• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Мамыр, 2024

Такси тарифі қалай тізгінделмек?

397 рет
көрсетілді

Қарым-қатынас құралынан қалтадағы көмекші деңгейіне дейін өскен телефон сан түрлі сервистің бағын ашқандай. Бүгінде мобильді мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, екі жеп биге шығатын такси агрегаторларының дәурені жүріп тұр. Құлашын кеңге сермеген әлемге танымал қызмет түрі жаңа нарықта да өзін судағы балықтай сезінеді.

Инновациялық техноло­гия­ның дамуымен адамдардың тұтыну мәдениеті едәуір өзгерді. Бүгінгі пайдаланушы ыңғайлы да икемді сан­дық платформаларға балама іздеп жатпайды. Мысалы, тірлігі қат-қабат қаланың әр бұрышынан көлікке тәулік бойы онлайн тапсырыстардың ағылуы үйреншікті дағдыға айналды. Жү­ріп-тұруды айтарлықтай жеңіл­деткен такси желісінің оңтай­лы тәсілі жыбырлаған жұртқа іркі­ліс­сіз қызмет жасап тұр. Мобиль­ді қо­сым­ша арқылы көлік шақы­ру діт­теген жерге жылдам жетуге қолайлы.

Қызмет көрсету сапасына, көліктің жылдам табылуына, сапар құнын төлеудің ыңғайлылығына байланыс­ты қазақстандықтар дәстүрлі таксиден гөрі агрегаторларға басымдық береді. Жүр­гізуші туралы мәліметті көру, көліктің ор­наласқан жерін бақылау, тариф санатын таңдау мүмкіндіктері де жолаушы сұранысын дөп тапқан. Сервистің корпоративтік тарифтер, жеке адалдық бағдарламалары және бірлескен сапарды жүргізуге мүмкіндік беретін қосымша қызметтер ұсынуы – тұтынушыны тарту мен ынталандырудың тағы бір әдісі.

Жеке автокөлікке жанармай мен тех­никалық қызмет көрсету шығын­дары, қала көшелеріндегі кептеліс, жаяу жүр­гіншілер инфрақұрылымының дамуы, автотұрақтар санының азаюы­ мен ақылы болуы сияқты фактор­лар көбіне такси қызметінің пайдасына шешіліп отыр. Заманауи онлайн-такси тапсырыстарының пайда болуы жүргізушілердің де қолын ұзарт­ты. Мұндай ынтымақтастық оларға жұ­мыс кестесін өз бетінше реттеу, өзіне ың­ғайлы кез келген уақытта желіге шығу мүмкіндігі сияқты бірқатар артықшы­лық береді. Сондай-ақ шаруасын дөңгеле­тіп отырған агрегаторларда әдеттегі такси қызметтеріне қарағанда тапсырыс әлдеқайда көп. Нарықты жаулап алғандар өз қатарына мүмкіндігінше көп көлік тарту мақсатында жүргізушілерге тиімді жұмыс шарттарын, бонустар мен жарнамалар ұсынады.

2015 жылғы дағдарыстан кейін қал­пына келе бастаған такси нарығы елімізде жолаушы санының 2016 жылғы 4,8 млн адамнан 2022 жылы 6,3 млн адамға дейін өсуімен жандана түсті. Болжам бойын­ша бұл көрсеткіш 2027 жылға қарай 6,83 млн адамға жетеді. Осы жылдың 1-тоқсаны­ның қорытындысында такси қызметін ­13,9 миллион жолаушы пайдаланды. Такси ­индустриясы қызметке сұраныстың артуына сәйкес әрі қарай дамуды жалғасты­рып, жолаушы санының өсуі тапсырыс­­тың ұлғаюына және осы саладағы компа­ния­лар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі­не әкеледі. Ресми деректер бойынша рес­публикамызда жыл басынан бері такси тасымалдаудан түскен табыс бір жыл бұ­рынғы 1,4 млрд теңгеге қарағанда 2 млрд теңгеге жетіп, құндық мәндегі өсім 46,5 пайызды құраған. Қазақстан шегіндегі такси қызметтерінің құнына қатысты биылғы наурыздағы деректер осы кезеңдегі тарифтер өткен аймен салыстырғанда 0,6 пайызға және бір жылда 12,3 пайызға өскенін көрсетеді. Жыл бойы бағаның ең үлкен өсімі Алматыда байқалып, қала­дағы такси бағасы 40,6 пайызға дейін көтерілді. Одан кейін Ақтөбе облысы мен Шымкентте сәйкесінше 22,1 пайызға және 16,9 пайызға ұлғайып отыр. Еліміздегі такси қызметінің құны тіпті әлемдік стандарттар бойынша да жоғары. Бұл тұрғы­да бірнеше рет ТМД елдерінің алдына шықтық. Numbeo ақпаратына қарағанда, осы жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша республикадағы такси сапарының ­бір километрінің орташа бағасы 0,67 дол­лар­­ға жетті. Бұл бізді ең қымбат 95 елдің ішін­де 73-орынға қойды.

Бағаның үнемі өсуі нарықтағы бәсе­келестіктің болмауымен байланысты. Қазір жолаушы тасымалы нарығының шамамен 95 пайызы – ірі ойыншылар­дың қолында. Республикамызда мыңда­ған Өтасымалдаушы мен автокөлік бол­са да, қазақстандықтар тек «Яндекс.Такси», «inDrive», «Aparu», «Taxi» секілді санау­лы агрегатордың атын естиді. Оның өзінде ­танымал «Яндекс. Такси» платформасы­ның нарыққа ықпалы күшейіп, қалған­дары соның көлеңкесінде қалған. Отан­дық такси агрегаторлары ресейлік алып­тармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алмай­ды. Өз тарапымыздан маркетинг, жарна­ма жетілмегендіктен, біздің елде ешкім атышулы «Яндекстен» басқасын тани да, біле де бермейді. Тіпті 2021 жылы елімізге келген қытайлық «DiDi» такси қызметі­нің өзі баға қолжетімділігіне қарамас­тан ресей­лік IT-алыппен бәсекелес­тік­ке төтеп бере алмағаны мәлім. Ал танымал қосымша­ның тарифтеріне ел тұрғындары көптен шағымданып келеді. Әсіресе қарбалас сағаттарда бағаның 4-5 есе, қолайсыз ауа райында немесе кептелістерде 10-11 есеге дейін секіретіні тұтынушылардың шыдамын тауысқандай еді. Бұл әсіресе қала шетінен жұмысқа қатынайтындардың ашу-ызасын тудырды. Жұрттың ақшасын сыпырумен қатар «Яндекстің» шұбырған қызметі пайдаланушының сұрау тарихынан бастап банк карталарына дейін дербес деректерін де жинайды. Бұл жеке ақпараттың құпиялылығын қорғауда күмән тудырады.

Агрегатордың айрықша жағдайына және жүргізушілер мен жолаушы­ларға комиссияның жоғары болып отыр­ғанына депутаттар да наразылық біл­дірді. «Қазақстан Халық партия­сы» фракциясының мүшелері атап көр­сет­кендей, «Яндекс. Такси» сапарлары үшін комиссия әлі де қымбат және қызметтердің соңғы құнына әсер етеді. Мәселен, тарифке және аймаққа бай­ланысты әр сапар үшін 11-ден 17 па­йыз­ға дейін алынады. Такси парктері­нің ақы­сы 4 пайызға дейін. Қазір «Яндекс. Так­сиде» нан тауып жүрген 200 мың­нан аса жүргізушінің 50 мыңнан астамы үшін бұл – негізгі, ал қалған 150-і үшін қосымша та­быс. Яғни бұл жаппай қымбатшылық пен жа­лақының төмендігіне байланысты адамдар такси жүргізуге мәжбүр екенін көр­се­те­ді. Өткен жылды қорытынды­лай келе, БАҚ арқылы такси жүргізушілері­нің та­бысы ел бойынша орташа жалақы­дан екі есе артық екені, агрегатор арқы­лы тапсырыстарды қабылдайтын такси жүргізушісінің орташа табысы айына 493 мың теңгені құрайтыны туралы ақпа­рат баяндалды. Алайда кірістің таза пайда емес екенін ұмытпаған жөн. Бұл сомадан жанармай мен жуу шығында­рын шегеру және көліктің табиғи тозуын ескеру қа­жет. Нәтижесінде, такси жүргізушілері­нің табыс мөлшері айтарлықтай төмен­дейді. Сондық­тан жалақыны кіріс­пен жаңылысты­ру ­орынсыз. Тұтынушы мен жүргізу­ші үшін қызметті алу да орындау да қымбат болып, пайданың негізгі бөлі­гін арадағы делдал көріп отырған жер­де әлеуметтік әділдік қағидаттары жұмыс істемейді.

«Яндекс.Такси» үлесінің өсуі оған на­рық жағдайын бақылауға мүмкін­дік береті­ні­не алаңдаған мемлекеттік органдар компа­ния қызметін реттеуге кіріскен. Деген­мен бөтен компания­ның жергілікті заңдар­ды сақтап жұмыс істеуі тіпті нарықтың ауқымына емес, биліктің талапшылды­ғы­на байланыс­ты болса керек. Үстем немесе монопо­­лия­лық жағдайға ие нарық субъекті­сінің баға­ны заңсыз көтеруіне қатысты тергеу ұзақ­­қа созылып, былтыр желтоқсанда аяқ­тал­ды. Бәсекелес­тік­ті қорғау және дамыту агенттігінің (БӘҚА) тиісті монополия­ға қарсы тергеуінің қорытындысы­на сәй­кес такси агрегаторы осы жылы біздің жүргізушілерге бонус ретінде қосым­ша 7-10 млрд теңге төлеуге тиіс. Вице-премьер – ұлттық экономи­ка министрі Нұрлан Байбазаров мәлім ет­кендей, агенттікпен монополияға қар­­сы ком­плаенс шеңберінде бірнеше шара көз­дел­ді. Атап айтқанда, жүргізу­шілердің табыс деңгейін арттыру үшін тапсырыс сапар­дың базалық құнынан екі есе асатын жағдай­да «Яндекс» комиссиялары жойылды (экономикалық әсері – жылына 2 млрд теңге, бұл ретте осы бастама шеңберінде осы жылдың 1-тоқсанында алынбаған ко­миссия 47 млн теңгені құрады). Моно­по­лияға қарсы комплаенс сонымен қатар тарифті қалыптастырудың ашықтығын арттыру үшін пайдаланушы қосымшасын жақсартуды, оны көтеру негіздемесін және өзгеріс болжамын келтіруді қамтиды (баға деңгейінің себептері мен оның өзгеру болжамын түсіндіре отырып, «Яндекс Go» қосымшасының басты экранына сұраныс индикаторы қосылды). Сонымен бірге «Яндекс. Таксидің» қосымша бонустық бағдарламаны енгізуімен былтырғы жел­тоқсанда Астана мен Алматы жүргізу­ші­леріне 400 млн теңгеден астам, биыл қаңтарда 700 млн теңге төленді. Жолау­шы­лар үшін жаңартылған «Бірге» тари­фінің енгізілуі тарифті екі еселенген коэф­фициентке дейін көтеруді шектей отырып, сұраныстың ең жоғары кезе­ңінде төмен бағамен такси тапсырысына мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Яндекс. Такси» қызметтеріне ең жоғары сұраныс жағдайында, мысалы, қолайсыз ауа райында немесе мереке күндері тарифті үш еселенген коэффициенттен жоғары көтеруге шектеулер енгізілді. Биылдың 1-тоқсанында үш еселенген коэффи­циентпен құны 238 мың тапсырыс не­ме­се олардың жалпы санының 0,15 па­йы­зы жүзеге асырылған.

Агрегатордың осы талаптар мен шек­теулерді мұқият орындауы құра­мына көлік, еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау, әділет, цифрлық даму министр­ліктерінің, сондай-ақ таксопарк­тер қауымдастығының өкілдері кіретін мониторингтік топпен бақы­ланады. Бола­шақта жолаушылар мен жүргізушілер мүд­делерінің тепе-тең­дігін қамтамасыз ету үшін монополия­ға қарсы агенттік тиісті заңнамаға түзе­тулер енгізуге бастамашы болды. Жаңа заң жобасы жүргізушілерге такси парктерінсіз «Яндекспен» тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік бермек. Мұн­дай заң қабылданатын болса, ол қазақ­стандық тарапқа «Яндекс» ресейлік бағ­дарламалық жасақтамасын, сондай-ақ баға белгілеуге әсер ететін факторларды ег­жей-тегжейлі зерделеуге құқық бе­реді. Бұл такси тарифтерінің қалай қалып­тасатынын, ауа райының қалай еске­рілетінін, мерекелік сұраныстың артуын, жүргізушілердің жоқтығын және басқа да факторларды түсіну үшін қажет. Агенттікпен және цифрлық даму ми­нистрлігімен бірлесіп ақпараттық техно­логиялар саласындағы тәуелсіз ауди­торлық компаниямен алгоритмдік баға бел­гілеу аудитін жүргізу жоспарланып отыр. Бұған қоса такси қызметі саласында плат­формалық жұмыспен қамтуды ұсы­натын отандық компания­ларды қолдау тетіктері жан-жақты пы­сықталуы қажет.