Алматыдағы оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушыларының, қалалық әкімдік, күштік құрылымдар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Іс-шарада алғашқы әскери және технологиялық дайындықты ұйымдастырушы оқытушылардың кәсіби құзыретін дамыту мәселелері, сондай-ақ оқу үдерісінде «Геотактика» бағдарламалық өнімін пайдалану перспективалары талқыланды.
Отырыста Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, запастағы полковник Ерлан Закиев және басқа да сарапшылар баяндама жасады.
Іс-шараға қатысушылар үшін қару-жарақ пен киім-кешек көрмесі ұйымдастырылды. Қарулы күштердің тарихы және Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы деректі фильмдер көрсетілді.
Ғылыми-әдістемелік конференция білім беру жүйесін дамытуға және оқытушылардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. Бүгінгі таңда әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды әскери қызметке даярлау сапасы және оқу орындарындағы әскери-патриоттық жұмыстың мазмұны соларға тікелей байланысты.
АЛМАТЫ