Қазіргі таңда елімізде жоғары оқу орындарындағы зерттеуге ерекше мән беріліп отыр. Өйткені бұған дейін айтылғандай, отандық университеттер көбіне оқыту және жоғары білім берумен шұғылданды. Ал бүгінгі заманның талабына сай жоғары оқу орындары оқыту моделінен зерттеу деңгейіне өтуге тиіс. Осы орайда университеттер базасында зертханалар ашылып жатыр. Соның соңғыларына шолу жасап көрдік.
Электронды құрылғылар құрастырылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деп Үкіметке міндет жүктеген еді. Соның бір нәтижесі болар, халықаралық технологиялар бағытында мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны Astana IT University-де электронды құрылғылардың тәжірибелік үлгілерін жасайтын зертхана ашылды.
Аталған зертхана мәліметтерді жинауға, алгоритмдерді сынауға, әртүрлі құрылғыларды басқаруға септесетін микропроцессорлық тақталар мен басқа да электронды құрылғыларды құрастыру арқылы электроника саласына қатысты жобаларды жүзеге асыру кезінде ғалымдардың идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұл зертхана агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті автоматтандыруда, қоршаған ортаны, технологиялық үдерістерді бақылауда, көліктің GPS мониторингінде және басқа да үдерістерде қолдануға болатын осындай құрылғыларды өз бетінше құрастыруда көмектеседі.
Қос бірдей зертхана
Ахмет Ясауи университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы және ғалымдардың гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу зертханасы мен «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы ашылды.
Жаңадан ашылған «STEM және креативтілік» оқу зертханасы – Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Индустрия 4.0 жағдайында студенттердің креативтілігін STEM білім беру негізінде дамыту», «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізінде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» атты гранттық жобалар аясында құрылды. Оқу зертханасының стратегиялық мақсаты заманауи цифрлық білім беру ортасын құру, физиканы пәнаралық байланыста оқытудың тиімділігін іске асыру, STEM өнімдерді әзірлеу және олардың тиімділігін оқу үдерісінде бағалау, білім алушылардың инженерлік іс-әрекеттерін дамыту, жасалған өнімдерді коммерциялау арқылы еліміздегі ғылым мен технологияның дамуына үлес қосу, экономикалық тиімділікті жетілдіруді көздейді.
Қазіргі таңда ғалымдар «STEM және креативтілік» оқу зертханасында физиканың білім беру саласындағы өзекті ғылыми мәселелермен айналысып жатыр. Зерттеу тобы жоба аясында бірнеше STEM зерттеу стендтерін іске қосты. 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен әзірленген телескоп жасалды. VR (виртуальды шындық) технологиясы негізінде физиканың бірнеше тақырыбында 3D модельдік бағдарламалар құрылды. Әзірленген STEM өнімдер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқу орнында «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасының да лентасы қиылды. Бұл – салалық министрлікке қарасты Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Ядролық өнеркәсіпте қолданылатын цирконий қорытпасын гидрленуден және жоғары температуралы тотығудан қорғауға арналған композициялық металл-керамикалық жабын жасау» атты гранттық жоба аясында құрылған зертхана. Ғылыми зертхананың стратегиялық мақсаты жаңартылатын және баламалы энергия көздерін пайдаланудың өзекті іргелі және қолданбалы мәселелерін шешу, энергия үнемдеу, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және ғылыми зерттеулердегі әзірлемелерді коммерцияландыруға құрылған.
Бұдан бөлек, зертханада нанотехнологиялар және наножүйелік ғылымдар саласында білім беру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде ғылыми жоба мүшелері зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу мен жаңа технологиялар бойынша шағын кәсіпорындарды ашу бойынша жоспарларды іске асырып жатыр.
Картография және геодезия зертханасы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану орталығында «Цифрлық картография және қолданбалы геодезия» зертханасы ашылды. Зертхана заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, атап айтсақ, радиоқабылдағыш құрылғысы бар DJI Mavic 3 Multispectral квадрокоптері, GNSS қабылдағыштар, георадарлар, электрондық тахеометрлер, қолданбалы гео-ақпараттық жүйелер бағдарламалар және басқалармен жабдықталған. Аталған зертхана Қазақстан экономикасының аграрлық, құрылыс, тау-кен салаларының міндеттерін шешу үшін картография және геоинформатика кафедрасының ғалымдары, оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушыларының жинақталған ғылыми зерттеу әлеуетін іске асыру мақсатында құрылды. Сондай-ақ зертхана инжинирингтік қызметтер, ғылыми зерттеу жобаларына қатысу, консалтингтік және білім беру қызметтері бағыттары бойынша міндеттерді шешуге бағытталған.
Зертхананы қаржыландыру жеке фирмалар мен салалық ұйымдардың қолданбалы зерттеулері мен тапсырыстары, гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалар шеңберіндегі тапсырыстар, аккредиттелген зертхана шеңберіндегі ұйымдармен шарттық жұмыстар негізінде жүзеге асырылмақ.
Жаңа зертхананың басшысы, доцент, PhD, картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова: «Қызметті коммерцияландыру міндеттерін ескере отырып, біз сатудың маркетингтік стратегиясын әзірледік, бұл көрсетілетін жұмыс түрлерінің көлемі мен түрлерін ұлғайтуды, ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен шарттық жұмыстарға сұранысты арттыра отырып, аккредиттелген зертхана ашуды көздейді. Табысты дамыған жағдайда инновациялық нарыққа шығуға болады», деді.
Зертхана ұжымы экономиканың агроөнеркәсіптік, құрылыс, мұнай-газ, тау-кен салалары үшін, оның ішінде гранттық және мемлекеттік бюджеттік қаржыландыру, халықаралық жобалар шеңберінде қолданбалы жұмыстарды және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындаумен, ғылыми журналдарға мақалалар беру үшін ақпарат жинаумен және өңдеумен айналысады.
Зерттеуге жол
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жетісу ғылыми-білім беру орталығы» зертханасының құрылысын бастау рәсімі өтті. Нысан университеттің аумағында салынып, бірнеше бағытта ғылыми зерттеулер жүргізетін зертханаға айналмақ.
Аталған университеттің басқарма төрағасы-ректор Ермек Бөрібаев жобаны толық жүзеге асыру үшін жол картасы бекітіліп, даму бағдарламасы әзірленгенін, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган және бизнес-құрылымдары өкілдерімен жобалық офис құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Жетісу ғылыми-білім беру орталығын құру арқылы университеттің заманауи академиялық және ғылыми зерттеу экожүйесін дамытуды мақсат етіп отыр. Бұл орталық университеттің ғана емес, Жетісу өңірінің ғылыми әлеуетін дамытып, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға септігін тигізеді.
Орталық базасында STEM lab: жаратылыстану ғылымдары мен технологияларының ғылыми-оқу зертханасы, EcoAnalysisLab, Молекулярлық биология, Метрология және сертификаттауды стандарттау зертханасы ашылады. Онда студенттер, жас ғалымдар, тәжірибелі ғалымдар серіктес шетелдік жоғары оқу орындары ғалымдарымен бірлескен зерттеулер жүргізілмек. Сәуір айында басталған зертхана корпусының құрылысы тамыз айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Академиялық артықшылық орталығын құру Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін елдің неғұрлым бәсекеге қабілетті 20 жоғары оқу орындары базасында академиялық артықшылық орталықтар құру» (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны), туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті әлеуеті жоғары 15 өңірлік жоғары оқу орны тізіміне енгізілген.