• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 07 Мамыр, 2024

Дрондар дәуірлеп тұр

226 рет
көрсетілді

Осы күнге дейін өмірдің сан саласында түрлі мақсатта пайдаланылып келген ұшқышсыз ұшу аппараттарын, яғни дрондарды бүгінде әскерилер де кәделеріне жарата бастады. Олардың ішінде ірі барлау, шабуылдаушы, бақылаушы дрондар бар. Сондай-ақ FPV шағын дрондары да соғыс «кәдесіне» жарап тұр.

Дрондардың басты артықшылығы  – соғыс операциясы кезінде адам шығыны қаупі тумайды, яғни қарсы соққыға тап болса ұшақ сияқты өзімен бірге ұш­қышын ала кетпейді. Энергияны, жанармайды аз мөлшерде жұмсайды. Одан бөлек, ол істен шыққан жағдайда ұшақ­тарға қарағанда шығыны орасан болмайды. Басқарушы маманын даярлауда да уақыт пен қаржылық жағынан ысы­рап аз.

Кейінгі уақытта украиналық камикадзе-дрондар Ресейдің қару-жарақ қоймасы, байланыс орталығы, мұнай базасы, жанармай өңдеу зауыты, әскери техника өнеркәсібі сынды ең маңызды деген әскери, энергетикалық, инженерлік-коммуникациялық нысандарына қырғи­дай тиіп, талайының тас-талқанын шыға­рып, күлін көкке ұшырды.

Бұған дейін Украина қарулы күште­рі майдан даласында дрондардың көме­гімен барлау жұмыстарын орындап, тіпті діттеген жерге снаряд тастап, жарылыс ұйымдастырумен келсе, кейінгі кездері алыс қашықтыққа ұшатын камикадзе-дрондарын көбірек қолдана бастады. Камикадзе-дрондар осы күнге дейін Ресейдің біраз маңызды нысандарын отқа орады.

Ал сәуір айының басында Татарстан­ның Алабұға қаласына дейін ұшып барған екі ұшқышсыз ұшу қондырғысы жергілікті жұрттың ғана емес, ресми Мәскеудің де зәресін алды. Өйткені ками­кадзе-дрондарының «Алабұға» ерекше экономикалық аумағына түсуі – соғыс бастал­ғалы Татарстанға дейін, яғни, ұзақ қашықтыққа ұшқан алғашқы оқиға. Кейінірек Нижнекамскідегі мұнай өңдеу зауытына да екі дрон ұшып барып, оның бірі зауытқа жетпей жойылса, екіншісі өндіріс орнының бір шетін зақымдады.

Ресейлік қауіпсіздік қызметі мұны бірден диверсанттық әрекет, яғни, дрондар Ресей аумағынан ұшырылған деген тұжырымға келді. Ал кейбір әлеуетті әскери сарапшылар олардың батыстық бөлшектермен модификацияланғанына қарап, Украина жерінен ұшырылғанын болжады. Көп ұзамай АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ ешқашан Украинаның Ресей аумағын, ондағы мұнай өңдеу зауыттарын атқылауын қолда­майтынын мәлімдеді.

Жалпы, бұдан шығатын қорытынды кіп-кішкентай-ақ қондырғының бүгінде алып елдердің арасына от тастап, артын үлкен проблемаларға ұластырып жатқаны дрондар дәуірінің басталғанын көрсетсе керек. Әйтпесе, Шыңғысханның қалың әскеріндей болған, дыбыстан да жылдам ұшатын мың сан истребителі бар (саны бойынша АҚШ-тан кейін) Ресей осы күнге дейін ешкімнен қорықпай келген. Бүгінде камикадзе-дрондар көрші ел әскерилерінің есін алып, қорғанысын күшейтуге мәжбүрлеп отыр.

Дегенмен әскер тақырыбында пайым­ды сараптамалық материал жазып, отан­дық қорғаныс өнеркәсібін зерттеп жүр­ген белгілі журналист Амангелді Құрметұлы дрондар дәуірі салтанат құра бастағанымен, бәрібір дәстүрлі техникалардың дәурені әлі жүріп тұр деген пікірде.

– Әлбетте, дрондар соғысының дәуірі басталды деп кесіп-пішіп айтуға әлі ерте. Өйткені майданда артиллерия сынды әлі күнге маңызын жоймаған қару түрлері бар. Керісінше, оның біз айтып отырған дрон арқылы дәлдігі, сапасы, басқа да мүмкіндіктері арта түсті. Қазіргі заманауи техникалардың өте қарқынды дамуына байланысты қару-жарақ өнеркәсібінде адамның қатысуымен болатын ұрыстарды мейлінше азайтатын өнімдер көбейетін шығар. Сондықтан дрондар соғысының дәуірі басталды деп емес, бәлкім роботтандырылған техникалардың дәуірі келе жатыр деп айтқанымыз дұрыс болар. Өйткені дрон ғана емес, роботқа негізделген құр­лықтағы да, теңіздегі өзге де техникалар қолданысқа еніп жатыр. Оған енді екін­ші нұсқа ретінде жасанды интеллект мәсе­лесін қосатын болсақ, қарулану да жасанды интеллекет аулына аяқ баса бастады. Әйтпесе, барлық міндетті тек дронға артып қойып, олар бәрін шешеді деу меніңше дұрыс емес, – дейді сарапшы.

Дегенмен бүгінде «Сол дрондар дәстүрлі соғыс техникаларын алмас­тыра ала ма?» деген сұрақ көптеген елдің әскери шенеуніктерін ойландырып отыр. Себебі дәл қазір Украина сол ұшқышсыз аппараттардың арқасында қарсыласының талай құрлықтық техникасын өртке орап, тіпті сарбаздарын қуалап жүріп жарып жіберіп жатыр.

– Дрон ұрыс алаңында ұшақтарды ешқашан алмастыра алмайды. Өйт­кені ұшақ өз маңыздылығын алдағы бір елу жылда жоя қоймайды. Бірақ артил­лериялық кешендерді қашық­тан басқаруға болатын етіп ұйым­дастыруға теориялық мүмкіндік бар. Адам отырмайтын танктерді, адамсыз-ақ ата беретін пулеметтер жасауға болады. Сондықтан бұлар біршама дәс­түрлі техникаларды алмастыруы мүм­кін. Алайда әлем елдеріндегі мұн­дай техникалардың санын, адамсыз басқарылатын құралдардың құнын ескеретін болсақ, онда әлемдегі техни­каның барлығын бір мезгілде алмас­тыра алады деуге келмейді. Дамыған ел­дер қарулы күштеріне мұндай техни­каларды мейлінше көбірек алып, біраз техникасын алмастыруы мүмкін. Бірақ кедей, дамушы елдер өздерінің бұрынғы дәстүрлі ұрыс техникаларымен қалады. Дегенмен әзірге жалпы алғанда, адамсыз басқарылатын техникалар истребительдерді, яғни жоғары жылдамдықты жойғыш ұшақтардың орнын ешқашан баса алмайды. Бірақ ғылым мен техниканың дамуы өте қарқынды екенін де ескеру керек, – дейді А.Құрметұлы.

Қазақстан адамсыз басқарылатын техникаларды мүмкіндігінше қолданып келеді. Құдай бетін әрі қылсын, оларды соғыс жағдайында әлі әуеге көтере қоймадық. Қазіргі таңда барлау жұмыс­та­рында азды-көпті қолданылып жүр. Бірақ саны көп емес. Сонымен қатар шабуылдау қабілеті бар «Wing Loong» сияқты бірқатар ұшатын дрондарымыз бар. «Anka-S» дроны да әскери сынақ мақсатында қолданылып келеді.

«Болашақта бұлардың саны көбеюі мүмкін. Бірақ еліміз аумағының үлкендігін ескеріп, логистикалық мүм­кіндіктерді ұмытпау керек. Сондық­тан мәселеге тек дрон тұрғысынан қарауға болмайды. Қорғаныс өнеркәсібі кешенін жүйелі түрде дамыту, ғылыми техникалық әлеуетті арттыру, өзге серік­тес­термен ынтымақтаса жұмыс істеу мәселесі бар. Қысқасы, бұл тұр­ғы­да ескеретін, қаперде ұстайтын нәр­се көп. Бізге ұшақтар, танк­тер керек, мейлінше жаңасы болса тіпті жақ­сы. Артиллериялық кешендер, зымыран кешендері, электрондық ұрыс құралдары, радиолокациялық стансалар көбірек болса артықтық етпейді. Өйткені бұлар әлі өзінің маңызын жой­ған жоқ. Тіпті мүмкіндік болса, ғарыш­та әскери мақсатта қолданылатын, бар­­лау де­ректерін жинайтын бір-екі жер се­рігін ұстасақ та жөн. Әрине, оған ел­дің қаржылық-экономикалық мүм­кін­діктері де әсер етеді. Өкінішке қарай, біз қорғаныс саласына бөлінетін бюджетіміз кейінгі үш-төрт жылда біршама азайып қалған елдердің қатарындамыз. Әзірге саланы жан-жақты дамыту, яғни әскерді қаруландыру, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту мәселелері ғана шешіліп жатыр. Сол себепті бірден Қазақстан жағдайында қорғаныс саласы бір ғана дронға иек артады деп айта алмаймыз. Пайызбен алатын болсақ, алдағы жиырма жылдың ішінде көптеген техниканы 20 пайызға дейін автоматтандырыл­ған, роботтандырылған екі жасақтау бағы­тын қазірден қарастыру керек», дейді А.Құрметұлы.

Оның айтуынша, қазір әлемде жасанды интеллект мәселесі күшейіп тұрған­дықтан, дрондар да соған бейімде­луі мүмкін. Әскери өнеркәсіпте осы дрондарға бейімделген технология дами беретін болса, онда бұлардың мейлінше кеңірек таралуы да ғажап емес, яғни, «тан­кисі жоқ танктер, артиллерисі жоқ зеңбіректер шығуы мүмкін» дейді сарапшы.

– Ұшқышы жоқ аппарттарды онсыз да көріп жүрміз, қазіргі кезде Украина теңізде камикадзе-катерлерді қолданып жатыр. Сол сияқты сүңгуір қайықтар бар. Алдағы уақытта майдан даласынан жаралы жауынгерді алып шығатын роботтандырылған техникалар көбеюі мүмкін. Осыған қарап дрондардың ғұмыры қаншалықты болатынын осы бастан болжау мүмкін емес. Бәлкім, айтқан жерден аулақ, алдағы уақытта дрон операторларының жер­асты бункерлерде жасырынып, сондай роботтарды соғыстыратын заман келе жатқан шығар. Қалай болғанда да адамның қатысуынсыз қозғалатын техниканың дәуірі шындап келгенде енді басталып жатыр. ХХ ғасырдың басында алғаш танктер пайда болған кезде олардың болашағы жоқ деген сияқты түрлі қауесеттер, сенімсіз пайымдаулар болған. Міне, содан бері танк бір ғасырдай уақыт жаяу әскердің негізгі серігі болып келеді. Сондықтан дрон да сондай құралға айналып кетуі әбден мүмкін, – дейді А.Құрметұлы.

Қалай болған күнде де қазір қақтығыс ошақтарында дрондардың барынша қолданылып жатқаны анық. Есесіне сұраныс артып келеді. Бұл ретте дрон өндірісінде Түркия алда келеді. Қытай мен АҚШ-тың да әлеуеті зор.

Қазақстанға түркиялық «Anka-S» соққы беруші ұшқышсыз аппараттарын жеткізу жөніндегі келісімшарт 2021 жылы «Türk Havacılık ve Uzay Sanayii AŞ» (TUSAŞ) компаниясымен жасалған. Сол дрондар биыл қаңтарда Тараз гарнизонында сынақтан өткізілді. Өйткені биыл елімізде түркиялық «Anka-S» ұш­­қышсыз ұшу аппаратының өндірісі қолға алынады деп жоспарланған. Соған байланыс­ты жыл басында Таразда 270 км/сағат жылдамдықпен ұша алатын дрондардың сынағы өтті.

– Бізде «Win long» ұшқышсыз ұшу аппараты бойынша тәжірибе бар және Түркиядан келген нұсқаушыларда мол тәжірибе болғандықтан оқу-жат­ты­ғу бізге аса қиынға түскен жоқ. Келе­шекте «Anka-S» ұшу аппаратын меңгеріп, өзіміздің мықты мамандарды шығаратынымызға сенімдімін. Ел­дің қорғаныс өнеркәсібін дамыту – Жоғарғы Бас қолбасшы – Президент қойған басты міндет. Кез келген мемлекет өзінің қарулы күштерін заманауи қару-жарақпен, техникамен өзде­рі қам­тамасыз етуге ұмтылады, яғни, им­портқа тәуелділіктен арылып, кәсіп­орын­дардың өз жерінде болғанын қалай­ды, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­лығына қарасты 14157 әскери бөлімі авиа­циялық эскадрильясының борт ко­ман­дирі Мадияр Мәжікеев.

Дәл қазір еліміздің қорғаныс саласында дрондар санының қанша екенін білмейміз. Білген күнде де жария етуге болмайды. Ең бастысы, еліміз әлемдік трендтен қалмай, отандық әскери техника өндірісін жандандырып, заманауи қондырғыларды қолданысқа енгізіп келе жатқаны қуантады. Одан бөлек, әскери базалардың инфрақұрылымын, мобильділігін дамыту ісі де уақыт көші­нен қалып жатқан жоқ. Жуырда ғана Президент – Қазақстан Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында ашылған Ұлттық ұланның авиа­ция базасы соның айқын дәлелі.

Әлемдік дрондар көшін бастап тұрған америкалық «MQ-9 Reaper», түріктердің «Bayraktar»-ы, британдық «Taranis», қытайдың «CH-5 Rainbow»-ы сынды ерте ме кеш пе, қазақтың да өз ұшқышсыз аппараты болуға тиіс. Бастысы әскери дрондар өндірісінде қозғалыс бар.