Жезқазған қаласында Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің көшпелі отырысы өтіп, Ұлытау облысының экологиялық және энергетикалық мәселелерін шешу жолдары талқыланды.
Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған көшпелі отырысқа қатысушылар облыс орталығы мен Сәтбаев қаласындағы бірқатар нысанды аралап көрді, жергілікті жердегі экологиялық ахуалмен жете танысуға ұмтылды.
Ал аймақтағы экологиялық жағдай – алаңдатарлық күйде. Кейінгі кезде өңір халқының арасында онкологиялық аурулардың көбейіп кеткені бекер болмаса керек. Ауаның ластануына қоса ауызсудың сапасы, әсіресе Жезқазған қаласында мүлдем сын көтермейді. Жезқазғандық қоғам белсенділері бұл мәселеге биліктің назарын аудару мақсатында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын «Экологиялық апат аймағы» деп жариялау жөнінде ұсыныс білдірген еді. Осы талаптың нәтижесінде «Экосервис-С» ЖШС Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі онкологиялық аурулардың себептерін зерттеумен айналысып жатыр. Бұл мекеме зерттеу жұмыстарын алдағы қазан айында аяқтайды. Өкінішке қарай, Жаңаарқа ауданында мұндай мақсаттағы зерттеу жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл – жергілікті биліктің тарапынан жіберілген ағаттық. Әйтпесе, Жаңаарқа өңірінде де түйінді мәселелер жеткілікті. Басқасын айтпағанда, Жаңаарқаға бір емес, екі рет зымыран құлап, гептил төгілгені белгілі. Облыстың Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің тұрғындары халыққа жетімсіздік туындап жатқанда «Казцинк ЖГОК» зауытының өндіріс қажетіне ауызсуды пайдалануына наразылық білдіріп жүр. Кәріз суларының өзен, көлдерге құйылуы, облыс территориясындағы суқоймаларының ластануы және басқа мәселелер көшпелі отырыста жан-жақты сөз болды.
Көшпелі отырыс кезінде Мәжіліс депутаттары, партиялардың өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері жиынға қатысқан Үкімет мүше-леріне, облыс пен ірі өндіріс басшыларына өзекті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Қоғам белсенділері тарапынан аймақтағы алпауыт кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-ның атына көп сын айтылды. Олардың айтуынша, аймақта алаңдатарлық ахуалдың қалыптасуы – корпорацияның экологиялық талаптарды сақтамауының салдары, «Қазақмыс» өз міндеттемелерін орындауға салғырт қарауы. Бұл – бір ғана мысал. Үкімет 2022 жылғы 4 қарашада Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы №871 қаулы қабылдаған еді. Осы қаулының «Жылумен жабдықтау» деп аталатын бөлігінің 48-тармағында Сәтбаев қаласында қосымша 5-қазандықты орнатып, №1 жылу стансасын жаңғыртудың орындалу мерзімі 2024 жыл деп көрсетілген. Былтыр Сәтбаев қаласы қазандығынан будақтаған қара түтін қаланы алты ай бойы күлге көміп тастады. Бұған ешкім жауап берген де емес. 5-қазандық салу, жаңғырту жұмыстары да жүргізілген жоқ. Соған қарағанда «Қазақмыс» Үкімет бекіткен кешенді жоспардағы өздеріне алған міндеттемелерін есінен шығарып алған да болуы мүмкін.
Жиынды қорытындылаған Е.Жаңбыршин белсенділік танытқан барша азаматқа алғысын айтып, көпшіліктің пікірі аяқсыз қалмайтынына сендірді.
– Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бір демде шешу мүмкін емес, бірақ кейінге ысыра беруге де болмайды. Біз мұны Жезқазған жерінде болып екі күнде көзімізбен көріп, жанымызбен сезіндік. Мыс ордасының кетеуі кеткен күйін көріп, көңіліміз құлазыды, жүрегіміз ауырды. Сондықтан мүмкіндігінше қолдау, көмек көрсету – міндетіміз, – деді ол.
Ұлытау облысы