• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Мамыр, 2024

Дүбірі бөлек дүлдүл

721 рет
көрсетілді

Ұшы-қиыры ұшқан құстың қана­тын талдыратын ұлан-ғайыр даламызда аламанның алдын бермес арғы­мақтар көп болған. Бірақ солардың ішінен суырылып шығып, атадан мирас ауыз әдебиетіміздегі Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы сияқты аңызға айналғаны – Құлагер.

Өйткені ол ең алдымен алты Алаш ардақтаған Ақан серінің онсыз да дабыралы даңқын одан сайын дүрілдеткен Сандалгері еді. Арқа­дағы Сағынайдың асында сойқанның сойылынан мерт болған жел жетпес жүйрігін жоқтаған ақынның ащы зары Алтай мен Атыраудың арасын жаңғыртып жіберді.

Екіншіден, жыр жампозы Ілияс Жансүгіровтің атақты Ерейментау етегіндегі Қусақ көлдің жағасында қас­тан­дықпен өлтірілген Құлагер трагедиясын арқау еткен алғаш поэмасы әлем әдебиетінің Әбіші (Кекілбайұлы) айтқандай, «...поэ­тикалық полотносы тек қана бір қалам­гердің елден ерек талантын көрсетіп қана қоймай, бүкіл ұлттық көркем ойы­мыздың қуаты мен даму қарқынын таныта алатындай мерейлі биігіміз» ретінде өре­лі сөз өнерінің сөресінен ойып отырып орын алды.

Аузымен құс тістеген қос саңлақ қол­тығынан демесе, Құлагерге қанат біт­пей қайтеді енді. Сөйтіп, сөлді жырмен «жарнамасы» жасалған жануар бергі замандағы бәйге бермес қыл құй­рық­тылардың символы болып тарихта қал­ды. Әйтпесе кең-байтақ еліміздің әр өңірінде шашасына шаң жұқпаған шабыс аттары аз болмағаны анық.

Фильм басталған тұста көрініс бере­тін көркем табиғат, ақ қар, көк мұзға қарамай, ауыздығымен алысқан атының басын жіберіп, айызын қандырған Ақан бейнесі, белгілі әнші Ерлан Рысқали әуелеткен әйгілі «Маңмаңгер» әні санамызды сан саққа жүгіртіп, ой орманына жетелей жөнелді.

Ал енді ой-шұңқыры өзімізге бала жастан жақсы таныс Ойтоғанды көр­генде, көңіліміз толқып, көзіміз жасау­ра­ғанын несіне жасырайық. Тамам қара сирақ жиналып, талай асық атқан айтақырларды, алаңсыз асыр салып, үстінде аунап-қунаған ақ шағылдарды, қаршадайымыздан қозы-лақ жайған жазиралы жазықты жаңа көргендей әдемі әсерге бөлендік. Осынау киелі өлкеде туып-өскендер Ілекеңдей ірі тұлғаның жерлесі екенімізді әрдайым мақтан тұтатынымыз тағы рас. Біз оның шығармаларын оқымай тұрып-ақ, елге мәлім есіміне қанықтық. Себебі сол кісінің атындағы орта мектепте білім алдық. Ұлы тұлғаның туыстарын көрдік. Бертінде Жансүгірұлының жарқын бейнесін көріп қалған қазыналы қарттардың емірене толғаған естеліктеріне құлақ құрышын қандырдық. Солардың бірін Серпербай Әбішұлы былай «соғатын». Бірде Жан­сүгірдің шабындығын інісі рұқсатсыз шауып алыпты. Соған ашуланған ол бауы­рынан «барымта» шөпті қайтаруын талап етеді. Анау болса ағасына өзіне тиесілі телімді нұсқап, сондағы соны шалғынды өзің орып алғаның орынды болар дейді. Ақыры іс насырға шауып, ағайындылардың араздығы айналаға жайылады. Есі кіріп, ержетіп қалған Ілияс ортаға түсіп, емшектес екеуін татуластыруға тырысыпты. Одан ештеңе шықпаған соң, әлгі әлекке салған дау­лы маяны өртеп жіберіпті. Сосын әкесіне «енді інің екеуің күлін шелектеп бөліп алыңдар», депті.

Ертеректе, елді елеңдеткен екі оқи­ға ауылдастарымыздың есінен кетпейді. Біріншісі – 1965 жылы аулымыздың ірге­сіндегі көкмайсада өткен ақынның ақталғаннан кейінгі алғашқы мерейтойы. Бұл тойға кімдер келмеді десеңізші. Сол кездегі көзі тірі классиктердің бәрі келді. Саусақ бүгіп санасақ, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин болып кете береді. Мәртебелі меймандардың ең жасы республикалық «Лениншіл жас» газе­тінің редакторы Шерхан Мұртазаев болатын. Бұл тойдан түсірілген кино «Қазақ­фильмнің» қорында сақталған. Ақын-жазушылардың қолтаңба қойып бер­ген кітаптары мен сарғайған суреттері мек­те­біміздің мұражайында қаттаулы тұр.

Екіншісі – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының «Қызылтаң» кеңшарына келіп, жайқалған жасыл бақ ортасында орналасқан жазғы клубта Құдаш Мұқашевтың «Дала дастаны» пьесасын қоюы. Бұл жетпіс үштің жылы күзі еді. Таңдай қақтырған тамаша спектакльдегі Ілияс рөлін жастығына қарамай, көрермен көзайымына айналып үлгерген Әнуар Боранбаев ойнаса, Мақпал бейнесінде – қазіргі Халық әртісі Гүлжан Әспетова, Жансүгір образында Мүлік Сүртібаев көрінген-тұғын. Қоюшы режиссер – Қадыр Жетпісбаев. Ой, сондағы ойтоғандықтардың орталарына Ілияс қайта тіріліп келгендей қатты қуанғандары-ай. Алдыңғы қатарда қаз-қатар тізіліп, кезінде Ілиястың атын ерттеген, қамшысын әперген, үзеңгі қағыстырып, қатар жүрген ақсақалдар отырды. Оң-солымызды толық айыра қоймаған оқушы болсақ та, жадымызда қалып қойған осынау керемет кешті ойға алсақ, жанымыз жадырайды.

Көңіл ауанымен тақырыптан сәл ауытқып, көріп отырған киномызды ұмытып кеттік білем. Экранға қайта енейік. Кешегі кеңестік кезеңде Жаңалық аталып кеткен жердегі Қоңыр­төбенің басында тұрып, түсіру тобына түсінік беруші Төпек Кәукенбаев сөзінің жаны бар. Мынау тарихтың талай сырын бүк­кен бұйрат құмның арасындағы Қайнар аулында Берсүгір, Жансүгірдің қыстауы бол­ған. Ілиястың кіндік қаны осы араға там­ған. Оны өзі де «Өмірбаяным» атты жаз­басында атап көрсеткені әмбеге аян. Көз жүгіртіп көрелік, кәне. «Боз дала, құла құм. Оларды қақ айыра аққан иір өзен. Өзен өлкесі түлкі жүн құла қамыс. Тал, жыңғыл. Жиде. Қыры – теріскен, қара жусан. Ойы – ши, ұсақ құрақ. Құмы – сағыз, селеу, қылша. Қырда – құм ішінде, өлкеде – өзен бойында шоқ-шоқ қыстау, шошайта үйген қамыс. Сарғайған мая. Міне, менің өскен жерім. Бұл – Жоңғар (Жүңге) Алатауынан аққан, Балқашқа құятын Ақсу өзенінің бойы. Әзіргі атақпен 4-ауыл, Ақсу болысы, Талдықорған уезі, Жетісу губерниясы».

Көкірегі көмбе көнекөздердің сөзі­не сенсек, Ілиястың атын алқалаған әлеу­мет алдында «Ақ көбікті» аңыратып, «Бозінгенді» боздатқан атақты Молықбай қобызшы қойған екен. Шынымен солай шығар. Бәлкім, туған топырағы ортақ топжарғандардың рухани туысты­ғын нығайтуды көздеген ізгі ниетті жан­дардың дәлел дәметпес дәйегі болар.

Анау сөйлеп тұрған Берікбол Қасымов ағамыз – дипломы бойынша мал маманы болғанымен, жан дүниесі руха­ниятқа өте жақын адам. Аудан орта­лығы Жансүгіров кентінде батыр баба Бөрібай мен бала Ілиястың ескерткішін орнатуға мұрындық болған меценат. Енді Орта Азия біріншілігіндегі 16 шақырымдық жарыста алдына қара салмаған Ақсудың «Түймебас» тұлпа­рын тас тұғырға қал­дыр­мақ. Бұл ақсулық ағайынның жал-құй­рығы түйілген жүйрік атаулыға көр­сеткен құрметі болмақ. Жөн сөз.

Ілиястың ақындық алтын бастау­лары туралы баяндаған Жемісбек Толымбекұлы толымды пікір білдірді. Оның айтуынша, әліпбиді әкесінен таныған талапты жас қазақтың барлық баласындай халқымыздың бай қазы­насы – батырлық, лиро-эпостық дастан­дар­дан сусындаған. Сондай-ақ осы өңір­дегі Тәйкөт, Толғанбай, Сара секілді саң­лақтардың өлеңдерін жаттап өскен. Кейін Абай кітабын оқып ой-өрісін кеңейткен.

Айтпақшы, ақынның атасы Берсүгір де өз жанынан өлең құрастыруға бейімдігін бай­қатқан. Немересін алдына алып әлди­легенде айтқан «Сен туғанда қуанды кәрі-жасым, Мұз қабақ, жота мұрын Ілия­сым», деген жыр жолдары – соның айғағы!

Жергілікті өлкетанушы ағамыздың пайымдауынша, Ілияс Ақанның Құлагері жайында соқыр Бекетбай ақынның жырларынан білген көрінеді. Көкейге қонатын қисын.

Кейін кемеліне келген шағында І.Жан­­сү­гі­ров «Құлагер» хикаясын жазбақ ниет­пен Арқаға арнайы сапарлап, Көкше мен Ақмо­ланы аралаған ғой. Осыған байла­ныс­­ты Целиноград аудандық «Ұран» газе­­­тінің бас редакторы Жанат Түгелбаев «Еге­мен Қазақстанға» әлдебір мақаласын әкел­генде маған қызық дерек айтқаны бар.

«Ілияс көкең баяғыда біздің ауылға келіп, жөн білетін шалдармен әңгіме-дүкен құрыпты. Құлагер оқиғасының былайғы жұрт біле бермейтін жай-жапсарын сұрапты. Аталарымыз көрген-білгендерін айтыпты. Қадірлі қонақ­ты ақмолалықтар жандары қалмай күтіпті. Біздің үйде сол сәулелі сәттердің куәсін­дей бір сурет болды. Әкей келген-кеткен кісі­лерге көрсетіп, мақтанып отыратын. Амал қанша, сол құнды жәді­герден қа­пияда айырылып қалдық. Соны ойласам, өкі­ніш­тен өзегім өртенеді. Індете іздесе, басқа біреулерден де сондай суреттер табылуы мүмкін ғой», деген еді әріптесіміз.

Иә, бәрі де мүмкін...

Белгілі ғалымдар Мәмбет Қойгелді мен Мұрат Иманғазинов та қаламгердің өміріне қатысты, қайраткерлігіне байланысты, ұлтын ұлықтауға бағытталған ұшан-теңіз еңбегі хақында тереңнен қозғап тебіренді. Бұған дейін тасқа талай басылса да, халыққа қажет мәнді мәліметтер алға тартылды.

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгі­ров­тің әдеби музейінің ашылуына қазақ руханиятының қабырғалы өкілі Мыр­за­тай Жолдасбеков бастаған зиялы қауым­мен бірге ақынның ұрпақтары да көп еңбек­тен­генін астын сыза айта кеткен абзал. Үміт, Ильфа әпкелеріміз, Саят, Болат ағаларымыз әкелерін ардақ­тау жолында аянып қалмады. Жалпы, артын­дағы мұрасы салыстырмалы түрде түгелге жуық сақталған санау­лы тұлға­ла­рымыздың бірегейі – Ілекең. Бұл орайда оның жан жары Фатима Ғабитоваға қалың қазақ қарыздар екенін ескермесек, ары­мызға сын. «Социалды Қазақстан» газе­тінің 7 нөмірінде жарияланған «Құла­герді» басын қауіп-қатерге тігіп, жасты­ғы­ның ішінде тығып ұстаған Сапар­ғали Бега­линнің нұры пейіште шал­қығай. Атал­ған мұражайды ұзақ уақыт бас­қар­ған, сталиндік солақай сая­сат­тың құр­бандары ақтала бастағанда жан-жақ­қа сұрау салып, есіл ердің құнды құжаттарын жинаған Кәмила Қоқымова да алғыс арқалауға лайық.

Ілиястың көркем әдебиеттегі бейнесін жа­сауға жерлес жазушымыз Серік Жан­ә­біл қомақты үлес қосты. Оның «Дүр­белең», «Ол ертең атылады» атты повес­терін оқырман жылы қабылдады. Жан­сүгіров жайында келешекте кесек дүние­лер жарық көріп жатса, нұр үстіне нұр.

Аталарын ардақтауға келгенде Іле­кеңнің немере-жиендері аналарынан асып түспесе, кем соққан жоқ. Олар арыдан ойлап, Жансүгіров шығармаларын Еуропа елдерінің тілдеріне аударту үстінде. Мәселен, Жанар Жандосова «Құлагердей» жыр жауһарын немісше сөйлетті. Кітаптың Астанадағы тұсау­кесерінде германиялық тәржімашы Герт Хайденрайхтың: «Ақиқатын айтсам, мен «Құлагерді қазақтардан қатты қызғандым. Өйткені ол – Шекспир ше­девр­лері деңгейінде шебер жазылған дүние!» дегенін естігенде шаттану мен шамдану аралас екіұдай сезімде бол­ғанымыз есте. «Алапат ақындық қуат­тың тереңіне еркін бойлай алмайтынымды түсіндім. Сондықтан шамама қарай шабуға бел байлап, өлең өрнегін өзімше құрастырдым», деп алманиялық аудармашының ағынан жарылғанын да «Егемен Қазақстанға» жазған едім. Сол жаз­бамызды былайша аяқтаппыз: «...Іле­­кең­нің інжу-маржандарын, әсіресе тамаша жер суреттерін, аттың сынын артық кетсек, аруағы кешсін, кемеңгер Гетеңіз де келістіріп аударуы екіталай-ау. Бүгінде екі қазақтың бірі түсіне бермейтін «Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ. Құлан жал, бұлан мойын, қой жұ­тқын­шақ, қоян иек, жазық жая, құс топшы» деген теңеулерді басқа ұлттың өкіл­де­рі­не ұғындырып беріңіздерші, мық­ты­лы­ғы­ңыз­ды көрейік...».

Жансүгіров жауһарларын жаһанға жаю жорығы бұйырса жалғаса бермек. Дүбірі бөлек дүлдүл төрткүл дүниеге танылса, қалың қазақ қадірінің артқаны да.

Тау тұлғаның тағдырын таспалаған «Құлагер» фильмінің көрермен көңілінен шығуына сценарий авторлары Қанат Тілеухан мен Бағашар Тұрсынбайұлы біраз тер төккені талассыз. Талантты әріптестеріміздің әр істе тастары өрге домалай беруіне тілектестік білдіреміз.