Биылдан бастап «Отбасы банк» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (ББЖЖ) қатысушысы болды. Оның шеңберінде азаматтарымыз сенімді ипотекалық банкте «AQYL» атты білім беру жинақтау салымын аша алады. Салым отандық немесе шетелдік білім беру мекемелерінде оқу ақысын төлеуге арналған.
Көп жағдайда ата-аналар мемлекеттік грант жеңе алмаған баласын оқыту үшін қаражат таппай қиналып жатады. Ондайда біреуден қарыз сұрап немесе банктен пайызы жоғары несие ресімдеуге мәжбүр болады. Осындай тығырықтан шығарар жолды «Отбасы банк» ұсынып отыр. Банктің «AQYL» депозитіне көпшілік ерекше қызығушылық таныта бастады. Өйткені жаңа депозиттің тиімділігі орасан. Бала кәмелетке толғаннан кейін оның ақшасын білім алу мақсатында жұмсауға мүмкіндік бар. Егер бала оқуға тегін түссе, онда қаражатты шешіп алып, басқа қажетіне жаратады.
Бұл ақжолтай жаңалықты естіген Тараз қаласының тұрғыны Айкен Есімова өзінің 4 баласы мен қолында тәрбиеленіп отырған бауырының 4 баласына «AQYL» депозитін ашуды жөн санапты. Оны бұл іске балаларының болашағын осы бастан күйттеп жүрген өзге отбасының қаржы жинау тәжірибесі ынталандырған екен.
«Бұл шешім отбасылық кеңесте талқыланып, шешілген мәселе. Себебі бала мен ақша теориясы – қоғамда игерілмеген кеңістік. Жеке банк шотында қаржы жиналып жатқанын біліп өскен баланың оны тиімді басқару туралы пайымы да өзімен бірге өзгереді, жетіледі. Жақында 6 жастағы баласының атына 10 млн теңге жинаған ата-ананың тәжірибесі туралы қызық ақпарат оқыдым. Меніңше, бұл жақсы үрдіс әрі үлгі болуға тиіс. Жинақталған қаржының арқасында мектепті немесе жоғары оқу орнын бітірген кезде баланың оқу ақысын төлеуіне не пәтер сатып алуына мүмкіндігі болады», дейді А. Есімова.
АҚШ-та автокөліктерді жалға беретін компанияның негізін қалаған Тейлор Байрон Трот балалар бухгалтериясын бала күнінен бастау қажеттілігін ғылыми негіздеп берген. Кейін мұны кәсіпке айналдырып, балалардың қалта шығыны туралы кітап та жазған. Троттың айтуынша, ата-аналардың басты кемшілігі – балаларымен табысы жөнінде ашық әңгімелеспеуінде. Оның пайымдауынша, «балаға ақша санауды өмірдің өзі үйретеді» деген пікір дұрыс емес. Біреуге сеніп, біреуге арқа сүйеп қалған адам ешқашан дамымайды. Сондықтан бала жастан қаржылық сауатын қалыптастыруымыз керек. Екі арадағы байланыстың ерте басталғаны қос тарапқа да тиімді екен.
«Жолдасыммен ақылдасып, отбасылық бюджеттен артылған азын-аулақ қаржыны балаға бөліп, депозит ашуға шешім қабылдадық. Баланың ақшаға қызығушылығы ғана емес, сатып алуға болатын, болмайтын заттарға көзқарасы да осы жастан жетіледі екен. «Отбасы банктің» шарттары көңілімізден шықты. Банк менеджері Ақбота Бүркітбаевамен ақылдасқаннан кейін көңілде күмән қалмады. Уақыт өте қаржыны көбірек саламыз деп үміттенемін. Қаржы ертеңгі күні балаларымыздың бір қажеттілігін өтейді деп сенемін. Ең бастысы, балалар өзінің атына депозит ашылғанын біледі. Балаларым әлі кішкентай демеймін. Банктік шоттағы қаржысының пайыздық мөлшері, басқаша айтқанда, ақшасының қанша ақша тауып отырғанын айтып беремін. Баланы қаржылық сауаттылыққа жетелейтін әңгіме осындай нақты әрекеттерден басталуға тиіс. Бұрын ақшамның үстіндегі табысты өзіме бер дейтін балам соңғы кездері «жиналып тұра берсін» дегенді айтатын болды», дейді Айкен Есімова.
Банк қызметкері Ақбота Бүркітбаеваның айтуынша, қазір балаларының атына депозит ашу – банк сегментінде қалыптасып келе жатқан жаңаша үрдіс.
«Кәмелеттік жасқа жеткенше жиған қаржы инфляцияға жұтылып кетеді» деген күдік сейілген. Салымшылар депозиттің пайызы жылдық инфляция деңгейінен жоғары тұратынын жақсы біледі. «AQYL» білім беру жинақтау депозиті кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашылуы мүмкін. Егер депозит кемінде 3 жыл мерзімге ашылған болса, онда депозит мөлшерлемесі жылдық 12%-ды құрайды (ЖТСМ 12,9%-дан бастап 13,1%-ға дейін). Егер депозит 5 жылдан кем емес мерзімге ашылған болса, онда мөлшерлемесі 9,5%-ды құрайды (ЖТСМ 9,5%-дан бастап 10,1%-ға дейін). Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Салым мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады. Егер бала грант алса, онда «AQYL» депозитіндегі жинақ ақша кейіннен алынып, кез келген мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсалуы мүмкін», дейді банк қызметкері.
Сондай-ақ мемлекет жыл сайынғы сыйақы тағайындау арқылы балалардың білім алуы үшін үнемдеуге көмектеседі. Салымшылардың барлық санаты үшін ол 5%-ды құрайды. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедек балаларға, көпбалалы және жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылардан шыққан балаларға ашылған депозиттер бойынша 7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйлықақы алынады. Ол 1 жыл ең аз жинақтау мерзімімен есептеледі, яғни мемлекет сыйлықақысы есептелуі үшін салымның депозиттегі мерзімі бір жылдан кем болмауы керек.
Депозит ашу кезінде міндетті бастапқы жарна мөлшері 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2024 жылға есептегенде 11 076 теңгені құрайды. Болашақта ай сайынғы салымды толықтыру сомасын салымшы дербес анықтайды.
«AQYL» депозитінің мақсаты – балаларыңызға да, өзіңізге де оқуға қаражат жинау. Оның көмегімен отандық немесе шетелдік білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеуге болады. «AQYL» депозитін «Baspana market» порталында (otbasybank.kz), банк бөлімшесінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің hcsbk.kz сайтына кіріп, бейнеқоңырау арқылы ашуға болады. «AQYL» білім беру депозитін ашу үшін бар-жоғы екі-ақ құжат қажет:
Ата-аналарының бірінің жеке куәлігі; Баланың туу туралы куәлігі және ЖСН.Сондай-ақ «AQYL» депозиті «Отбасы банктің» жаңа мобильді қосымшасында да қолжетімді. Ол үшін App Store/Play Market дүкенінен «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет.
«AQYL» білім беру жинақтау салымы мемлекет пен үшінші тұлғалар тарапынан өсімпұлдардан қорғалған, сонымен қатар ол Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы сақтандырылған. Айта кетерлік жайт, Ұлттық қордан алынған жинақ ақшамен «Отбасы банкіндегі» «AQYL» депозитін толтыруға болады. Биыл 18 жасқа толған азаматтар бұл төлемдерді басқара алады. Оны «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы іске асыруға мүмкіндік бар.
2 айдан астам уақыт аралығында «Отбасы банкінде» «AQYL» депозиті бойынша жалпы көлемі 240 млн теңгеге 12 700-ден астам депозит ашылды.