта және бүгінде үш өнімге ие: «Alaqan Pay», «Alaqan Mektep» және «Alaqan HR». «Alaqan» жүйесінде 100 мың белсенді пайдаланушы, айына 1,2 млн сәйкестендіру және 300 мың  доллар инвестиция көлемі бар.

Кремний алқабында акселера­ция­дан өткен жоба Қазақстанда мектеп­­тер­дің бірінде сәтті қолданылып келеді. Әзірлеушілер стартапты елде және шетелде одан әрі кеңейтуді жос­парлап отыр. Қазіргі таңда отандық әзірлемеге Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Түркия елдері қызығушылық танытып отыр, оны 500 емханаға орнату жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект (ЖИ) сала­­сын­­дағы тағы бір жаңа­лық – «Arlan Biotech». Стартап жасанды интел­лектінің көмегімен наноденелер жа­сауға арналған. Жоба медици­на мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық болды. Нано­де­нелер диагностикалық тест жүйе­лерін құруда, сондай-ақ онкология­лық және аутоиммунды ауруларды зерттеу және емдеу үдерісінде қолданылады.

Сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген бейнекөріністерді жасау­ға және өңдеуге арналған плат­форма «Higgsfield AI» жобасы ұсыныл­ды. Бағдарлама жеке және жеке­лен­дірілген қосымшаларға арнал­ған. Қазіргі уақытта стартап 16 млн доллар жинап үлгерді, «Pre-seed» раундындағы негізгі инвес­тор АҚШ-тағы ең көне венчурлық қор­лар­­дың бірі «Menlo Ventures» болды. «Higgsfield AI» қазір «diffuse» мо­биль­­ді қосым­шасын ұсынады, ол мәтін­­ді бейне­көрініске түрлендірудің ар­на­йы мо­деліне негіз­делген. Ол алдын ала жа­салған клип­тер жиынтығы мен нұс­қау редак­торы бар жеке құ­рал­­­дар­ды қолдана отырып, басынан бастап бейнекөріністерді  жасай алады.

Сонымен қатар Премьер-ми­нистрге «Car Parking Multiplayer» жоба­сымен әлемге танымал, мо­биль­ді ойындар әзірлеу бойынша қазақстандық «O’games» студиясының жұмысы таныстырылды. Бүгінде ойын Азия, Еуропа және Америка елдерінде 100 млн-нан аса жүктеп алынған. Сондай-ақ Қазақстандағы «Playrix» мобильді ойындар әзірлеуші компанияның жобалары таныстырылды. «Playrix» мобильді ойындарды дамыту саласындағы әлемдік көшбасшы, компанияның өткен жылғы табысы 2,8 млрд долларды құрады.

NU ғылыми әзірлемелерінің ішінде ЖИ қолдану арқылы су тасқыны қаупін бақылау және су тасқыны мен оның салдарын азайту жобасына, жеке шаруашылықтар мен жылыжайларда пайдалануға арналған автономды тұщыландыру және суды тазарту жүйесіне, сондай-ақ тау-кен металлургия кешені саласындағы AI шешіміне – кен орындарында қолдануға арналған дроннан бейне ағыны негізінде воблерлерді анықтаудың автоматтандырылған жүйесіне назар аударылды.

«Президент экономиканы цифр­ландыру шараларын күшейтуді және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеп берді. Мақсат – 2026 жылға қарай IT-қызмет­тер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемін кемінде 1 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш 529 млн долларды құрайды. Еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. Отандық IT мамандарымыз үздіктер қатарында және біз оларға жаңа серпінді өнімдер жасауға, IT-шешімдердің экспортын жеделдетуге көмектесуіміз керек», деп атап өтті О.Бектенов.