Осыдан бірнеше күн бұрын су басу қаупі туындаған Атырау қаласынан Қызылордаға екі автобусты толтырған 93 адам келді.
Жауапты басшылар қонақтарды қабылдап алып, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің жатақханасына орналастырды. Олардың қажеттіліктерін жергілікті әкімдік қамтамасыз етеді.
Қазір Атыраудан келген азаматтарға 3 мезгіл ыстық тамақ беріліп, денсаулығын дәрігерлер тұрақты бақылап отыр. Олардың ұсақ-түйек қажеттіліктерін жеткізіп беруді «Аmаnat» партиясының облыстық филиалы қадағалауға алған.
Жалпы Сыр бойы жұртшылығы су тасқыны болған көршілес Ақтөбе облысына 9,8 млн теңге қаржылай, 67 млн теңге азық-түлік пен заттай көмек көрсетіпті. Қарғын судан қиындық көріп отырған өзге өңірлерге де 50 млн теңгенің көлемінде қажетті заттар жіберілді. Бұған қоса Батыс Қазақстан облысына 106 арнайы техника жөнелтілді.
Қызылорда