• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 09 Мамыр, 2024

Экрандағы ерлік эпопеясы

171 рет
көрсетілді

Соғыстың сұрапыл жылдары... Қан майданның ортасында жүру былай тұрсын, ол туралы ойлаудың өзі күні бүгінге дейін ауыр. Қан майданда қаншама боздақтың қыршыннан қиыл­ға­нын ойлағанда жүрек әлі сыздайды. Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмауға, адамзат сол қателіктен сабақ алуға тиіс. Ал сол бір отты жылдар бейнесі тасқа қалай басылды? Қазақ батырларының ерлігі экранда өз деңгейінде бедерлене алды ма?

«Мәншүк туралы дас­тан»: фильм қалай түсірілді?

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдер дегенде ең бірінші ойға оралатыны – Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы дастан» картинасы. Фильмге дайындық 1967 жылы басталып, 1968 жылы аяқталды. Ал 1969 жылы туындының толық аяқталғаны сүйіншіленгенімен, тек бір жыл өткеннен кейін ғана, яғни 1970 жылы 16 қазан­да фильмнің таныстырылымы Мәскеуде өтті. Жаумен алыс­қан Мәншүк пен оның май­дан­дастарының соғыстағы бір күні көрсетілген айтулы туын­ды бастапқыда «Мәншүктің соңғы күні» деп аталды. Бірақ сце­нарийді ұзақ талқылаудан өткізген түсірілім тобы фильм мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіп, «Батырдың соңғы күні», «Кейіпкердің бір күні», «Біздің Мәншүк» деген бірнеше рет атау берілді. Алайда ұсынылған атаулардың арасынан киностудия «Мәншүк туралы ән» атауын таңдап, киносценарий авторы – Андрей Кончаловский, режиссері – Мәжит Бегалин, операторы Әбілтай Қастеев болып бекітілді.

Иван Дмитриев, Никита Михалков, Наталья Орын­ба­сарова, Виктор Авдюшко, Нұр­жұман Ықтымбаев, Олеся Иванова, Кәукен Кенжетаев, Иван Рыжов, Юрий Саранцев, Фарида Шәріпова сынды кіл мықтылардың басын қосқан айтулы фильмнің сценарийін Андрей Кончаловский арнайы Наталья Орынбасароваға лайықтап, актрисаның бар мүмкіндігін ескеріп жазған. Сондықтан болса керек, экранда жасындай жарқыраған бойжеткен естен кетпес ерекше рөл тудыра білді. 1969 жылы түсірілген фильм арада 55 жыл өтсе де әлі күнге дейін киносүйер қауым қызыға тамашалайтын бірегей туындылардың қатарында.

«Мәншүк туралы дастан» – мен түскен фильмдердің ішіндегі шоқтығы биігі. Себебі фильм­нің сценарийін мықты кино маманы, сол кездегі жұбайым Андрей Кончаловский маған арнайы жазған болатын. Тіпті мені көргенде Мәншүктің анасы Әмина Мәметова да қызына қатты ұқсайтынымды айтты. Екіншіден, режиссер Мәжит Бегалиннің өзі де соғысты көзімен көріп, майдан даласынан бір қолынан айырылып оралған, бірақ соған қарамастан елі үшін қай жағынан болсын пайдамды тигізсем деп жүрген нағыз ұлтжанды азамат еді. Фильмнің барынша шынайы шығуына мән беріп, режиссермен көп кеңестім. Тіпті костюм суретшілерінің «етіктің ішінен бәрібір кадрда көрінбейді ғой, шұлық кие сал» дегеніне көнбей, бәрі шынайы болсын деп шұлғау орадым. Сол секілді Мәншүк қолданған қару-жарақтың бар­лығын игеруге, үйренуге күш салдым. «Максим» пулеметі ме­нің жан досыма айналды. Оны шашып, қайта жинауды, майлауды – бәрін-бәрін түсірілім алаңында жүріп үйрендім. Фильмде пулеметті сүйреп келе жатқан кадр бар. Сонда оның салмағы – 64 кило екен, ал мен ол кезде небәрі 47 кило едім. Жалпы, мен өнер жолын таңдаған кезде: «Сен хас сұлу емессің, сондықтан жолыңдағы барлық бәсекені шеберлігіңмен жеңуің керек» деп өз-өзіме іштей талап қойғаным бар. Сол маған өнердегі жолымның жарқын болуына көп септесті. Мәншүк – дәл сондай, бағымды ашқан рөлдерімнің бірі. Мәншүк арқылы мен тек бір ғана батырдың өмірбаяндық кескіндемесін жасаған жоқпын, майдан даласында ерлік көр­сет­кен барша бойжеткеннің жиынтық бейнесін сомдадым. Түсірілім соғыстан қатты зардап шеккен ел – Беларусь жерінде өтті. Сол кездің өзінде қанды қырғынның ызғары есіп тұратын. Қан тамған топырақтың үстінде жүріп фильм түсіру де бізге сұрапыл соғыстың шын қасіретін сезіндіргендей болды, рөлімізді жүрегіміз қан жылап жүріп ойнадық» деп ағынан жарылған екен актриса кезінде «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.

 

Бегалиннің өтелген парызы

Иә, шынымен де «Мәншүк туралы дастан» сол кездегі тү­сірілімге атсалысқан кино­гер­­лердің қай-қайсысына да қымбат туынды болатын. Себебі фильм режиссері Мәжит Бегалин майдан даласында болған, сұра­пыл соғысты көзімен көрген. Тіпті Мәжит Бегалин Мәншүк соғысқан 100-ұлттық атқыштар дивизиясында болды. Кейін 1943 жылы кезекті бір шайқаста оң қолынан айы­рылған ол майданнан оралып, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының (ВГИК) режиссерлік факультетіне оқуға түсіп, С.А.Герасимов пен Т.Ф.Макарованың шеберханасын тәмамдайды. Кейін ол соғыс өртінде өжеттілігімен есте қалған қарулас қыздың батырлығын кино тілімен жеткізуге бел буады. Тіпті бұл мақсат режиссер Бегалиннің шығармашылық жұмысындағы басты мұраттарының біріне айналады. Бұл туралы жазушы, кинодраматург Дмитрий Снегин: «Мәжит Бегалинмен әңгі­ме­міз ауыр күндерді еске алумен өрбитін. Себебі біз екеуіміз Мәншүк қаза болған жерде шайқастық. Бізде ортақ естелік көп еді. Екеуіміз үшін де майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қазақ қызының жауға қалай қарсы тұрғанын көрсету – парыз деп білдік» деп жазады естелігінде.

Әу баста Мәншүк өмірін балалық шағынан бастап то­лық­тай қамтуды мақсат еткен сценаристің еңбегі кейін жоғары жақтың талабымен біраз күзеліп, фильм деректі мате­риал­ға негізделмеген ке­йіп­­­кердің соғыстағы жалпылама және рәміздік сипатын ғана көрсете алды. Әйткенмен бұл фильм «Мәншүк бей­несін шынайы жеткізе алма­ды» деген жаңсақ пікір ту­дырмаса керек. Кері­сінше түсірілім тобы қаһарман қыздың бо­йын­дағы мақсатшыл, талап­шыл, батыл әрі адал Мәншүктің бейнесін жан-жақ­ты көрсетті, ол мақсатты Наталья Орын­ба­сарова да өз деңгейінде кәсіби шебер­лік­­пен алып шықты. Оған дәлел – «Қазақ­­­фильм» киностудиясының көр­кемдік кеңесі Мәжит Бега­линнің режиссерлік жұмысына «Кине­матографиялық ойлаудың тұтас­тығы, дере­кті оқиғалардың үйлесуі, көркем бөл­шектердің экспрессивтілігі, жеке тұлғаны, лаконизмді және ұрыс көрі­ніс­терінің ішкі шиеленісін ескере отырып, актермен жұмыс істеуіне дейін ше­бер орындалған» деген жоғары баға бер­ген. Аталған фильмнен кейін де «Мән­шүк» тақырыбын көркемфильм тілінде жаңаша игеріп көруге тырысқан режис­серлер болды, бірақ дәл Мәжит Бега­лин­нің шедевріндей шынайылық пен шеберлік шыңына шыққаны әзірге жоқ.

 

Айтұрғанның Әлиясы

«Шығыстың қос жұлдызы» атанған қазақтың қос батыр қызы Мәншүк пен Әлия десек, сол қатар аталатын егіз есімнің сыңары Әлия Молдағұлова туралы 1985 жылы «Мергендер» деген фильм түсірілді. Қырғыз режиссері Болат Шәмшиев таспалаған Әлияның өмірі мен ерлігі туралы фильмде басты рөлді қырғыз актрисасы Айтұрған Темірова сомдады. Сценарийін режиссердің өзі Сейілхан Асановпен бірлесе отырып жазады. Рас, кезінде фильмнің айналасында түрлі әңгіме де болды. Әйтсе де режис­­сер де, актриса да мерген Әлияның шынайы болмысын көрсетуге бар күшін салғаны аян. Бүгінгі ұрпақ Әлияның бейнесін тек мұрағаттарда сақталған бірді-екілі суреттері, осы фильмдегі Айтұрған сомдаған кейіпкер арқылы біледі. Ал актрисаның өзі болса жас кезде өзінің сүйікті кейіпкеріне соншалықты ұқсас болғанына таңғалатынын айтады: «Әлияның өмірбаяны бір атылған оқ сияқты қысқа» деп жазған бір автордың сөзі менің кейіпкерімнің тағдырын тура суреттеген секілді. Менің фильмо­графиямда Әлияның рөлі – ең ерекше, ең қадірлі рөл. Әлияның суретін алғаш рет көргенде: «Мен әскери формада қашан суретке түстім?» деп қатты таңғалғаным бар. Екеуміз судың екі тамшысындай ұқсас екенбіз» дейді актриса ағынан ақтарылып. «Қазақ ұлты неге мені осы образда құрметтейді, неге мені осы образда жақсы көреді деген сұраққа көп ойландым. Сосын түсіндім: осы фильмге түсер алдында Әлияның өмірін, ерлік жолын көп зерттедім, елге жазған хаттарын оқыдым. Оның жазған әр хатының әр жолындағы жасырынған сезімдерді сездім, түйсіндім, Әлияның таным көкжиегін, оның қазақ еліне деген махаббатын, оның армандарын көрдім. Әлияның дәл сол сәтте басқа жолмен жүре алмайтынын түйсіндім. Оның тағдыры еді бұл. Мен Әлияның қағаздағы өмірін зерттеп қана қоймай, соның кейпіне түсіп, көркем фильмдегі «майдан даласына» шықтым. Әлия кигендей ауыр шекпендерді, ауыр аяқкиімдерді киіп, зіл батпан қаруды асынып, қақаған қыста, шіліңгір шілдеде жер бауырлап жатып, «жаумен соғыстым». Сол образда фильмге түскенде тұтас жан-жүйеммен, санаммен Әлияның рухымен, Әлияның образымен өмір сүрдім. Сондай сұрапыл жылдары Әлиядай қайсар адам басқаша әрекет ете алмайтынын түсіндім. Әлия мен үшін жай ғана кейіпкер емес, оны соғыс жылдары қару асынған көп жауынгердің бірі деп те жай ғана айта салуға болмайды. Маған Әлияның образына ену де, ол образдан шығу да өте қиын болды. Себебі терең мағыналы, сонысымен де әрі қадірлі, әрі ауырлау рөлдерге ену қаншалықты қиын болса, шығу да соншалықты ауыр болады», дейді Айтұрған Темірова Әлия рөлі туралы толғанып.

Иә, экран арқылы шебер сомдалған актриса ойыны шынымен-ақ қалың қазақтың жүрегінде Әлия болып жат­талды. Ал тарихи фильм қазақ кине­ма­тографиясының алтын қорына енді. Сол секілді режиссер Бекболат Шеке­ров түсірген Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, партизандар отрядын басқарған жазушы Әди Шәріпов туралы «1941 жылдың жазы» фильмі де көпшілік көңілінен шыққан сәтті туындылар қатарында. Картинадағы бас­ты рөлді Азамат Нығманов сомдады. Актер бұған дейін де бірнеше әскери драмаға, оның ішінде «28 панфиловшылар» атты кинотаспаға түскен.

Жалпы, соғыс туралы, ондағы батырлардың көзсіз ерлігі тақы­рыбында қазақ кинематографиясында көркем фильмдер аз түсірілген жоқ. Тек сапалық һәм мазмұндық тұрғыдан деңгейі сан алуан. Солардың ішінде Тәуелсіздіктен кейін таспаланған туындылардың көшін бастайтыны – Ақан Сатаевтың «Бауыржан Момышұлы», жау тылында пар­тизандық қозғалыстың қырағы жетекшісі ретінде көзге түскен Қасым Қайсенов ерлігін көрсеткен режиссер Леонид Белозоровичтің «Қасым» телехикаяларын ерекше атап өткеніміз абзал. Аталған туын­дылар туралы кино мамандарынан пікір сұраған едік.

 

 Нағыз қаһармандық хикая

– Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың біткеніне ғасыр жуықтаса да бүгінгі ұрпақ майдангерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпасы хақ. Олардың қайсарлығы мәңгі жұрт жадында. Айқас алаңында өршіл ерлігімен көзге түскен өр рухты, ер мінезді тұлғалардың алдыңғы шебінде Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтің есімі ерекше аталады. Олар туралы танымдық мақалалар мен экран өнері арқылы қалың жұртшылыққа насихаттап келе жатқан отандық көркемсуретті, деректі фильмдер және телехикаяларымыз да баршылық. Мәселен, режиссер Ақан Сатаев 2013 жылы Кеңес Одағының батыры, жазушы, даңқты жауынгер, әскери қолбасшы, стратег әрі тактик Бауыржан Момышұлы туралы бес бөлімнен тұратын телехикаяны көрермен назарына ұсынды. Фильмде батальон командирі ретінде ұрысқа қосылған Бауыржан Момыш­ұлының алғашқы шайқасы, оның майдандас достарының ішкі ахуалы, өзіне де, өзгеге де талапшыл жанның жаужүрек мінезі туралы баяндалады. Туындыда Бауыржан бейнесін актер Еркебұлан Дайыров сомдаған. Сондай-ақ өзге де танымал талант иелері Әсел Сағатова, Виктор Ашанин, Мақсат Сәбитов, т.б. бой көрсетті.

Бұл фильмге не­гіз бол­ған әдеби нұсқа Бауыржан Мо­мыш­ұлы­ның өз еңбегі еді. Соғыс тақы­рыбын ашудың өзіндік ерекшелігі режиссер тарапынан табылған тосын әдіс бол­ды, мұнда бар-жоғы төрт күннің оқи­ғасы қамтылады. Әйгілі Панфилов диви­зиясының құрамында болған Бауыр­жан Момышұлының батальонына Волоколам тас жолын төрт күн бойы жау танктерін жібермей ұстап тұруға тапсырма берілген. Осы төрт күндік шайқаста ерлік көрсеткен жауынгерлердің іс-әрекеттері арқылы фильмге мазмұндық сипат беріліп, сол арқылы тұтас тақырыптың идеясы ашылады. Кейіпкердің мінез-ерекшелігі де осы төрт күндік оқиға желісімен өрнектеледі.

Ал телехикаяда даңқты қолбасшының әскери өнері, ұрыс жүргізу айла-тәсілдері, әскерлерге басшылық ету мен оларды басқару қабілетіндегі тактика мен әскери стратегиядағы жаңашылдығы, отбасына деген аса қам­қорлығын өзгеше қырынан аша түскен. Оператор Хасан Қыдыралиев алған бетінен қайтпайтын қайсар Бауыржанның ішкі темпераментін камера арқылы ерекше суреттеген. Ол кейіпкер жан дүниесін бақылай отырып, кейіпкер мен табиғаттың үйлесімділігін қатар суреттеп, бейнелік шешімін сәтті жүзеге асырған. Сәтті шыққан кинокадр – бұл шығармашылықтың, интел­лек­туалдылықтың және психо­логиялық шыдамдылықтың оператор бойына дарыған үлкен жемісі.

2013 жылы Қазақстан, Украина және Ресейдің киногерлері мен телекомпаниялары бірігіп, «Қасым» атты төрт бөлімнен тұратын детективке бергісіз телехикая түсірді. Туынды ТМД аумағына таратылды. Телехикая сюжетінде майдан шебіне барлаушы Қасым Қайсенов диверсанттар тобын басқарып барады. Бірақ оның барлық сарбаздары сатқындықтың кесірінен фашистердің қолынан опат болады. Жау шебінде жалғыз қалған Қасым өзіне берілген тапсырманы орындап, жаудың қару-жарақ қоймасын жоюы керек-тұғын. Қазақ партизанының өмірі украин жерімен тығыз байланысты. Өйткені Қайсенов пен оның басқаруындағы Чапаев атындағы партизан отряды жауынгерге тән қайтпас қайсарлығы мен ұмытылмас ерліктерін осы мекенде көрсетті. Сондықтан да сериалдың басым бөлігі Украина жерінде түсірілген. Соғыс уақытындағы сатқындық, күдік, қорқынышқа қарамай жергілікті халық Қасымға көмекке келеді.

Режиссер Леонид Белозоровичтің бұл туындысында өмірдің бояусыз шын көріністері орын алған. Кино тілінің суреттеу заңдылықтары тұрғысынан кездесіп жатқан кейбір кемшіліктері тұтас сериал­ құрылымындағы тереңдік пен табиғи үйлесім тапқан орта және кейіпкер атмосферасында көзге көрінбестей білінбей кетеді. Қасым Қайсенов бейнесінің ерлігі арқылы соғыс жылдарының ауыр сипаты, фашистердің жауыздығы көрініс тапқан. Сериалдың өң бойында әсерлі эпизодтар баршылық. Туындының үлкен жетістігінің бірі – Қасымның рөлін сомдаған өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевтың актерлік шеберлігі. Актер сомдаған Қасым бейнесі – адами қасиеттердің ең үлгілі сипаттарын жинақтаған кейіпкер. Қасіретке мойымай, қайратты мінез көрсеткен Қасым соғыс жылдарындағы рухани азап ортасында жүріп, ерлікке ұмтылған әрбір сарбаздың бейнесін шынайы жеткізе білген. Аталған телехикаяда соғыс алаңынан айқын көрсетілетін атыс-шабыс элементтері жоқ­тың қасы, алайда соғыстың ауыр сипаты ауыл тұрғындарының тіршілігі арқылы соншалықты шынайы берілген. Қуандық Қыстықбаев өзінің кейіпкері мінезіндегі, оның ішкі жан дүниесіндегі өзгерісті дәл таба білген. Актер ойынының шеберлігі нәтижесінде сериалдағы бір ғана Қасым Қайсенов кейіпкерінің тағдыры, оның жан тебіренісі арқылы тұтас халықтық сипат алған құбылысты бақылауға мүм­кіндік бар.

Екі туындыда да жеріне, еліне деген сүйіспеншілік сезімі кейіпкерлер әрекеттері арқылы бір ғана ауыл, бір ғана ел, бір ғана ұлт шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық мағынаға ие болған. Бас кейіпкерлердің ішкі тебіреністерін дәлірек сезінуге мүмкіндік беріп тұрған пландар, табиғи көріністермен қатар, бейнелік шешімдер – сериалдардағы философиялық мазмұнды аша түсіп, терең­деткен. Тоқетерін түйгенде, «Бауыржан» мен «Қасым» – нағыз қаһармандық хикая.

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,

кинотанушы, өнертану магистрі