• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Сәуір, 2024

Әлемді әбігерге салған табиғи апаттар

292 рет
көрсетілді

Бүкіл әлемде табиғи апаттар өршіп тұр. Биыл алапат су тасқынынан еліміз көп зардап шекті. Мамандардың айтуынша, бұл – елімізде кейінгі 30 жылда болған ең ірі табиғат апат. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл климаттық өзгерістің салдары екенін айтып, табиғи апаттар бұрын-соңды болмаған жерлер де әбігерге түсіп жатқанын мәлімдеді.

БҰҰ сарапшыларының ақпаратына сәйкес, кейінгі бес жылда табиғи апат құрбандарының саны өскен. Өйкені су тасқыны, жер сілкінісі, жойқын дауылдар «орын ауыстырған». БҰҰ бас хатшысының апаттар қаупін төмендету жөніндегі арнайы өкілі Мами Мидзутори БАҚ-қа берген сұхбатында адам шығынының себебін: «Мұндай табиғаттың тосын сыйын күтпеген аймақтарда халыққа апат жайлы ескерту және оны алдын алу жүйелері жұмыс істемейді», деп түсіндірді.

Осы орайда еліміздегі Төтенше жағ­дайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов: «Су тасқыны салдарынан қайтыс болған адамдар жоқ. Алайда су көтерілген кезде, яғни Атырау және Абай облыстарында тіркелген жағдайлар бар. Қазір онымен Ішкі істер министрлігі айналысып жатыр. Ол туралы алдын ала шешім шығарып айту ерте. Ішкі істер министрлігі өз жауабын береді», деп мәлімдеді.

Президент те су тасқыны кезінде халықтың амандығын шегелеп тапсырған еді. «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бас­тысы – азаматтардың амандығы», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстандағы төтенше жағдайға алғаш болып үн қатып, 300 тонна гума­нитарлық жүк жіберген Қырғыз­станның да бірнеше аймағында қазір сел жүріп жатыр. Ош, Талас, Жалал-Абад облыс­тарында төтенше жағдай жарияланған. Ош облысының Созақ ауданында жа­уын салдарынан 170 үй су астында қалған. Ауылдың бірінде селге қарсы бөгетті су шайып кеткен.

«Xinhua» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Көк-Арт өзенінде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, егер су арнасынан асса, өзенге жақын аймақтағы жаңа жер учаскелерін су басу қаупі бар. Ал Жалал-Абад облысындағы нөсер жаңбырдың салдарынан болған сел мал қорымын ішінара қиратып өткен, ал онда сібір жарасынан өлген малдар көмілген.

Ал Қытайдың Гуандун провинциясында толассыз жауған жауын салдарынан 11 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. «Xinhua» агенттігі хабарлағандай жоғалғандардың алтауы Шаогуань қаласының Цзянван, бесеуі Цинюань қаласындағы Далун ауылының тұрғындары. Қазір аймақта іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Нөсер жауын Гуандун провин­ция­сының Шаогуань, Гуанчжоу, Хэюань, Чжаочин, Цинюань, Мэйчжоу және Хуйчжоу аудандарына да зардабын тигізген. Ондаған үйді су басып, жол қатынасы тоқтаған. Барлығы 53 741 адам эвакуацияланды, 12 256 адам шұғыл түрде қауіпсіз аймақтарға орналастырылды.

Мамандардың айтуынша, биыл Гуандун провинциясының ірі өзенде­рін­дегі су көлемі 50 жылда бір рет болатын ең жоғары деңгейге жетіп отыр. Ірі өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты Қытай үкіметі бірден 127 миллионнан астам адамды қамтитын төтенше жағдай жоспарларын әзірледі. Бүгінгі мәлімет бойынша, сел салдарынан елуге жуық үй құлап, елу үй қатты зардап шеккен. Билік экономикалық шығынды 140,6 миллион юаньға (шамамен 19,8 миллион доллар) бағалады.

Сондай-ақ өткен аптада Біріккен Араб Әмірліктерінде кейінгі 75 жылда болмаған нөсер жауын-шашын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен Дубайға бет алған әуе рейстері кейінге шегеріліп, кейін тіпті тоқтатылды. Өйткені әуежай мен Дубайдағы «Dubai Mall» ең ірі сау­да орталығы су астында қалды. Бұған қоса «Khaleej Times» басылымы жа­рия­лағандай, ауа райына байланысты қаладағы метро қатынасы үзіліп, Абу-Даби мен Дубай­дағы көп ғима­рат пен аудан электр жарығы мен сусыз оты­ру­ға мәж­бүр болған. Бір тәулікте Дубай­да 254 мил­лиметр жаң­быр жауған. Салдарынан 12 жолағы бар Шейх Зайд даңғылы то­лы­ғымен су астында қал­ған. Мем­­лекет­тік қыз­меткерлер қа­шықтан жұмыс іс­теуге көшіп, мектеп оқушыларының оқу мерзімі ұзартылған.

Осылайша, құм арасында қалып­тасқан мемлекет бірнеше күнде су астында қалды. Оман халқы да су тасқыннан қатты зардап шекті. Бұл елде 20 адам қайтыс болған. Мыңнан астам тұрғын уақытша паналайтын орынға көшірілген. Мемлекеттік мекемелер мен мектептер жабық. Сауд Арабиясы мен Бахрейнде де жаңбыр толастамай тұр.

Иранның оңтүстік-шығыс аймағын да су басты. Баспанасынан айырылған мыңдаған халық босып кетті. Тұрғындар арқан мен қайық арқылы судан қорғанып жатыр. Жолдарды су шайып кеткен, жақын аймақтардағы халық ауызсуға зар болып отыр.

Аден шығанағының жағасында орналасқан Йемен­нің Мукалла қаласын су басып, қала лайланып кеткен. 200 мыңға жуық халқы бар аймақтың жағ­дайы аса күр­делі. Метео­ро­логтер болса жаң­­быр жуық арада тоқ­тамайтынын, есе­сіне тасқын кү­шейе­­тінін айтып отыр.

Көктемгі су тас­қыны Ресей Федера­ция­сының 36 аймағында да болды. Табиғат апатынан Орынбор, Қорған және Түмен (әлемдегі ең ірі көмірсутегі бассейні) облыстары қатты зардап шекті. Сәуірдің басында Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінен тасыған су Орск қаласындағы бөгетті жарып өтіп, Орынбор қаласын су басты. Облыста төтенше жағдай режімі енгізілді. Қазақстан мен Ресей шекарасына жақын орналасқан Краснохолм және Ақбұлақ елді мекендері де су тасқынының зардабын қатты тартты. Мамандар елді мекендерді су басу негізінен Жайық өзенінің тасуымен байланысты екенін айтты. Сонымен қатар жергілікті билік Жайық өзенінің ағынын реттейтін Ерікті (Ирикли) су қоймасында су деңгейі секунд сайын көтерілгенін мәлімдеді.

Алтай өлкесінің Қазақстанмен шекаралас Новоандреевка, Новопесчаное, Орлеан, Михайловское елді мекендерін су тасқынынан қатты зардап шекті. Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко Telegram парақшасында өңір­дегі жағдаймен бөлісіп отырды. Мәс­кеу облысының, Башқұртстанның және Новосібір, Пенза, Брянск, Калуга, Ленинград секілді қалалардың біраз бөлігі де суға кетті. Мәскеу маңындағы Химкиде «Маленькая Шотландия» коттедждер мекені су астында қалды. Ресейде шамамен 30 мыңдай адам су тасқынынан эвакуацияланды.

Су тасқынымен қатар цунами, дауыл­дар да елдердің есін шығарды. Жыл басында Жапония қатты жер сіл­кі­нісі мен цунамиден зардап шекті. Жапонияның метеорологиялық агенттігі хабарлағандай, биіктігі 5 метрге жететін цунами Исикава префектурасындағы Нотоға дейін жетіп, 1 метрден асатын толқын Вадзима қаласының жаға­лауына соққан. Қуатты дауыл қаупі Иси­кавамен қатар Ниигата және Тояма префектураларының батыс жағалауы аудандарында да болды. Сонымен қатар Исикава префектурасында 7,6 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жапония премьер-министрі Фумио Кисида, әсіресе батыс жағалау аймағы зардап шеккенін хабарлады. Үлкен жер сілкінісінен 30 адам қаза тапқан.

Ал АҚШ-та сәуір айының басында басталған дүлей дауыл мен нөсер жауын әлі басылған жоқ. Техас штатындағы Кирбивилл қаласында төтенше жағдай жарияланды, қала суға батты. Бұған қоса Техастың бірнеше ауданында қатты жел соқты, метереологтер дауылдың жылдамдығы сағатына 140 шақырым деп хабарлап, ескерту жасады. Дауыл бірқатар ғимаратты бұзып, ағаштарды құлатқан.

Ғалымдар жылдамдығы қатты дауылдар температурасы төмен, жылы сулардан болатынын айтады. Колорадо уни­верситетінің ғылымы Алекс Дерозьенің мәлімдеуінше, бүгінде Атлант мұхи­тының бетіндегі су жылып кеткен. Ал «дүлей дауылдар жылы судан күш алады», дейді ғалым. Өткен жылы да мұхит суы жылы болыпты, бірақ желді атмосфера дауылдың бетін қайтарып отырған. БАҚ-қа берген сұхбатында ғалым: «Биыл мұхит беті жылы әрі тынық. Сол себепті торнадо күш көрсетіп отыр», дейді.

БҰҰ мұндай табиғат апаттары енді толастамайтынын айтып, мемлекеттерді сақ болуға шақырады. Ұйымның болжамынша, 2030 жылға қарай әлемдегі табиғи апаттар 40 пайызға көбейеді. Ғалымдардың айтуынша, аптап ыстық, су тасқыны, құрғақшылық, дауылдардың жиілеп кетуі – қазба отындардың салдары. Олар парник газды ұлғайтып, жер шарын қыздырып жатыр.