Кеше Астанадағы Достық үйінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет пен Қырғыз Республикасының Халық ақыны, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері Акбар Рысқұлдың «Егіз елдің екі ақыны» атты бірлескен шығармашылық кеші өтті.
Ұлықбек Есдәулеттің кезінде айтқан «Бүкіл әлемнің ақын-жазушылары – бір ұлттың адамдары секілді» деген қанатты сөзі бар. Әлемнің талай елінде болып, ақын-жазушыларымен кезіккен, олармен достық қарым-қатынас ұстап келе жатқан, талай халықаралық әдеби басқосуларға қатысқан, өзі Түркі елдерінің халықаралық жазушылар ұйымының төрағасы болып қызмет ететін ағамыздың бұл сөзінің шындығы Астана төрінде өткен осы бірлескен шығармашылық кеште тағы бір қырынан жарқырап көрінгендей болды. Шығармашылық кешке Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджепов, Ресей Федерациясы Саха Республикасы Жазушылар ұйымының төрағасы Гаврил Андросов бастаған делегация және өз еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысып, халықтар достығын тағы бір әйгілеп қана қоймай, орынды ойдың өрісін ұшқындата отырып, осы басқосуға интеллектуалдық сипат берді.
Дөңгелек үстел басындағы үлкен басқосуды жүргізген Қазақстан жазушылары Астана бөлімшесінің басшысы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға келген сапары аясында қазақ-қырғыз халықтары арасындағы рухани-мәдени байланыстардың одан әрі беки түскендігін, кеше ғана елордамызда есімі ғасырдан-ғасырға жалғасқан қырғыздың әйгілі эпостық батыры Айкөл Манас ескерткішінің бой көтергенін айта келе, екі ел жазушылары арасындағы Әуезов пен Айтматов әйгілеп кеткен жарқын достықтың бүгінгі таңда жаңа қырынан жалғасқандығын, соның ерекше бір белгісі «Егіз елдің екі ақыны» аталып отырған Ұлықбек Есдәулет пен Акбар Рысқұлдың бүгінгі бірлескен шығармашылық кеші екенін атап көрсетті.
Басқосуда бірнеше елден келген қайраткерлер мен қалам иелері сөйлеп, өздерінің халықтар достығы, түрік халықтарының бауырластығы туралы келелі ой-пікірлерін ортаға салды.
Түрікменстан елшісі Батыр Реджепов Ұлықбек Есдәулет пен Акбар Рысқұл шығармашылығына ерекше ықылас танытатынын айта келе түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлының шығармашылығы қазақ елінде қандай құрметке ие болса, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай есімі де түрікмендер арасында соншама құрметтелетінін жеткізді.
Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп бауырлас екі елдің әйгілі ақындары арасындағы мұндай үндестіктің халықтар достығына өлшеусіз үлес қосатындығын айта келе, бұл басқосуды ерекше шығармашылық кеш деп бағалады.
Сондай-ақ басқосуда сөз алған Саха Республикасы Жазушылар ұйымы төрағасының орынбасары, халық жазушысы, Якутия Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Наталья Харлампьева, Ресейге белгілі жазушы-романшы Николай Лугинов, «Якутия» кітап баспасының директоры, ақын, аудармашы Зинаида Архипова өз сөздерінде қазақ-саха ақын-жазушылары арасындағы шығармашылық байланыстың соңғы кездері жақсы дами бастағандығын, соның белгісіндей Ұлықбек Есдәулеттің саха тілінде «Балбал тастар тілі» кітабының, белгілі жазуы Әлібек Асқаров шығармасының жарық көріп, Астанада өтіп жатқан Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында олардың таныстырылымы табысты өткендігін айтты. Сол секілді Николай Лугиновтің саха тіліндегі бір мың беттік «Шыңғыс хан» романы осыдан біраз бұрын қазақ тіліне аударылып жарық көрген болатын.
Белгілі манасшы, ақын Баянғали Әлімжанов Ұлықбек Есдәулет пен Акбар Рысқұлмен алғаш танысқан кездері туралы әдемі естеліктерін айта келе қырғыз тіліндегі «Манас» эпосынан үзінділерді жатқа соқса, қазақтың әнші қызы Бағдат Сәмединова Акбар Рысқұлдың сөзіне жазылған қырғыз әнін сызылта шырқады.
Белгілі қаламгер Айгүл Кемелбаева екі ақынның шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел басында сөз сөйлеген егіз елдің екі ақыны Ұлықбек пен Акбар өздерінің осыдан ширек ғасыр бұрын алғаш қалай танысқандықтарын еске алып, содан бері ізі суымай келе жатқан достықтары туралы қазіргі қазақ, қырғыз, жалпы түрік әдебиеті арасындағы туысқандық байланыстар туралы әңгіме қозғады. Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып, Астанада біраз жыл тұрған Акбар Рысқұл бұл қаланың өзіне өте ыстық екендігін жеткізді. Екі ақын да жылы-жылы естелік айтып, өлеңдерін оқыды.
Екі ақын мен шетелден келген қонақтарға Достық үйінің тарапынан құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Бірлескен шығармашылық кеш Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған «Әй, Перизат!» әнінің орындалуымен аяқталды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ