Екінші дүниежүзілік соғысқа Түркістан облысынан 140 мыңнан астам азамат аттанған екен. Сол сұрапыл соғыстан елге аман оралған 70 мың сарбаздың 51-і Кеңес Одағының Батыры, біреуі Халық қаһарманы және 8-і III дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері атанған.
Бүгінде қатары сиреген, соғысқа қатысқан қариялардың ең үлкені 102 жаста. Олардың бірі Исабай Жүзеев Қазығұрт ауданының Қарабау аулында, екіншісі Немат Абдурасилов Түркістан қаласында тұрады. Ордабасылық соғыс ардагері Қалмен Мұратов 100 жасқа толып отыр. Ал Сайрам ауданында тұратын Ахмеджан Анартаев пен Кентау қаласында тұратын Бадан Түребаев биыл 97-ге толады. Жалпы, өңірде Жеңіске үлес қосқан 3 654 ардагер бар. Оның 11-і майдангер болса, 121-і соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген. Соғысқа қатысушыл мен мүгедектеріне теңестірілгендердің екеуі қоршауда, екеуі кәмелет жасқа толмаған кезінде концлагерьде, басқа да мәжбүрлі түрде қамап ұстайтын жерлерде тұтқында болған. 117-сі қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері, ал 3 522-сі – тыл еңбеккері.
Биыл Жеңіс күні мерекесіне орай өңірдегі 3 654 ардагерге бірреттік материалдық көмек беру үшін аудандық және қалалық бюджет есебінен 176 млн 500 мың теңге бөлінді. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 11 қатысушысы мен мүгедегіне 1 млн 500 мың теңгеден, кәмелеттік жасқа толмай тұтқында болғандарға, соғысқа қатысушы мен мүгедегіне теңестірілген басқа да санаттағыларға 100 мың теңгеден беріледі. Ленинград қоршауында болғандарға – 60, тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңге көлемінде бірреттік материалдық көмек тағайындалған.
Түркістан облысы