Ала жаздай ән салатын шырылдауық шегірткеге шыбын-шіркей қосылып, көбейгені ауылдағы ағайынды алаңдатып отыр. Түркістан облысында зиянкестермен күрес жүргізіліп келеді. Бірақ әзірге зиянкестерді толық жою мүмкін болмай отыр. Енді алғаш рет роботтехника қолданылмақ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күреске дрондарды қолдану жолын қарастырып жатыр. Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлермен, Келес және Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Фитосанитарлық іс-шаралардың жүргізілуіне 100-ге жуық техника жұмылдырылады. Министр мердігерлерге күресті күшейтуді, өңдеуді дер кезінде аяқтауды және техника санын арттыруды тапсырды.
Ал «EAVISION Robotics Technologies» компаниясының вице-президентімен бірге зиянкестермен заманауи күрес, атап айтқанда, дрондарды пайдалана отырып, жәндіктерді анықтау аумақтарының мониторингін енгізу жолы талқыланды. Бұл болашақта жерді фитосанитарлық өңдеуді дәлірек жүргізуге мүмкіндік беретіні айтылды. Марокко шегірткелерімен күресудің озық тәжірибесі шетелде қолданылып жүр. Аталған компания Алматы қаласында қытай инвесторларының қолдауымен бірлескен зертхана ашқан.
Осы орайда министр биыл туындауы мүмкін қиындықтарды да атап өтті. Атап айтқанда, 2024 жыл шегірткенің табиғи циклінің шыңы болмақ және құрғақшылыққа әкелуі мүмкін қалыптан тыс жоғары температура болжанады.
«Біз құрғақшылық болжамдарына назар аударуымыз керек. Климаттың өзгеруіне бейімделу үшін шұғыл шаралар да, ұзақмерзімді стратегиялар да керек. Қажет болса, құрғақшылыққа төзімді сорттарға көшуді, ауыспалы егістерді өзгертуді және басқа да шараларды қамтамасыз еткен жөн», деді А.Сапаров.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында марокко шегірткесіне қарсы күрес бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Биылғы 25 сәуірдегі мәліметке қарағанда, марокколық шегіртке дернәсілдері бойынша 252 мың гектар тексерілген, 85 мың гектар алқап өңделуге жатады. Ал өңделгені – 55 мың гектар. Сондай-ақ шекаралық аумақтарда шегіртке тұқымдастарға қатысты жағдай үнемі қадағаланып отыр. Шегірткелердің іргелес аумақтарға көшуіне жол бермеу және шекара маңындағы облыстарда қиындықтарды болдырмау мақсатында шекара маңындағы аумақта бірлескен мониторингтік жұмыстардың жоспарлары жасалады. Қазіргі уақытта Өзбекстан мамандарымен бірлескен тексерулер жүргізіліп жатыр. А.Сапаров аумақтық инспекцияларды зиянкестерге қарсы сапалы өңдеу құралдарымен қамтамасыз етуді және оны оңтайлы мерзімде жасауды тапсырды.
Дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды қолданумен қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны айналысып келеді. Роботтехниканың көмегін көрші өңірлерде дала жұмыстарында да пайдалана бастаған. Осылайша, озық технологиялар көмегімен шаруалардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік мол. Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы саласына роботтехниканы енгізу үлкен сұранысқа ие. Дрондар техника бара алмайтын, адам аяғы жете бермейтін құм, өзен алқабы секілді жерлерді зиянкестерден оңай арылтады. Бұл құрылғылар алдын ала барлау нәтижесімен, GPS картаға тек зиянкестермен күресу үшін енгізілген жерлерді тура тауып, жояды. Флора мен фаунаға зиянды әсері жоқ. Мамандар адам қолы жете бермейтін аумақтарға өздігінен басқарылатын құрылғыларды пайдаланған тиімді екенін айтады. Бір дрон бір сағатта 180 гектар жерге дәрі себеді. Осы орайда мамандар зиянкестердің толық жойылатынына кепілдік беріп отыр. Жаңа технологияны жергілікті мамандарға үйретіп, кадр даярлауға дайын.
Сарыағаш ауданы бойынша үйірлі марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу болжамы 75,4 мың гектар, оның ішінде 36,6 мың гектар жерүсті бүріккіш техникаларымен, 40,8 мың гектарды әуеден өңдеу жоспарланған. Әуеден өңдеу жұмыстарын «Авиакомпания Дельта-Юг» ЖШС жүргізеді. Ал Келес ауданы бойынша үйірлі марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу болжамы 62,8 мың гектар, оның ішінде 34,3 мың гектар жерүсті бүріккіш техникаларымен, 29,5 мың гектарды әуеден өңдеу жоспарланған. Биыл облыста зиянкестердің таралу аймағы былтырмен салыстырғанда бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқан. Бүгінге дейін облыс бойынша 30 мың гектардан аса алқапта шегірткенің ошақтары химиялық жолмен өңделді.
Түркістан облысы