Ақын, көсемсөзші, аудармашы, зерттеуші, рәмізтанушы марқұм Ербол Шаймерденұлының жетпіс жылдық белесінде елеулі еңбегін еске алуды парыз санаймыз.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел ағаларымен емен-жарқын аралас-құралас жүріп, елдің ертеңіне байланысты тағдыршешті мәселелерді бірігіп ақылдасып, оның жүзеге асуына бойындағы қайрат-жігерін аямай, ылғи алдыңғы қатардан көрінсе де, жиырмадан астам кітап шығарып, Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы, қазақ елінің тұңғыш рәмізтанушысы, қазақ афоризмінің толыққанды жинағының тұңғыш авторы атанса да, Ерболдың бірде-бір тұста кеуде керіп, көсемсіп сөйлегенін көрмеппіз. Ол туралы қалам тербегендерге көз салыңыздаршы: Ә.Нұрпейісов, Т.Әбдіков, К.Салықов, Ә.Кекілбаев, О.Әбдікәрімов, Қ.Сұлтанов, Ә.Тарази, Ф.Оңғарсынова, А.Сейдімбек, З.Қадырова, С.Ақтаев, Ө.Айтбайұлы... тізім әрі қарай жалғаса береді.
Ербол атақ-абырой іздеген жоқ, ал екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін атақ-дәреже оның өзін іздеп тапты. Осы тұста шегелеп айтуға сұранып тұрған бір жайт – оның өнегелі өмірбаяны тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағымен тұспа-тұс келді. Ел тәуелсіздігінің іргетасын қаласуға еңбек сіңірген замандастарымыздың аты-жөнін атау керек болса, аузымызға алдымен Ербол Шаймерденұлы түсер еді. Басқасын айтпай-ақ, алдымен «Қазақ елінің рәміздері», «Елтану әліппесі» еңбектеріне аз-кем тоқталайықшы. Ел рәміздерінің ұлттық болмысы анық, әрі түсінікті, әрі айшықты болуын Мемлекет басшысынан бастап, қарапайым халық та аңсары ауып, асыға күтті. Бұл біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған таңғажайып құбылыс еді. Рәміздерді әзірлеу оңай болмағандығы белгілі. Сол елдік рәміздерді әзірлейтін жұмыс тобының бел ортасында білек сыбанып, жалындай жарқылдап біздің досымыз Ербол жүрді. Жай жүрген жоқ, мұндайда айтыс-тартыстың, әркім өз ойын алға оздыру үшін ерекше белсенділік танытатындығы да бесенеден белгілі ғой. Сондықтан Ерболға алдымен ел тарихына, одан қалды дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің осы орайдағы озық іс-тәжірибелеріне, халықаралық Тутану (вексиология) және Елтаңбатану (геральдика) салаларына қатысты сан түрлі әдебиет пен жүздеген ғылыми-көпшілік еңбекпен жіті танысуына тура келді. Осы бір тарихи сәттердің шежірешісі бола білген Ербол сол тиянақты білімі, жан-жақты эрудициясы, өмірден жинақтаған тәлім-тәжірибесі арқасында жиналған топтың арасынан суырылып шығып, өз пайымы мен өз шешімін дәлелдей білді, жеріне жеткізе айта білді. Оны құр айтылған сөз күйінде қалдырған жоқ, ұлттық рәміздерді қабылдаудағы сан түрлі айтыс пен қиян-кескі пікірталасты журналистік шеберлікпен ақ қағазға өрнектей білді. Онысы кейін кітап болып басылды. Ербол Шаймерденұлының авторлығымен дүниеге келген «Қазақ елінің рәміздері» сан түрлі баспадан, сан түрлі тілде, сан түрлі безендірумен күні бүгінге дейін үзіліссіз басылып келеді. Ербол есімін ел жадында қалдыратын нақты дәлелдің бірі осы.
Бұл – мен ашқан жаңалық емес. Бұл эпизод та талай мәрте айтылған, талай мәрте жазылған. Өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысында Қазақстанда ғана емес, кешегі кеңес өкіметін дүр сілкіндірген 86-ның даңқты көтерілісінен кейін қазақ баласының ұлттық санасында рухани өрлеу кезеңі белең алды. Ұлттық намыс оянды, баяғыша өмір сүрудің келмеске кеткендігіне көздері жетті. Отбасы-ошақ қасында ғана қауқары қалған ана тіліміздің тағдыры үлкенді де, кішіні де толғандыра бастады. Бұл ұлттық өзекті мәселеге ғалымдар мен қаламгер-жазушылар ғана емес, қарапайым халықпен бірге мемлекет қызметкерлерінің арасында да тіл тағдырына жаны ауыратын қайраткерлер дүр ете көтеріліп, үн қосты. Қазақ елінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болмай, ұлт тағдыры оңалмайтындығына көптің көзі жетті. Халық қолдаған идеяны өкімет те, Парламент те қуаттап, нәтижесінде Тілдер туралы заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды.
Сол 1989 жылдың заң қабылданған қыркүйек айынан кейін іле-шала қазан айында республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қоғамның алғашқы тізгінін академик Ә.Қайдар ағамыз ұстады. Нағыз дүмпу сол кезде болып еді ғой шіркін! Өзімізді былай қойғанда, өзге ұлт өкілдері де қазақ тіліне деген құрметін бір-екі ауыз тіл сындырғанды місе тұтпай, қазақша кітаптарды да түпнұсқадан оқуға құлшыныс танытып еді-ау. Ал Ерболдың мемлекеттік тіл мәселесін қолдану мен дамытуға байланысты айтқан ойлары мен пікірлеріне тәнті болмасқа шараң қайсы. Ана тілімізді таққа отырғыздық, үлкен мәртебе әпердік деп тоқмейілсуге әлі ерте еді. Ербол дос тағы бір тұста тіл мәселесін шешетіндей лауазым иесі бола жүріп, бүкіл түркі дүниесіндегі ең өміршең, ең қуатты тілді елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде толық пайдалана алмай отырғандығымызды да ашына айта білген-ді.
Бір ғажабы, қай ортада болсын өзін барынша салмақты ұстайтын, өзгенің тұшымды пікірлеріне де құлақ қойып, ақырына дейін тыңдай білетін, тіл тағдыры күн тәртібіне қатаң қойылған сәтте алмас қылыштай суырылып алға шығатын Ербол достың «көкбеттігіне» сыртта отырып қайран қалушы едік. Ол көтерген өткір проблемалардың тақырыптары былайша жалғасушы еді: «Тілді қастерлеу – ізгілік пен мәдениеттіліктің белгісі», «Тіл реформасының тағдырын ащы-тұщы телегей-теңіз сөз емес, тегеурінді іс шешеді», «Қазақ тілі және қазақ диаспорасы», «Қоғамдағы тілдік ахуал және әлеуметтік реформа», «Кеңсе тілі қай тіл?», «Мемлекеттік тіл және компьютер», «Тағы да мемлекеттік тілде іс жүргізу проблемалары хақында», «Тілді қолдау – бірлікті қолдау, елдікті қолдау», «Мемлекеттік тіл – ел халқын топтастырудың аса маңызды факторы», «Қазақстан Республикасындағы қазіргі ономастикалық жұмыстың жай-күйі», т.б... Осы мақалаларды Е.Шаймерденұлы Тіл қомитетінің төрағасы болып тұрған уақыт бедерінде жазды. ЮНЕСКО-ның Мәдени мұраға арналған сессиясына қатысып, байыпты баяндама жасады. Екі тілге бірдей жүйрік-ті, тілге келгенде қамшы салдырмайтын.
«Жүректегі жазулар» жыр кітабында бүй дейді: «Жаным Отан, сырың – сан, өлшемің – мың, Сен – бір ғарыш, мен – сенің жер серігің. Сен деп соққан жүрегі, жаны – сенде, Перзентіңмін – бір түйір бөлшегіңмін!..» Ерекеңнің «Әз Астана», «Көңіл суреті», «Ақыл-ой антологиясы», «Даналық дидары», «Ақиқат айнасы», т.б. кітаптары – ұлттық руханиятқа қосылған мол қазына. «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай» секілді әндерге жазылған өлеңдері өнерсүйер қауымның жадында. Алғысөзін жазып, қазақ афоризмдерінің 25 ғасырға созылатын тарихын сана сүзгісінен өткізіп, жүйелеп, қыздың жасауына жарайтындай құнды кітапты дүниеге әкелген Ербол Шаймерденұлы өмірінің соңғы сәтінде «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген «Қазақ афоризмдерінің» алғашқы данасын қолына ұстап, көріп кетті... Тауып айтылған ұшқыр ойдың жерде қалған жері жоқ, керісінше со-нау ескі заманда да жалғыз ауыз сөзбен жаудың бетін қайтарған, сол бір ауыз сөздің арқасында бір дүйім елдің абыройын асырған от ауыз шешендердің тапқырлығы бүгінгі ұрпаққа аңыз күйінде жетіп отыр. Қалай дегенде де афоризм – ой тамыздығы, адамға ой салады, тынысын ашады, оның таным көкжиегін кеңейтеді. Адамзат өркениеті мен мәдениеттегі рухани сабақтастықты қамтамасыз ететін шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын, әлеуметтік-саяси, моральдық-этикалық және эстетикалық көзқарас, көркем кестеленген нақыл сөз кешегі күні уақыт жүгін қалай көтерсе, бүгінгі біздің өмірімізге де ауадай қажет. Басқа мамандықпен нан тауып жүрген бауырларымызда неміз бар, кейде мидың мың градустық «домнасында» бұрқ-сарқ қайнаған шашыранды ойлардың басын бір ноқтаға сыйғызып, оқушысын ойламаған жерден «солқ еткізетін» тапқыр шешімді оңайлықпен қолға түсіре алмаған соң, біздің де амалсыз қанатты сөздерге жүгінетіндігімізді несіне жасырайық. Қылдай қиянаты жоқ, сондайда афоризмдер «қиын өткелден» құтқарып жібереді.
Қазақ афоризмдерін бір жүйеге жинақтап, ғылыми айналымға түсіру жолында аянбай еңбек еткен Ербол Шаймерденұлы қанатты сөздер туралы мынадай тұжырым жасайды: «Бұл жүйеде, әдетте, образдан гөрі ойға көбірек салмақ салынады, суреттеуден гөрі салыстыруға, өрнектеуден гөрі ойласуға басымырақ көңіл бөлінеді». Нақыл сөздерді жинақтау әркімнің-ақ қолынан келер. Бірақ ол ел кәдесіне жарарлық ұсынылып отырған антологиядай белгілі дәрежеде хрестоматиялық рөл атқара ала ма? Міне, осы тұстан құрастырушының интеллектісі, терең білімі мен пайымы, әрбір қанатты сөзге деген өзінің көзқарасы, өмірлік тәжірибесі атойлап алдыңғы планға шыға келеді. Біз білетінде Ербол Шаймерденұлы мемлекеттік қызметке жегілген алтын уақытының әрбір сағатын барынша тиімді пайдаланып, қолдан келсе жеке қалып, жан дүниесі – ішкі әлемімен өзі сырласып, тірі жанға көлеңкесін түсірмей, тыныш жүргенді ұнататын үлкен жүректі азамат еді. Әттең-ай, «үлкен жүректі азамат еді ғой» дегенді өткен шақпен айтуға тура келгендігін қайтерсің!
Оның ақын жүрегі үнемі толғаныс пен тебіреніс үстінде, үнемі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Ол ана бір жылдары мемлекеттік қызметке бағышталған қайран уақытының қайта айналып соқпайтындығына өкінетін. Сол өкініші де өзімен бірге кетті. Түннің бір уағына дейін «шынжырлап» ұстайтын мемлекеттік қызмет тірлігі арасынан жылт етіп бір «саңылау» табыла қалса бітті, жалма-жан жазу үстеліне отыратын. Қазақ топырағында афоризм жанрында алғаш шығарма қалдырған бәрімізге белгілі есім, ол – Асан қайғы Сәбитұлы (ХV) ғасыр. Одан кейінгі ақындар мен жыраулар поэзиясында да афоризм түрлері барынша молынан кездеседі. Әсіресе би-шешендер сөздерінің табиғатында бұл жанр биік шыңға көтеріледі, жай ауызекі тілде айтылып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күні біздің рухани мұрамызға айналып отыр. Бұл – негізінен алғанда баршамыз болып қуанатын құбылыс. Афористика жанрында өлместей туындылар қалдырған жазба ақын-жазушылар арасынан, әрине, ұлы Абайдың тұлғасы асқақтап көрінеді. Абай – афоризмнің классикалық талаптарын терең меңгерген, сол үлгідегі ой жауһарларын жасап қалдырған ақыл-ой алыптарының деңгейіндегі ұлы ғұлама ойшыл. Шәкәрім афоризмдерінен де сондай тереңдік пен тектілік сезіледі.
ХХ ғасыр афоризм авторларының арасында С.Торайғыров, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлының орны ерекше. «Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек» деген қанатты сөз авторы З.Қабдолов, нақылмен ойлау машығы қалыптасқан М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов шығармаларынан алынған афоризмдер антология абыройын одан әрі айшықтай түседі.
«Қазақ афоризмдері» – ауыз толтырып айтарлықтай тұрлаулы еңбек. Ербол Шаймерденұлының түн ұйқысын төрт бөліп, көз майын тауысып, бойындағы бар қайрат-жігерін арнап, ұрпаққа аманаттап қалдырған соңғы еңбегі. Қанатты сөздерден түзелген бұл кітаптың уақыт өткен сайын құны қымбаттайды, қайта басылады, жаңарып, толығады. Осы рухани құндылықтың қайнар бастауында әр кез Ербол Шаймерденұлының есімі құрметпен аталатындығына біз куә. Бір құптарлығы, «Egemen Qazaqstan» соңғы уақыт бедерінде ара-тұра сол афоризмдерден үзінділер жариялап жүр. Жарасымды-ақ.
Ербол барда біздің ортамыз ән-күй мен өлең-жырға толы еді. Бір кешті Ерекеңнің өзі-ақ ауырсынбай атқарып шығатын. Біз дегеніміз: Ержұман-Жақан, Ербол-Күләш, Құдайберген-Дәмежан, Әділ-Зәуреш, Қожахмет-Әсия, Сүлеймен-Азат, Құдиярбек-Рәзия, Қуаныш-Әтіркүл-ді. Арамыздың сирей бастағаны өкінішті-ақ. Ерболдың артында қалған мол рухани дүние толығынан жарық көрді деп айта алмаймыз. Оның А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Яперс, М.Хайдеггерден аударған дүниелері мұрты бұзылмастан үнсіз жатыр. Жарияланбаған жырлар ше?..
Ақын, рәмізтанушының алтытомдық еңбегі жарық көрді. Оны бар ықылас-ниетімен беріліп, жүйелеп, әрбір өлеңді, әрбір мақаланы өзінікінен бетер қадағалап оқып, ешкімге міндет артпай баспаға тапсырған жарықтық Ержұман Смайыл досымыз-тұғын. Ол үшін иненің жасуындай қиналған жоқ, бәлкім достық парыздың өтеуі деген де осы болар. Ерболдың сүйікті жары Күләшқа, балалары – Ләззәт, Гүлшат, Бақытқа, немересі Әлиханға арнаған арнау өлеңдері де бір төбе. Реті келгенде айтпағымыз, елге сіңірген еңбек ақталуға тиіс, жұртшылықтың есінде жүруге тиіс. Астанаға алғаш қоныс аударушылардың бірі Ерболға қаладан бір көше аты берілсе, тұрған үйінің қабырғасына ескеркіш-тақта орнатылса, Қызылжардан мектеп, көше аты Ербол есімімен аталса, қандай керемет болар еді!
«Суреткер әлемі»... Мына құбылысқа таңғалмай көріңіз, Әбіш ағамыз айтпақшы, «басқасын білмеймін, ал әдебиеттің мәселесіне келгенде «алдына келгенді тістеп, артына келгенді тебетін» аса кірпияз, аса талғампаз классик жазушы Әбең, Әбдіжәмил Нұрпейісов ана жылы «Қан мен терді» «дәстүрлі» сүзгіден тағы бір өткізіп, әлем таныған романның кейбір тұстарын қырнап-сүрнеген соң, «соңғы сөзді» жазу машақатын жанында жүрген атақты сөз зергерлерінің бірін де көзге ілмей, көпшілікке әлі толық таныла қоймаған жас талант осы Ербол досымыздың мойнына жүктеген-ді. Неге? Бәсе неге, Ерболдың төске ұрғыламаса да, ішінде дауылды күнгі теңіздей қайнап жататын эрудициясы, арғы-бергі әдебиет әлемінен мол хабары барлығы, шығарма геройларын талдаудағы шеберлігі Әбеңнің де діттеген деңгейінен шықты білем. «Қан мен тердің» екі том болып жарияланған жаңа басылымы Ерболдың «соңғы сөзімен» одан әрі сұлуланып, одан әрі әрлене түсті. Әбең мен Ерболдың арасындағы жас айырмашылығы отыз жыл. Биыл Нұрпейісовке – 100, Ерболға – 70 жыл. Марқұм Ерболдың қырық күндігінде қаңтардың қақаған аязында жасы тоқсаннан асқан классиктің Алматыдан арнайы келіп, ниетін білдіргені көпшіліктің әлі есінде.
Манадан бері айтылған ойдың тобықтай түйініне тоқталайық. Жә, Ерболдың сұңғыла аудармашылығын, төгіліп түскен жыр-шумақтарын, тілге қатысты толағай толғамдарын айтпағанның өзінде, «Қазақ елінің рәміздері» мен «Қазақ афоризмдері» неге тұрады десеңізші! Төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы елшіліктер төрінде «Қазақ елінің рәміздері» жарқырап тұр, елтану бағдарламасы негізінде оқулықтарға енгізілгендіктен мыңдаған жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары аталған кітапты күн сайын парақтайды. Ал қолына қалам алып, ақ қағазбен дидарласқан әрбір қазақ ойын «ондыққа» дәл тигізу үшін тұздық үшін аталы сөз, қазақ сөзінің қаймағы – «Қазақ афоризмдерін» күн сайын ашып оқиды. Міне, қалың елінің бүгінгі һәм ертеңгі қажетіне жарайтын, жыл сайын басылатын, күн сайын оқылатын қос кітаптың авторы – Ербол Шаймерденұлының есімі ешқашан ұмытылмайды. Өлмейді!..
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері