Ли Куан Ю сынды абыз тұлға жер көлемі жағынан әлемде 171-орында тұрған Сингапур сынды әрі қала, әрі арал мемлекетті небәрі 30 жылдың ішінде жер бетіндегі ең дамыған дара мемлекеттердің қатарына қосқан. Оның: «Мемлекеттің ұлылығын тек жер көлемі айқындамайды. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті құтты мекенге айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылардың сапасы сомдайды» деген дана пікірі бар. Бұл пікірдің өміршеңдігін, әсіресе Жапония сынды арал-мемлекеттің болмыс-бітімі дәлелдей түседі.
Жаһандық интернет желісіндегі ғылым сүзгісінен өткен шынайы энциклопедиялық ақпарат көздерінен көріп отырғанымыздай, экономикалық әлеуетінің қуаттылығы мен жалпыұлттық ішкі өнімінің ауқымдылығы жағынан бүгінде күллі әлемнің көшбасында АҚШ, Қытай, Германия, Жапония келе жатқаны көпке мәлім. Аумағының көлемі жағынан әлемде 61-орында тұрған Жапония сынды мемлекеттің АҚШ пен Қытай секілді алпауыттармен бәсекелесетіні кімді болса да таңдандыратыны белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыста бұл мемлекеттің алапат жеңіліске ұшырағанына қарамастан, тез есін жиып, экономикасын қысқа мерзім ішінде қайта қалпына келтіре білді. Ғылыми әлеуетін де шарықтата дамытып, заманауи технологияларды да тез игеріп алғаны – ешкімді бейжай қалдырмайтын құпияның бірі.
Аталған жетістігінің арқасында салық атаулыны әлемдегі ең төменгі деңгейге түсірген Күншығыс елінің Франция, Италия, Канада, Ұлыбритания, Германия сияқты оза дамыған қуатты елдермен қатар кеңес одағы секілді алып империяны да басып озып, келесі 40 жыл бойы АҚШ-тан кейінгі әлемнің екінші экономикасы атанғаны да таңқаларлық құбылыс.
Алайда 2010 жылы Қытайды алға оздырып, үшінші орынға тұрақтағанымен, 1955-1973 жылдар аралығында экономикалық қуатын әр жыл сайын 10 пайыздық өсіммен еселеген Жапония күллі әлемді аузына қайта қаратып, «жапондық экономикалық ғажайыпқа» айналып шыға келген-ді. 70-жылдары бұл ел өз экономикасының күллі құрылымын қайта реформалауға кірісіп, оған халықаралық сипат беруге күш салған еді. Осы саясатының арқасында Жапонияның сыртқы сауда байланысы күрт күшейіп, капитал өндіруге, экспорт-импортқа да үлкен мүмкіндігі ашылып, ендігі жерде трансұлттық корпорациялары әлем экономикаларына белсене ене бастаған-ды. Нәтижесінде, жапондық кәсіпкерлер бизнес ошақтарын шетелдерге жылжытып, ондағы өндірістік базаларын да қоса қалыптастырып алған-ды.
90-жылдарға қарай Жапония халықаралық нарықта қалыптасқан нормалар мен қағидаларға сәйкес келмейтін трансшекаралық сауда, капитал қозғалысы және технологиялар алмасу секілді салалардағы шектеулерін түгел алып тастады. Нәтижесінде, корпорацияларының өндіріс желілері жаһандық деңгейге көтеріліп, күллі әлемге таныла бастады. Міне, сондықтан да болар, Жапония сомдаған экономикалық ғажайыптың сырын ұғуға талпынған мемлекеттер саны күрт көбейіп, бұл үрдіс, тіпті күні бүгінге дейін еш толастаған емес.
Жапония экономикасының тартымдылығын бұрынғыдан бетер арттыра түскен төмендегі инновациялық сипаттарын да атап кеткен артық болмас. Олардың қатарында мыналар тұр:
– Ел ішіндегі тауар өндіруші компаниялардың, сол сияқты оларды шикізат ресурсымен қамтамасыз етуші құрылымдардың, сондай-ақ дайын өнімдерді сатушы компаниялар мен банктерді бір нүктеге тоғыстырып, оларды бір-бірімен тығыз байланыстыратын кэйрецу деп аталатын дәнекер бірлестіктердің белсенді қызметі;
– Кәсіпкерлер корпусының Үкіметпен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған ұйымшылдығы;
– Жұмысшыларға ірі корпорацияларда өмір бойы қызмет істеуге кепілдік беретін жапондық менеджерлік мәдениеттің үстемдігі;
– Жұмысшылардың құқын қорғайтын кәсіподақ ұйымдарының биік абыройы.
Күншығыс елі сонымен қатар әлемдік капитал нарығында да өте маңызды рөлге ие. Мәселен, 2021 жылы 411 триллион иенге тең таза инвестициялық ұстанымы бар әлемдегі ең ірі несие беруші мемлекет Жапония болған екен. Сосын, бұл ел аса ауқымды алтын-валюта резервтерінің де иегері. Бұл тұрғыдан келгенде, Жапонияның 2021 жылы әлемде Қытайдан кейінгі 2-орынға көтерілгені осының нақты дәлелі.
Ал енді Жапония сомдаған жоғарыдағы экономикалық ғажайыптың тарихи бастау көздері мен тамырлары қайда жатыр дейтін болсақ, оны төмендегіше тарқатуға болады:
Біріншіден, жапон халқының төл тарихымен біте қайнасқан бірегей мәдениеті мен салт-дәстүр сабақтастығы;
Екіншіден, ел-жұртының отбасылық тәлім-тәрбиесінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнегесі;
Үшіншіден, білім-ғылым ордаларының биік сапасы;
Төртіншіден, есте жоқ ескі замандардан бастап, күні бүгінге дейін үзіліссіз жалғасқан жапон елінің императорлар династиясының эготизм, непотизм және жемқорлық секілді жегіқұрттардан мүлде ада әрі кіршіксіз тазалығы;
Бесіншіден, мемлекеттік қызметтің өзге буындарындағы күллі лауазым иелерінің меритократиялық ұстанымдарының беріктігі және тарихи сабақтастығы;
Алтыншыдан, мемлекеттің қара қылды қақ жаратын құқық жүйесі мен инклюзивті институттарының әділеттілігі мен қуаттылығы;
Жетіншіден, саяси билік пен халықтың арасындағы сенімнің селкеу түспес бұлжымастығы;
Сегізіншіден, мемлекет болашағы мен қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін кез келген ащы шындықты халықтың назарынан құпия ұстауға немесе жасырып қалуға императорлардың ешқашан жол бермегендігі.
Сосын, бұл аса маңызды әрі елімізге де өте тағылымды ақпараттың бұлтартпас дәлелдері тек жаһандық әмбебап энциклопедияларда ғана емес, сонымен қатар Жапония тарихы мен мәдени құндылықтарына терең бойлап, оларды ұзақ жыл бойы үзіліссіз зерттеп-зерделеген әлем ғалымдарының ғылыми жұмыстарында да тұнып тұр. Мәселен, сондай ғылыми туындылардың бірегейі – орыс тілінде 2010 жылы жарық көрген ресейлік дипломат-ғалым Александр Мещеряковтың «Япония в объятиях пространства и времени» атты энциклопедияға бергісіз монографиясы. Айтса айтқандай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, ақын әрі кәсіби аудармашы Александр Мещеряков Жапония туралы терең ғылыми зерттеулеріне ғұмырының 40 жылын арнапты. Бұл күнде жасы жетпіс үштегі зерделі ғалым Жапония мемлекетінің тарихы мен мәдениетін ғана емес, Күншығыс елінің мемлекеттік құрылымын да, ішкі-сыртқы саясатын да, сол сияқты айналасын түгелдей теңіз қоршаған мыңдаған үлкенді-кішілі аралдан құралған архипелагтың сан қилы табиғи құбылыстармен терең үйлесім тапқанын тереңнен қозғайды. Әрі ұзақтығы 1 280 000 (бір миллион екі жүз сексен мың) километрге жуық жол салған еңбекқор жапондықтардың бірегей тұрмыс-тіршілігін де, олардың азық-түлік пен күнкөріс көздерін де, наным-сенімдерін де тілге тиек етеді. Сонымен қатар автор: «Жапония императорларының династиясы неліктен әлемдегі ең ұзақ династия?»; «Жапондықтар неден көбірек қорқады, жер сілкінісінен бе, жоқ әлде құрғақшылықтан ба?»; «Олар неге ет жемеген?»; «Сакура неліктен Жапонияның бойтұмары?» сияқты оқырманға қызық алуан түрлі сауалға да өте тұшымды жауап береді. Сосын Александр Мещеряковтың жапон тілінен орыс тіліне тікелей өзі аударған «Байырғы Жапония: буддизм және синтоизм»; «Байырғы Жапония: мәдениет және мәтін»; «Император Мейдзи және оның Жапониясы»; «Жапония императоры және орыс патшасы», т.с.с. жиырмадан астам іргелі туындысымен қатар жапон өркениетіне қатысты ұзын саны 300-ге тарта сараптамалық эссе мен мақала топтамасының авторы екені де ерекше әсер қалдырады. Сондай-ақ 40 жыл ішінде өз зерттеу нысанының теңдесі жоқ білгіріне айналған ғұлама ғалым «кез келген халықтың мәдениетінен күллі мәдениет атаулыда болуы мүмкін барлық құндылықты табуға болады» деген терең ғылыми байламға табан тірейді. Тәжірибелі автордың бұл байламы – ешбір дәлелді керек етпейтін аксиома. Өйткені айтулы ғалымның терең білімі мен бай тәжірибесіне сүйене отырып, бір сәт қана ойлансақ, жапон халқының тарихи-мәдени құндылықтары ғана емес, әлемдегі өзге халықтардың да, олардың ішінде, өз халқымыздың төл мәдениетінің өзегіне ғасырлар бойы өрілген кісілік пен кішілік, әділет пен шындық, мейірім мен шапқат, арылу мен тазару, қанағат пен ынсап, ізет пен әдеп, тектілік пен әдептілік, тазалық пен пәктік, ұят пен ар, қажыр мен қайрат, парасат пен пайым, қанағат пен қайырым, сабыр мен төзім, арман мен мұрат, намыс пен жігер секілді қасиетті ұғымдардың күллі адамзат өркениетіне тән екеніне де ешбір күмәнсіз көз жеткізе аламыз. Бұл біріншіден.
Екіншіден, тағы бір сәт ойлансақ, есте жоқ ескі заманнан бері қарай, адамзат өркениетімен жағаласып, оның жалына жармасып, аяғынан шалып, құйысқанына қыстырылып келе жатқан алаяқтық, көзбояушылық, сатқындық, ұрлық-қарлық, дүниеқоңыздық, жемқорлық және парақорлық секілді жегіқұрттармен күрестің үнемі жалғасып келе жатқанына қарамастан, әлгі жиренішті құбылыстардың, әсіресе ақпарат технологиялары дамыған бүгінгі таңда үдеп бара жатқанының да куәсі болып отырмыз.
Үшіншіден, тағы бір сәт ойлансақ, «ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық адамның ары мен білімі бар» демекші, әділет пен адалдықты, ар мен ұятты бәрінен биік қойып, бір ауыз уәлі сөзімен ғана қара қылды қақ жара дау шешкен билердің өз халқымыздың әдеп қағидаларымен астасып жатқан шешендік сөздері мен тәлім-тәрбиенің мәйегіне айналған мақал-мәтелдерімізден жиі көрініс табатынын да жас ұрпаққа үлгі етуден жалықпағанымыз жөн. Мәселен, төбе би атанған Төле бидің:
«Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол» деген аталы сөздері мен қаз дауысты Қазыбек бидің:
«Алтын ұяң – Отан қымбат,
Туып-өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат»
деген тағылымды жыр жолдары, сол сияқты Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртының іргелі ел болуына ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан Әйтеке бидің ел мүддесін қорғаштай отырып, Орманбет биге айтқан:
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауға найзаң тисін.
Бай болып елге пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін»,
сынды тас жаратын үндеуі немесе «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», «ашкөздік елді аздырады, тойымсыздық төрені тоздырады», «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» секілді айтылмаса атасы өлетін мақал-мәтелдеріміздің жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне әрдайым бағдаршам болары сөзсіз. Ендеше, осындай қасиетті құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтай біліп, оларды өмір сүру салтымызға айналдырумен қатар жастарымыздың санасына сіңіре білсек, еліміз де әлемнің оза дамыған елдері секілді дамудың сара жолына түсіп кетер еді деген үміт оты лаулайды. Ол үшін, ең алдымен, күллі қоғамымыздың ағзасына әсіресе кейінгі отыз жылда терең бойлап, уын шашып үлгерген жегіқұрттардан арылу тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да басты нысанасы болып қалары күмәнсіз. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатынын ескерсек, тек жемқорлық қана емес, эготизм, непотизм секілді емі жоқ обырлардың улы қалдықтарынан арылу да өте маңызды. Өйткені мемлекет пен халықтың байлығын ондаған жыл бойы жапыра жалмап келсе де жұмырына жұқ болмаған тойымсыз топтың әлі де саяси билік тізгінінен дәмелі екені белгілі. Олай болса, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, жымысқы пиғылдылармен ымырасыз күрестің әлі де жалғасатыны күмән тудырмайды. Сондықтан да, мұндай қатаң шаралар дәл сондай қатал, бірақ ел болашағы мен мемлекет қауіпсіздігіне кепіл болатын ұлттық идеологияның өзегіне өріліп, қараға да, ханға да бірдей әділ заңдармен әдіптеліп, күллі қоғамның бас қаруына айналуы шарт. Бұл идеологиялық қарудың ұстараның жүзіндей өткір болуына тек мемлекеттік органдар ғана емес, күллі қоғамның да белсенді атсалысуға тиіс.
Дәл осы тұрғыдан келгенде, кезінде Израиль мемлекетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі емес, бірегейі әрі сол мемлекеттің төртінші премьер-министрі болған Голда Меир ханымның өз халқына жолдаған мына бір өткір үндеуінің ел-жұртымыз үшін де теңдесі жоқ үлгі боларына сенім мол. Себебі көреген саясаткердің «Егер сіз болашақ үшін еш қорқыныш сезімі жоқ ел құрғыңыз келсе, онда тек екі қадам жасаңыз: жемқорлықты Отанға жасалған сатқындыққа, ал жемқорларды жетінші ұрпағына дейін сол сатқындықты жасаған сатқындарға теңестіріңіз. Үш мамандық иелерін ең жоғары жалақы алатын әрі ең құрметті мамандық иелері етіңіз. Олар – әскерилер, мұғалімдер және дәрігерлер. Ең бастысы, үнемі еңбек етіңіз, еңбек етіңіз және еңбек етіңіз. Өйткені өзіңізден басқа ешкім де сізді қорғамайды. Сізді өзіңізден басқа ешкім де асырамайды. Сіздің еліңіз тек сізден басқа ешкімге де қажет емес. Сосын, бұл тек құрғақ сөз немесе ұран болып қалып қоймай, сіздің өмір салтыңызға айналса, онда сіздің де көздеген мақсатыңызға жеткеніңіз», деген құйқаны шымырлататын отты сөздеріне құлақ түрмеу мүмкін емес.
Ендеше, «жұт жеті ағайынды демекші», дәл бүгінгі аумалы-төкпелі геосаяси кезеңде күллі әлемді қара бұлттай шарпыған антропогендік қауіп-қатермен қатар, бұрын-соңды болмаған экологиялық апаттардың себеп-салдарымен тиімді күресу үшін де, ең бастысы, ел бірлігін сақтай отырып, мемлекеттік билік пен халқымыздың арасындағы сенімге сызат түсіріп алмау үшін де, жоғарыда сөз болған жапондық мәдени, саяси және экономикалық құндылықтармен қатар сингапурлық абыз Ли Куан Ю мен израильдік әйгілі саясаткер Голда Меирдің ортаға тастаған заманауи қағидаларынан, сол сияқты, «ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, өз мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің озығын қастерлей отырып, жемқорлық атаулыдан іргесін аулақ салған, сондай-ақ, теңсіздіктің түптамырын қиып, ұлттық қорын еселей молайтып, қуатты экономикасынан түсетін пайданы халқымен тең бөлісіп келе жатқан Скандинавия елдерінен тарыдай ғана сабақ ала алсақ, ұтылмасымыз анық.
Әділ АХМЕТ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері