• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 04 Мамыр, 2024

Түркі әлемінің мақтанышы: Мақтымқұлы мен Абай поэзиясындағы үндестік

447 рет
көрсетілді

Түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетінің өзегі бір, тамы­ры терең. Тереңіне бойлаған сайын толассыз жауһарға тап бола бересіз. Бұлай болуы да заңдылық. Түркі халықтарындағы үндес­тіктің бір көрінісі қазақ пен түрікмен әдебиетінде жатыр.

Қазақ пен түрікменнің әдебиеті және мәдениетінде ортақ белгілер жетерлік. Фольклоры мен ауыз әдебиетінен басталатын байланыс әлі күнге дейін үзілген жоқ. Жазба әдебиетіндегі үндестіктің өзі толассыз. Әзербайжан десе – Низами, қазақ десе – Абай, өзбек десе, Науаи еске түседі. Ал түрікмен десе – Мақтымқұлы ойға бірден оралады. Қаламгер-ғалым Бауыржан Омарұлы «Поэзия пырағы» атты мақаласында: «Мақтымқұлы – түрікменнің төлқұжаты, тілдесетін тілі, сөйлесетін сөзі», деп поэзия пырағының рухани әлеуетіне, шалқар шабытты шеберлігіне ерекше баға берді.

Мақтымқұлы – XVIII ғасырда ғұмыр кешкен түбі бір түркінің асыл азаматы, түрікмен халқының төл перзенті. Түрікменнен шыққан Кемине де Мақтым­құлының ақындығы мен тұлғалық қасие­тіне бас иеді. «Мақтымқұлы ақын­дық аймақтың астығын түгел орып кетті, біз содан қалған бірді-екілі масақты терушілер ғанамыз», деген пікірінен-ақ Мақтымқұлының түрікмен халқы үшін теңдесі жоқ тұлға болғанын көре аламыз.

Поэзия пырағының тақырыбы сан қилы. Туындыларында елдік пен ерлікті де шығыс үлгісіне сала отырып жеткізеді. Көне аңыздарды да тақырыбына арқау етеді. Шексіз сүйіспеншілікті де поэ­зия тілімен суреттейді. Құдайды тану жолындағы ақиқаты да, Жаратқанға махаббаты да өлеңмен өрілген. Міне, аталған мақаламызда қазақтың темір­­қазығы, данышпаны, жол бастар көш­бас­шысы – Абай шығармашылығы мен Мақтымқұлының поэзиясындағы үндестікті анықтайтын боламыз.

Мақтымқұлы – поэзия пырағына айналса, Абай – өлең патшасына айналды. Мақтымқұлы мен Абай өз халқының жаңа тұрпаттағы жазба әдебиетін қалып­тастырған сөз зергерлері. Туған халқының әдеби тілінің орнығып, дамуы­на күш салған бір адам болса, осы екі тұлғаны ерекше құрметпен айта аламыз.

Түрікменнің ұлы классигі Мақтым­құлының жауһар поэзиясы қазақ халқына ақын Ғ.Ормановтың аударуымен жетті. Мақтымқұлының қазақ оқырмандарына тағы да етене жақын болуы жолында Д.Қанатбаев, С.Елубаев, Ғ.Айдаров, С.Сейітов, С.Нұржан сынды тұлғалар өлшеусіз еңбек етті. Біз Мақтымқұлы мен Абай шығармашылығын салыстыруда да осы аталған зерттеуші, әдебиетші, ақындардың еңбегін басшылыққа аламыз.

Мақтымқұлы мен Абай шығар­ма­шылығының үндестігінің мәні тереңде. Шығыс шайырларының өлеңіндегі үлгілер де қос тұлға туындыларының ішкі мазмұндық ұқсастығын үстемеле­тіп тұр. Қос поэзия алыптарының шығар­ма­шылығындағы достық пен махаббат, ғылым мен білім, талап пен еңбек және жүрек мәселесіне қатысты айтылған ойларын біз де өз мақаламызда қарастыруды жөн көрдік.

Мақтымқұлы:

«Дос келетін болса достың жанына,

Тебіренеді топырағы, тасы да.

Жұрт жиналып бір дастарқан басына,

Бағы жанып, тасар жұрты түркі­мен­нің»,  деп тебіренеді. Бұл жердегі негізгі ой – халықты бірлік пен татулыққа шақырып тұр. Жұрт тұтастай жиналып, елдің бірлігі мен достығы үшін қызмет атқаратын болса, барлық жақсылық атаулыға жетуге болатындығын түйеді. Сонда ғана елдің бағы жанып, тасы өрге домалайтындығына да кепілдік береді. Осы мазмұндас өлең жолдары Абайда да кездеседі. «Сегізаяқ» өлеңіндегі «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген қанатты сөзге айналған тұжырымының өзі жоғарыда біз айтқан поэзия пырағының өлеңімен үндеседі.

Заманында әлді болып, әділетсіздік танытқан мансапқор залымдарды Мақ­тым­құлы: «Залымдардың жұртқа сырты­ қабарып, Қамшысынан қаны тама бас­тады», деп шенейді. Арлы ақынның кіршіксіз әлемі әділетсіздікке төзе алмасы анық. Сондықтан да поэзия тілімен өзі өмір сүріп жатқан кезеңдегі әлеуметтік мәселелерді адуынды сөзімен сынады. Абай өз заманындағы елдіктен мақрұм таяз ойлы болыстардың имансыз әрекетін өлең арқылы жіпке тізеді. Олардың халық­қа жасап отырған тұрпайы әрекеттерін тіл­ге тиек етті. «Мәз болады болысың» атты өлеңде:

«Күнде жақсы бола ма,

Бір қылығы жаққанға?

Оқалы тон тола ма,

Ар-ұятын сатқанға?!

Қуанарлық қыз емес,

Жылтырауық таққанға.

Өзгелерді, біз емес,

Түсірмекші қақпанға», деп күйінетіні де содан болатын.

Білім мен ғылым тақырыбы да айтулы ақындар поэзиясының өзегінен тыс қалмады. Олар мынау толассыз өткінші өмірдің мәні мен мазмұнын тану үшін де, адам болып қалыптасу жолында да ғылым мен білімнің, кәсіп пен еңбектің маңызды орынға ие екендігін жүрекпен сезінді.

Мақтымқұлы: «Еңбегіңе адал бол, Ғылым табар шақ керек», «Еңбек етсең, арта бермек мәртебең, Аймағыңда асатын жан жоқ сенен», деп еңбек пен ғылымның адам баласы үшін қаншалықты қадірлі екенін айтады. Адам баласы өзінің адал еңбегі мен оқыған, жиған біліміне сенгенде ғана жетістікке жете алатыны аян. Міне, Мақтымқұлы ғылым табу кезек күттіре бермейтін мәселе екенін байыптайды. Адамның бойына құндылық пен ізгілік атаулының барлығы ғылым мен білімнің арқасында ғана құйылатынын зерделі ұрпақ санасына сіңіреді.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнан­бай­ұлының басты тақырып­тарының бірі де ғылым табу жолы мен сол ілім-білімге қазақ баласын жеткізу, жүрегіне ізгілік пен ғылымның нұрын ұялату болды. Абай туындыларының басым көпшілігі осы тақырыпты кеңінен қамтиды. Әр қазақтың баласы жатқа білетін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне зер салып көрелік. Өлең жолының басы «ғылым» сөзінен бастау алады: «Ғылымға жетпей, жүрегіңмен түсінбей мақтанға салынба» деп талап қылады. Иә, қоғамдағы орныңды білмей, сезінбей баптануға да болмайды. Болдым, толдым деуге орын жоқ. Ғылымды түсініп, зерделеу үшін ақ адал еңбек керек. Еңбек етпей жетістік жоқ. Ол үшін Абай айтқан еріншектіктен қашық болып, талап пен еңбекке қарай қадам бастауға тиіссің. Ғылымға еңбек жалғанғанда ғана өз дегеніңе жетесің. Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деп түйінді сөзбен еңбектің қандай қасиетті құндылық екенін жеткізеді. Мақтымқұлы да «Аңламас» өлеңінде адамзат үшін қашанда маңызды болып қала беретін өзекті мәселелерді түйдек сөзбен өрнектейді. Ғ.Орманов аудармасындағы «Аңламас» өлеңінің соңғы шумағы:

«Мақтымқұлы бек алдында сөз бастар,

Ақыл, қайрат қаруы бар ел бастар.

Ерден туған елін көрсе, жол бастар,

Ездің ұлы теңі-тұсын аңламас», деп түйінделеді. Бек алдында сөз бас­тап, ақыл мен қайратты қару еткен Мақ­тым­құлы да осы қасиеттердің барша адам баласының бойынан көрінгенін қалайды. Ақын ездің емес, ердің ісін атқаратын адамды нағыз қаһарманға телиді. Ақыл мен қайрат бірлескенде ғана оң шешімдер шығатынын поэзиясының көркемдік тіні етіп ұстанады.

Абай адам қасиеттерінің ішіндегі ең биігі ақыл, қайрат, жүрек деп бағалайды. Осы үш таған біріккенде толық адамның бол­мысы ашылады. Мақтымқұлының да не­гізгі айтар ойы осы ұғымдармен байла­ны­сады. Абай Құнанбайұлы өлеңінде: «...Осы­ны оқып, ойлай бер, болсаң зерек, Еңбек­­ті сат, ар сатып неге керек. Үш ақ нәр­се адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұр­лы ақыл, жылы жүрек», деп өрілетіні мәлім.

Адам баласының Абай айтқандай жүректен аяулы жері жоқ. Жүрегіне сенген адам ғана ақиқатты табады. «Тіл – жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды». Бұл да Абайдың сөзі. Мақ­тым­­­құлы өзінің кестелі де нақышты бір өлеңінде философиялық орамдарға толы тіркестерді өлеңіне арқау ете отырып, терең ой иіріміне бойлайды. Д.Қанатбаевтың тәржімасында ол өлең жолдары былай деп аударылған:

«Махаббаттың жолын сайлап,

Келген бар ма, уа, жарандар?

Оңы менен солын ойлап,

Келген бар ма, уа, жарандар?

 

Ішім – нала, сыртым – жара,

Сау қалғаны құлқын ғана.

Мен секілді жұртында ада,

Жүрген бар ма, уа, жарандар?».

Иә, Мақтымқұлында өмірді махаббатпен түсіну бар. Шабыт шалқарындағы шайыр осы түсінікті жаранға жария ете жеткізеді. Әр адамның өзінің мұңы, қайғысы, шері бар екенін өлеңмен түсіндіреді. Ал ақын Абай: «Ішім өлген, сыртым сау, Көрінгенге деймін-ау. Бүгінгі дос – ертең жау, Мен не қылдым, япырмау?» деп жырлайды.

Поэзия пырағы мен өлең патшасына айналған сөз сүлейлері өлеңдеріндегі әдеби эстетикалық үндестік дәл осындай сарынмен жалғаса береді. Хакім Абай: «Малға достың ойы жоқ малдан басқа», деп тебіренсе, Мақтымқұлы: «Дүниеқорлық мал деген – жиған дерті» дейді. Олардың поэзияларындағы ұқсас­тық пен ішкі мазмұндық ғылымның ізгі жолымен, ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасын таба бермек.

Иә, Мақтымқұлы мен Абай жырлары ­–­ өз дәуірінің айнасы мен шындығы. Дәуір болмысын, заман ағымын, уақыт тынысын еш қоспасыз жырлап, ұрпақ жадында қалдырды. Түрікмен шайыры мен қазақ поэзиясының патшасы Абай шығыс өлең жазу үлгісінен, қайнарынан нәр алып, ғажайып туындыларды халыққа ұсынады. Дегенмен екі алыптың өлеңдеріндегі пәлсапалық ойлар мен ішкі мазмұн орамдары үндестік тапқанымен, поэтикалық қуаты жағынан ерекшеліктер бар. Бірақ елдік пен шындыққа жету жолындағы үйлесімділік бәрінен жоғары. Ақиқатты қару тұтып, өлеңді жан серіктеріне балау жағы да үндес. Абай – қазақ халқының поэзиясын қайта түлеткен заңғар тұлға болса, Мақтымқұлы – түрікмен поэзиясына жаңа бір леп, тыныс әкелген бірегей тұлға. Екі алып та екі туысқан халық үшін өздерінің әдеби классикалық мектептерін қалыптастырды. Поэзия пырағы мен өлең патшасының асыл сөзін зердемізге жеткізіп түсіну, мұраларын жаттап, жүрекке тоқу – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

 

Қуанышбек КЕНЖАЛИН,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті