Сурет – үнсіз хабаршы, сурет – ескіден сыр тасушы. Әр тұстан табылған көне суреттер санамызда жаңа кеңістік ашып, ойымызды байытады. Әсіресе мәдениет пен әдебиеттегі алыптарымыздың бізге жеткен жарқын бейнесі таптырмас құндылық.
Жақында белгілі публицист, жазушы Құлтөлеу Мұқаш заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды классиктеріміз бар ескі суретті әлеуметтік желіге жүктеген болатын.
– Фотодан ұлы Мұхтар Әуезов бастаған Ғабит Мүсірепов, Ғабдол Сланов, Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев сынды ақын-жазушылар мен актер Қалибек Қуанышбаевты сондай-ақ белгілі ұйғыр қаламгері Зия Сәмәдиді таныдым. О кісі Ғабеңнің сол жағында отыр. Мұхаңмен қатар жайғасқан кісіні Бұқара Тышқанбаев па деп долбарлаймын. Өзгелері ұйғыр ағайындар ма деген ойдамын. Осы сурет қашан, қандай жағдайда түсірілді екен?.. Зия Сәмәди қазақ еліне арғы беттен 1961 жылы келіпті. Сонда бұл Шыңжан жерінде түсірілген кескін бе, әлде..., – дей отыра қаламгер көпшілікке «мына сәттен кім хабардар?» деп сауал жолдайды.
Иә, өткен ғасырда әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларымыздың әр бейнесі ыстық, қымбат. Біз тарихи суретті газетіміздің авторы, зиялылар өмірінің білгірі, профессор Серік Негимовтен сұрап білген едік.
– Бұл өз елімізде түскен фото деп ойлаймын. Жоғарыда аталған Мұқаң мен Ғабең ортасындағы кісі Зия Сәмәдиден гөрі Құрманбек Жандарбекұлына келеді. «Бұқара» деп отырған кісі – профессор Белгібай Шалабаев. Жоғарырақта тақия киген – Қасым Тоғызақов. Қапан Сатыбалдин де тұр. Өз елімізде түскен деуіме себеп – Қ.Тоғызақовқа ол кезде шетел түгіл, Мәскеуге баруына тыйым салынған еді, – дейді профессор.
Шынында, қым-қиғаш тағдыр кешкен атпал тұлғалар өмірінің қайбір үзігі де бүгін мен болашақты ұғынуға мүмкіндік ашпақ. Құнды сурет құпиясы қазақ барда халықпен бірге көшіп, әр ұрпақ көзімен өзгеше сипат алары даусыз.