АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында 70-тен астам елдің 2 000 оқушысы арасында жүлде қоры 9 млн $ құрайтын Regeneron ISEF 2024 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік байқауы 13 мамыр күні ашылды. Оған елімізден 3 жас инженер аттанды. Қазақстан құрама мүшелері биылғы оқу жылының республикалық ғылыми жобалар конкурсы бойынша іріктелді, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Әлихан Жарболов – Алматы қаласындағы РФММ 11-сынып оқушысы, өзінің математикалық жобасымен;
Әбілмансұр Рахметтуллаев – «Haileybury Astana» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы, информатика пәнінен;
Саяжан Жақсығалиева – Астана қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы, химия пәнінен ғылыми жобамен қатысады.
Айта кетсек, Regeneron ISEF – 13 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының ғылыми және инженерлік жетістіктерінің дүниежүзілік көрме-конкурсы. Ол жас ғалымдарды анықтау мен қолдауға, қолданбалы және іргелі ғылымдар саласындағы зерттеулерді дамытуға бағытталған.