• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2015

«Мұнай майданындағы» машақат

326 рет
көрсетілді

Кеше әлем нарығында Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 50 доллардан да төмен түсіп кетті. Нақтырақ айтқанда, ол 49,24 доллар деңгейін көрсетті. Ал WTI мұнайының бағасы 47,50 доллар ғана болды. Сарапшылар мұны Goldman Sachs компаниясы болжамының дұрыс шықпағанынан көргенімен, оның арғы түбінде АҚШ-тың мұнай бағасын төмендетуге бағытталған саясаты жатқанын жақсы біледі. Әуел баста Ресей экономикасына барынша сезімтал соққы беруге бағытталған бұл тірліктің соңы Американың өзіне де оңай тие қоймады. Осы текетірестің салдарынан мұхиттың арғы бетінде «жарнамасы жер жаруға» айналған тақта тас мұнайын өндіретін алғашқы компания жақында ғана банкротқа ұшырады. Жағдайдың бұлай болуына келіспейтінін білдірген Иран мен Венесуэла елдерінің басшылары өткен аптаның ақырында арзаншылыққа қарсы күрес мазмұнындағы өзара келісімге қол қойды. Олар Brent маркалы мұнай бағасын бастапқы қалпына келтіруге барынша бірлесе күш салмақшы. Бірақ жағдайдың әл-әзірде бірден түзеліп кететініне сенім аз.

Тақтатас тақырға отырғызды

АҚШ-тағы қырыққа жуық ұңғымасы бар WBH Energy мұнай компаниясы қаң­тар айының алғашқы онкүндігі соңында өзінің тіршілік етуін тоқтатты. Бұған әлем нарығындағы мұнай бағасының жылдам қарқынмен құлдырап, төмен түсуі тікелей әсер етті. Компания соңғы үш жылдың ішінде Солтүстік Техаста 2,5 мың акр жер аумағына орналасқан 37 ұңғыма арқылы тақтатас (сланец) мұнайы мен газын өндіріп келе жатыр еді. Кен орнының бұл аралықтағы қарыздарының көлемі 50 млн. доллар шамасына жеткен. Сонымен бірге, оның төлем төлеуге қауқарсыздығы да белгілі болды. Сарапшылар «қара алтын» бағасының арзандай түсуі салдарынан енді Американың басқа компанияларына да тақырға отыру қаупінің ұлғайып келе жатқанын айтады. Осылайша «Американың тақтатас мұнайы революциясы» өзінің әуелгі бастау алған жерінде – Техас топырағында қалай аяқ астынан бастала салса, тап солай бірден құрдымға кетіп, тоқтай қалатын түрі бар. Бірақ «WBH Energy – ұсақ компания, оның банкротқа кетуі салада тұтастай алғанда, дағдарыс қалыптасқанын білдірмейді», – деп санайтын сарапшылар да кездеседі. Ондайлар фирманы АҚШ-тың тақтатас энергетикасы рыногының мықтырақ ойын­шыларының бірі сатып алып, оны қай­тадан өркендетеді, деп есептейді. Бұған қоса, АҚШ-та мұнай бағамының төмендеу тұрғысында тақтатасты энергетикалық компаниялар облигацияларының табыс­тылығы өсіп жатыр. Ал Deutsche Bank-тің мәліметтеріне қарағанда, АҚШ-та мұндай активтерге жарты триллион доллар қаржы салынған. Соңғы бірнеше жыл бойына бұл елде энергетикалық дүмпу бой көрсетіп, Солтүстік Америкадағы шығыны аз тақтатас кен орындарында мұнай мен газ өндір­ген компаниялар қарық болып қалған. Алай­да, бар-жоғы алты айдың аумағында мұ­най бағамының екі жарым еседен арыға арзан­дап кетуі тақта тас өндірушілер ар­тық­­ш­ы­лықтарының бәрін түгел жоққа шығарды. Бір айтатын жайт, WBH Energy-дің банкротқа ұшырауы Колорадо штатындағы Fmericen Efele Energu атты келесі шағын мұнай компаниясы мұнайдың бағасы қайтадан көтерілгенше жұмысты тоқтата тұратыны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін орын алды. «Мұнай мен газдың бағасы неғұрлым ұзақ уақыт төмен болған сайын, бұл дағдарыстың мерзімі де ұзай түседі, – деді осыған орай саясаткер Ариэль Коэн. – Сауд Арабиясы мен Таяу Шығыстың басқа да елдерінен арзан мұнай неғұрлым көбірек келген сайын, АҚШ-та тақтатас мұнайы мен газын өндіретін компаниялардың жағдайлары ауырлай бермек. Бұл мұнай өндіру жұмысы қымбатқа түсетін барлық елдерге ауыр соғады». Соған қарамастан, қазір Сауд Арабиясы да, Біріккен Әмірліктер де мұнай өндіру көлемін қысқартуға асығып отырған жоқ. Мұның өзі жоғарыда аталған елдер категориясы үшін ептеп үрей де туғызып тұрған сыңайлы. Аналитиктердің пайымдауларынша, әлем рыногы балансын өзгерту үшін Американың тақтатас мұнайына берілетін инвестицияның көлемі қысқартылатын болса, «қара алтынның» төменгі бағада сатылуы жалғаса бермек. Сарапшылар бұл жағдайға тақтатас мұнайын «аспанға шарықтата көтерудің» әсері аз болмағанын ашып айтуда. Олар, атап айтқанда, АҚШ президенті Барак Обаманың «тақтатас көпіршігі» әлем экономикасының қирауына негіз де болатынын алға тартады. Себебі, осы текетіреспен 50 долларлық белдеуге түскен мұнай бағамы үстіміздегі жылы бұдан соншалықты жоғары көтеріліп кете қоймайды. Мұны Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (МЭЕҰ) көптеген мүшелері, айталық, қаржы «жастығы» 800 млрд. долларға жуықтайтын Сауд Арабиясы көтере алады. Бюджетінің бейнесі мұнай баррелінің 100 долларлық өлшемімен құрастырылған Ресей басынан айрықша ауыр күндерді кешеді. Алайда, оның алатын соққысы бәрібір АҚШ-тың көретін құқайынан асып түспейді. Бүгінде бұл елдің тақтатас мұнайына арқа сүйеген көптеген компаниялары өлместің күнін ғана көріп отыр. Мұның ақыры орта деңгейлі банктері займдарының 40 пайызы «тақтатас революциясы» жобасынан құралған АҚШ-тың қаржы жүйесін қиратып кетеді.

Иран мен Венесуэла апаттың алдын алмақшы

Өткен аптадағы елеулі оқиғалардың бірі Венесуэла президенті Николас Мадуроның Иранға ресми сапар жасап, өзінің әріптесі Хасан Руханимен кез­десуі болды. Әлемдегі екі мықты мұнай мем­лекеті басшыларының ежелгі парсы жерінде бас қосып, ақылдастық құруының басты арқауы осы «қара алтын» бағасын бұрынғы мамыра-жай қалпына қайта жет­кізуге негізделді. Мұнай бағамының бұлай­ша қатты құлдырап кетуіне айрықша алаң­даушылық білдірген екі президент оның әлемдік рыноктағы бағасын өсіру үшін «қара алтын» өндіру көлемін қысқарту жөнінде айтылған ұсынысты орындаудан бас тартып отырған Сауд Арабиясының саясатына қарсылықтарын жеткізді. Кездесудің қорытындысында екі мемлекет басшысы мұнайдың әлемдік бағасының бұдан әрі төмендеуінің алдын алу жөніндегі іс-әрекеттерді үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Екіжақты келіссөз жүргізу барысында Иран президенті «мұнай бағасының күтпеген жерден ойнақтауы тұтастай алғанда, әлем рыногындағы тұрақтылыққа кері әсер ететінін» атап өтті. «Осыған сәйкес, біз мұнай бағасындағы балансты ұстап тұруға күш салуға тиіспіз», – деді ол сөзінің түйінінде. Ал Иранның рухани көсемі Аятолла Али Хамененимен кездесуі барысында Николас Мадуро: «Иран мен Венесуэла МЭЕҰ елдері сияқты мұнайды экспортқа шығарушы Ресей мен басқа да мемлекеттер арасында мұнай бағамын бақылауда ұстап отыру жөніндегі келісімге келулері керек», – дегенді айтты. «Мұндай келісімнің арқасында ынтымақтаса әрекеттер жасау нәтижесінде мұнай бағасының әлемдік рыноктағы қалпын реттеп отырудың жаңа тетігін ойлап тауып, оны өзімізге тиімді деңгейде ұстап тұрудың мүмкіндігін жасап берер еді», – деді ол соңында. Әлбетте, мұның бәрі әзірге тек екі мемлекет басшысының ғана арасындағы мәміле болып қалып отыр. Ондағы келісімнің мазмұны басқа мұнай экспорттаушы елдерге де ұнауы мүмкін. Бірақ бұл саптан Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерін көрмей, істің бәрі бос сөзге айналып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Бір ғана нәрсе айқын, Саудия үкіметі биылғы жылдың бюджетін мұнай баррелі бағасының 100 долларлық өлшемімен жасап шықты. Ал қазіргі таңда бұл белдеу мұның тең жартысынан да төменгі мөлшерде тұр. Осы жағынан бағамдай келгенде, саудиялықтардың да ойланатын жөні бар екені байқалады.

Еуроның бағасы доллардан да түсіп кетпекші

Еуропа елдерін, соның ішінде Еуропалық одақ кіретін елдерді көптен бері қаржылай тығырыққа тіреп келе жатқан дағдарыстың салқыны бара-бара осы одақтың төл валютасы – еуроның рейтингісін төмен түсіріп жібе­ретін сияқты. Бұл дағдарыс жоғарыдағы мұнай бағамының әлем рыногындағы бел­деуінің түсіп кетуіне тығыз байланысты. Сарап­шылар алдағы үш жылдың ішінде бүгін­гіден бетер құлдырай түсетін еуроның баға­мы доллардан азайып кететінін болжап отыр. «2017 жылға қарай еуро доллардың құнымен теңеседі, ал тағы бір жылдан кейін оның бағасы доллардан түсіп кетуі ық­тимал», – дегенді жеткізді бұл тарапта зерт­теу жұмыстарын жүргізген Goldman Sachs банкі өзінің MarketWatch басылымында жариялаған хабарламасында. Осылайша Еуропа одағының валютасы 2017 жылғы қаңтарға қарай Америка долларымен бір жазықтықтың бойына шықса, тағы бір жыл өткесін 90 центтің деңгейіне құлап түседі. «Еуроодақ 2012 жылдың ортасында орын алған Еуропаның қарыз дағдарысынан еңсесін жазып алғалы бері аймақ үшін өсім мен бәсекеге қабілеттілікке байланысты өзекті проблемалар көбейіп кетті. Бәлкім, осының әсерінен де шығар, еуроның долларға қатысты бағамы біртіндеп төмен түсіп келеді», – деп отыр қазір талдаушылар. Бұл жерде доллардың әлем валюталары шеңберінде нығая түскенінің де өзіндік ықпалы бар сияқты. Осыған байланысты Goldman Sachs банкі еуро-фунт және доллар-австралиялық доллар жұптарына қатысты 2015 жылғы болжамдарын қайта қарады. Соның сорабымен сарапшылар 2015 жылдың соңында Австралия долларының құны 79 цент болатынын айтады. Ал 5 қаңтарда еуро өзінің тоғыз жыл ішіндегі ең төменгі нүктесіне құлады. Еуро бағамының құлауы Еуропа орталық банкінің басшысы Марио Драгидің банктің таяу арада ақша ұсынымын ұлғай­туға бағытталған «сандық жұмсарту» бағдарламасы бойынша жұмыс жасауды бастауға ниетті екенін жариялағанынан кейін іле-шала орын алды. Сарапшылар бұл үрдістің әлі де жалғаса түсуі мүмкін екенін айтады. Ақша-қаржы әлеміндегі бәсекелестік пен текетірес күрес жалғасып жатыр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».