Қолдағы басы артық ақшаны айналымға салар қаржы құралдары көз алдымызда әртараптандырылып жатыр: банк салымы, акция, облигация, фьючерстер. Солардың арасында алтынның маңызы ерекше. Оның құнын жоғалтқан кезі аз. Осы аптада сынамалы алтынның 1 троя унциясы 3000 долларға дейін көтеріледі деген пікір батылырақ айтылып кетті. Қазіргі баға – 2 391 доллар.
Алтын бағасы артып келеді
Сарапшылардың пікірінше, бағаның құбылуына геосаяси жағдайлар, доллардың әлсіреуі себеп. Тек 2024 жылдың басынан бері елімізде 1 грамм алтынның бағасы 3 415 теңгеге қымбаттады. Аналитикалық агенттіктер алтын неге биыл 11 пайызға дерлік өсті деген сұраққа әлі нақты жауап берген жоқ. Алтын бағасының көтерілу себебін сарапшылар әртүрлі болжаммен түсіндіріп жатыр.
«Coin Price Forecast» сарапшыларының пікірінше, алтынның бағасы биыл жыл ортасына қарай бір унция үшін 2 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар оң динамика 2025 жылы да жалғасады. Сарапшылар 2025 жылдың соңына қарай алтын бағасы 2 700 доллар болады деп болжайды.
Қаржы талдаушысы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, алтын сатып алу инфляциядан қорғауға және жинақтарды әртараптандыруға мүмкіндік бергенімен, ұзақмерзімді инвестициялауға және алыпсатарлыққа жарамайды. Оның пікірінше, сатып алу және сату бағалары арасындағы айырмашылық оның инвестициялық кірістілігіне кері әсер етеді. Сарапшы ең тартымды жолы алтын өндіруші компаниялардың акциясын сатып алу. Қазіргі жағдайда оны қор биржаларынан теңгеге сатып алу тиімді деген ой айтады.
«Алтынға салынған облигациялар оның табыстылығына мүмкіндік беретін сенімді құрал. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) соңғы есебіне сәйкес, орталық банктер ақпан айында алтынға инвестицияны арттырды. Ақпан айында таза алтынды сатып алу шамамен 19 тоннаға жетті. WGC деректері бойынша, жаһандық реттеушілердің алтынға деген сұранысы биыл сары металдың нарықтағы тапшылығының негізгі себептерінің біріне айналды. Сыртқы геосаяси контурдағы жағдайдың құбылмалы болуы баға саясатындағы өзгерістердің жолын жауып тұр. Техникалық өзгерістер әлі де аз. Алтын қымбаттады деп дүкендердегі алтын әшекейлерді немесе орталық банктердегі алтын құймаларды сатып алуға болмайды. Себебі олар алтын қорын жылдап жинайды. Клиенттерінен айырылып қалмау үшін бағаны бірер айға дейін ұстап тұруға мүмкіндік бар. Алтын – тәуекелі жоғары актив. Мұндай жағдайда біреулер пайдаға кенеледі, біреулер қалтасын қағып қалады. Өткен аптада Израильде биржа индексі құлдырады, содан кейін мұнай мен алтын бағасы төмендеді. Бірақ бірер күн өтпей ақ баға қалпына келді», дейді сарапшы.
Инвесторлардың ықыласы ерекше
Сарапшының баяндауынша, Ұлттық банктің алтын саудасына байланысты саясаты жүйеленді. 2019 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы активтің бір бөлігін алтынға алмастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері» бөліміне өзгерістер енгізді. Қазіргі ұстаным алтын-валюта активтерінде алтынның үлесін кезең-кезеңімен көтеруге басымдық беріп отыр.
Алтын ұзақмерзімді стратегиялық актив болғандықтан, доллар-теңге дәлізін шу шығып кетпейтіндей деңгейде ұстап тұруға шамасы жоқ, бірақ тұрақтылыққа жанама түрде болса да ықпал етіп отыр. Қазір бас банк алтынды ұзақмерзімді қамтитын стратегиялық актив ретінде қарастырады.
Кейбір сарапшылар алтын бағасының көтерілуіне қымбат металды белсенді түрде сатып алып жатқан ҚХР саясаты әсер етті деп болжайды. РБК мәліметінше, 2023 жылы Қытай Халық банкі әлемдегі ең ірі алтын сатып алушы болды. 2023 жылдың тоғыз айында ғана ол 181 тонна алтын сатып алған. Бұл Қытайдың коронавирус дағдарысынан шығуын жалғастыруымен және алтынның ол үшін қуатты қаржылық және геосаяси құралға айналуымен байланысты.
Е.Ибрагимнің айтуынша, алтынның қазіргі бағасы, тарихи тұрғыдан алғанда кездейсоқтық емес. Саяси-экономикалық дағдарыстар қос өкпеден қысып тұрған белгісіздік жағдайында, инвесторлар алтынға тұрақтандырушы актив ретінде қарайды. Алтынның бағасы қаншалықты жоғарылауы мүмкін екенін түсіну үшін оның бағасының не себепті қымбаттап кетуін білу маңызды. Сарапшының айтуынша, алтынның қазіргі деңгейден арзандап кетуіне инвесторлар жол бермейді.
Әрине, бұл үрдістің қаншалықты ұзаққа созылатынын сенімді түрде айту қиын, бағаның қысқамерзімді ауытқуы ағымдағы макроэкономикалық көрсеткіштерге, ірі экономикалардың ақша-несие саясатына және жаһандық саяси ахуалға байланысты.
Нарықтың қазіргі беталысы, орталық банктердің алтын сатып алуға деген тәбеті алтын бағасына әсер етіп отыр. Бірақ баға саясатындағы басты рөл әлемдік экономиканың құбылмалылығы, инвестициялық стратегиялардағы өзгерістер және жетекші орталық банктердің пайыздық мөлшерлемелері динамикасының уысында тұр. Қазіргі жағдайда алтын бағасына болжам жасау коммерциялық авантюрамен бірдей. Украинадағы, Таяу Шығыстағы жағдай болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Егер алтынның троялық унциядағы доллар бағасының кестесіне қарасақ, негізгі үрдісті түсіну қиын, бұл диаграмма белгілі бір әлемдік оқиғаларға нарықтың реакциясын көрсетеді. Ал теңгедегі немесе рубльдегі алтын бағасының кестесіндегі құбылыстар мүлдем басқаша.
«Бағаның алдағы уақыттағы деңгейі экономиканы қалпына келтіру мүмкіндігімен, мемлекеттік облигациялар кірістілігінің өсуімен шектелуі мүмкін. Мұндай жағдайда алтынның инвестициялық тартымдылығы төмендегенімен, баға төменгі шекке дейін құлдырап кетпейді, Алтынның қуатының қандай екенін біліп отырған инвесторлар оған жол бермейді» дейді Е. Ибрагим.
Активті алтынмен сақтау тиімді ме?
Қазір қаржы сарапшылары активтердің кемі 12-15 пайызын алтынмен сақтауға кеңес беріп жатыр. Алтын инфляцияға қарсы ақылды хеджирлеу бола алады, өйткені инфляция доллардың сатып алу қабілетіне зиян келтірген кезде ол өз құнын сақтауға бейім. Бірақ ол сонымен қатар портфеліңізді әртараптандыруға көмектесіп, басқа активтер нашар жұмыс істеген кезде буферді ұсына алады.
АҚШ доллары орталық банк резервтерінің 58%-ын құрайды. 2014 жылы бұл көрстекіш – 69%, 2000 жылы 75% пайыз болатын. 2000 жылдың басынан бері доллардың үлесі 23%-ға қысқарған. Соңғы 90 жылда алтынның құны ең алдымен Батыс пен Шығыс нарықтары арасындағы мәмілелердің көлеміне байланысты болды. Батыс елдері сұраныс пен ұсынысты анықтаса, Шығыс елдері мәміленің контрагенттері ретінде әрекет етті. Бағаға тарихи түрде әсер еткен екінші фактор – алтын бағасы мен АҚШ мемлекеттік облигацияларының нақты кірістілігі арасындағы қатынас. Нақты кірістілік төмендеген кезде облигациялар тартымдылығын жоғалтты, ал инвесторлар алтынға көшті. Тренд өзгеріп, нақты кірістілік көтеріле бастағаннан кейін инвесторлар облигацияларға оралды.
Алайда 2022 жылдың соңынан бері екі үлгі де сәтсіз аяқталды. АҚШ-тың онжылдық облигацияларының кірістілігі 4,33%-ға дейін көтеріліп, 2022 жылғы ең жоғары деңгейден асып, 15 жылдық рекордты басып озды. Күтулерге қарамастан, бұл алтынның бағасын төмендетпеді, оның орнына 2022 жылдың қарашасынан 2023 жылдың тамызына дейін 16%-ға, бір унция үшін 1 643 доллардан 1 954 долларға дейін көтерілді. 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бастап Ұлыбритания мен Швейцария алтынды Netto-экспорттаушылар, яғни сатушылар болды. Тарихи парадигма бойынша бұл да алтын бағасының төмендеуіне себеп болуы керек еді. Алайда көріп отырғанымыздай, бұл орындалмай жатыр. Осылайша, қымбат металдардың бағасына нарықтық емес факторлардың айтарлықтай әсері жоқ екенін байқап отырмыз.
«Jusan Invest» аналитикалық зерттеулер департаментінің директоры Жұмабек Теміржановтың айтуынша, орталық банктер соңғы жылдары жаппай алтын сатып алып жатыр. Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректерінде 2022 жылы алтынды сатып алу ең жоғарғы шегіне жеткені айтылады. Өткен жылдың бірінші жартысында Қытай, Сингапур және Польшаның орталық банктері 103, 73 және 48 тонна көлемінде алтын сатып алған.
«Әлемдегі геосаяси жағдай күрделі күйінен өзгерген жоқ. Мұндай жағдайда инвесторлар алтынды бизнесі мен капиталының қорғаныш иммунитеті ретінде қарайды. Бірақ бұған қарап жағдай тұрақталғанша баға осы деңгейде қалады деп сеніп қалуға да болмайды», деген пайым айтады сарапшы.