Бүгінгі шығармашылық ортада әлдекімнің шекпенінен шыққанын мақтанышпен айтатын афоризмге айналған әйгілі сөздің авторлығы төңірегінде талас көп болғанымен, шынтуайтына келгенде, «бәріміз де Гогольдің «Шекпенінен» шықтық» деген қанатты сөздің әдебиеттің формуласына айналып кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл деген сөз «бүкіл орыс әдеби әлемі өз ұлтының шындығын бүркемесіз көрсеткен Николай Гогольдің идеясы мен ұстанымы алдында өзімізді қарыздар сезінеміз» дегенінен туса керек. Жазылғанына екі ғасырға жуықтаған ұлы классиктің атақты «Шекпені» содан бері ескірмеді, өзектілігін жоймады, керісінше, уақыт оның мазмұнын байыта түсті. Өзінен кейін әдебиет пен театр өнерін төңіректеп келген әлденеше буынға азық болды, ұстаздың міндетін атқарды, тәрбиеледі. Әдебиеттегі кішкентай адамдар тағдырының нақ осы Гогольдің Акакийінен бастау алатыны да сондықтан.
Жасы жүзден әлдеқашан асып кеткен Гогольдің кейіпкерін бүгінгі уақыттың қаһарманы жасауға кез келген режиссердің жүрегі дауаламасы анық. Акакийді атом заманындағы адамдардың құрдас-құрбысы жасауға бүгінгі күн режиссерінің қарымы жете ме? Күні кеше Алматы мемлекеттік Қуыршақ театрының сахнасынан жарқ еткен «Шекпеннің» премьерасына бара жатып осы ойдың құрсауынан шыға алмадық. «Шекпенді» сахналауға ХХІ ғасырдың театр әлемінде есімі аса танымал талантты режиссерлердің бірі Николаз Сабашвили Грузиядан арнайы шақырылған екен. Барған бетте бізге мәлім болғаны, әлемнің ең танымал театрларына аттай қалап, спектакль сахналауға шақырылатын Н.Сабашвили – рухани қарымы мықты, сұраныста жүретін санаулы режиссердің бірі әрі Грузиядағы қуыршақ театрлары бірлестігінің жетекшісі де.
Гогольдің «Шекпен» повесіндегі қарапайым шенеунік Акакий Башмачкинді кім білмейді? Жалғызбасты, кедей адам. Өмір сүруге икемі жоқ. Айналасындағы адамдардың аярлығы мен қатыгездігі оны жаншып тастаған. Бүкіл өмірінің мәні жұмыс деп ойлап, мойнына қамыт байлап алып, маңайындағы мерездердің күлкісі мен мазағына ұшырап, сүйретіліп тіршілік кешіп жүрген біреу. Үстіндегі жібі сетінеп, сөгілгелі тұрған ескі шекпен – әлеуметтік мәртебесінің айғағы. Осының бәріне ол ызалы, өкпелі. Бірақ оны көрсете алатын жүрек, қайрат қылатын рух жоқ. Өмір Акакийдің сыртында емес, ішінде қайнап жатыр...
Тігінші жаңа шекпен тігіп берген күнгі Акакийдің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. «Шекпен» мистикалық сарын араласып, қосалқы әлемнің құбылысы қатар жүргендей әсер береді. Өзімен өзі жазуын жазып, тыныш, ісіне мұқият өмір сүріп жүрген Акакийді айналасы еркіне қоймай, шеңберінен шығуға мәжбрлейді. Акакийді маңайындағылар мазақ еткен сайын ызақорлығы арта түседі, психикалық ауытқуы бар, жүйке жүйесі бұзылған адамның алақ-жұлақ кейіпіне енгізеді. Тіпті жағасы жанаттың терісінен тігілген қымбат шекпенге қолы жетсе де, Акакийдің ішкі арпалысы бәсеңдемейді. Себебі төңірегіндегілер кемсітіп, төмендеткенін қоймайды. Сыртын өзгерткенімен, ішкі жан дүниесі өзгермеген өкпелі адам өліра шақтағы қуанышты сезінуге дайын емес.
Спектакль салған жерден қызықты басталады. Бұл жолғы сахнада «ойнаған» қуыршақтар ерекше болды. Басы бөлек, денесі бөлек, қолы бөлек, аяғы бөлек, тіпті аяқ киімі де бөлек бір қуыршақтың қимыл-қозғалысына он адам қызмет етеді. Әдепкі классикалық үлгідегі бес саусаққа жіппен ілінген марионетка қуыршақтар емес, мұндағы кейіпкердің әр мүшесін әр адам ойнатқан соң режиссер көп ойды ишарамен, тұспалмен береді. Әр детальды сөйлетеді. Қолғап киген қуыршақ бейнелердің қимылы тілсіз сөйлейді. Сахнада анимациялық фильм жүріп жатқан секілді яки әртіс жасаған пантомимо сияқты әсер бергенімен, кейіпкердің көңіл күйі мен мимикасын ақ қолғаптар сенімді кейіптейді. Режиссер ізденісі тосын. Бұрын-соңды Қуыршақ театрының сахнасында болмаған жаңа стиль, түрлі символдарға толы, жаңа сценографиялық шешім, басты герой Шоқан Құлназаровтың ойын өрнегі де өзгеше, осының бәрі көрерменді еріксіз жетелеп, еліктіре түседі. Жаңа интерпретациядағы «Шекпеннің» көркем құндылығы көз алдыда осылайша биіктеді. Сахнада айрықша ахуал орнағанын жас көрермендер де кішкентай жүрегімен сезіп, жым-жырт қалыпта бақылағанымен білдірді.
«Байқасаңыз, актерлердің бәрі де қара киім киген. Тек Акакийдің үстінде ақ шаңқан көйлек, шалбарының қыры сынбаған, мұнтаздай таза. Жұмысын мінсіз атқарып, өзі жасап алған «зона комфортадан» шыққысы келмейді. Анығында, шығуға қорқады. Ол өзіне емес, өзгеге ұнауға тырысады. Соған қарастан жолы болмаған адам. Акакийдің бір ғана арманы бар – жаңа шекпен алу. Сол шекпенді алу үшін табысын тамақтан үнемдеп, ол аштыққа да көнеді, айналасындағылардың қиянатына да шыдайды. Осы шекпеннің жолында ол буллингке ұшырайды. Режиссер осы деталь арқылы мектепте буллингке ұшыраған балаларға, буллинг жасауға оқталып жүрген бұзық балаларға бұл әрекетінің дұрыс емес екенін жеткізеді. Спектакль соңында менен қолтаңба алып жатқан оқушылардың бірі: «аға, мен ешқашан ешкімге буллинг жасамаймын» деп уәдесін беріп кетті. Бұл – қойылым мұратының орындалғаны», дейді Акакийдің рөлін ойнаған Шоқан Құлназаров.
«Шекпен» – жаһандану дәуіріндегі жалғыздық туралы қойылым. Қазір көптің ішінде жүріп жалғыздықтан жарылып кете жаздайтын, топ адамның ішінде отырып торығатын адам көп. Бірақ сол кедергілер мен сәтсіздіктерге қарамастан қоғамнан орнын табуға тырмысып жүрген адамдардың жанкештілігі сүйсіндіреді. Н.Сабашвилидің айтуынша, Гоголь бұл шығармасында өзін қор сезінетін кембағал адамның сезімін және оның себебін қозғайды. Бұл саясаттан да, жеке қарым-қатынастан да жоғары тұрған терең мәселе. Бұл – жас ерекшелігі шектелмеген барлық жастағы көрерменге арналған қойылым. ХХІ ғасырда «қарым-қатынас дефициті» деген түсінік пайда болды, бұл қойылым, жақыны жатқа айналып, қоғамнан бойын аулақ салып, өз-өзінен оқшау тартып бара жатқан әлеуметтің қасіретін баяндайды, өзектілігі – осында.
Акакий адамның аяушылығын туғызатын персонаж, солай бола тұра, спектакль сарказмге тұнып тұр. Адамның аспан астынан орын иеленуі, қоғамды құрайтын сан тараптағы әлеуметтік топ ішінен тұлға болып қалыптасуы оңай емес. Алматы Қуыршақ театрының әртістері бір сағат уақыт аралығында осы қиындықтың жігін ашып, көрсетіп берді. Спектакльдің басты көрермені болған 5-7 сынып оқушылары «Шекпенді» бір деммен тамашалады. Сілтідей тынып отырып тыңдап, соңында көрермен қошеметіне бас иіп тұрған бас кейіпкерді «Акакий, сені жақсы көреміз!», «Акакий – мықты!» деп айғайлап шығарып салуы, демек режиссер идеясының әлеуметтік санасы оянып, ортаға енді бейімделіп келе жатқан жасөспірімнің жүрегін қаталдықтан жасқап, иіте алғаны.
АЛМАТЫ