Ел диқандары пайдаланатын ауыл шаруашылығы техникасының 76 пайызы тозған. Бұл туралы палатаның жалпы отырысында депутаттық сауалын жолдаған сенатор Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенатор Әли Бектаев депутаттық сауалында өндірілген ауыл шаруашылығы техникасының тозуы мен тапшылығы мәселелеріне тоқталды. Мың гектарға бес трактор, үш комбайн болса, егістік алқаптарында 65 мың трактор мен 43 мың комбайнның аз екенін айтты. Бұл ретте техниканы жаңартудың жылдық көлемі бұл қарқынмен 4,5 пайызды құрайды, тек трактор тапшылығын толтыру мен комбайн паркін жаңартуға 14-15 жыл қажет екендігін тілге тиек етті.
«Елімізде әртүрлі ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын 10 зауыт және өздігінен жүретін техника шығаратын сегіз кәсіпорын бар. 2023 жылы бұл кәсіпорындар 5,4 мың трактор, мың комбайн, 17 мыңнан астам тіркеме және аспалы механизмдер шығарды. Яғни, олар ауыл шаруашылығы саласының тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттілігінің 80%-ын және тіркеме техниканың 30%-ға жуығын өндіреді.
Өкінішке қарай, мұндай тракторлар мен комбайндардағы қазақстандық қамту деңгейі 42-44 пайызды ғана құрайды. Негізгі қосалқы бөлшектер импортталады. Сондықтан да түпкілікті өнімнің бағасы жоғары, шаруалар үшін қолжетімсіз.
Сонымен қатар жеңіл ауыл шаруашылығы техникасы мен жем-шөптік техниканың, шөп жинайтын комбайндар мен сепкіштердің басым бөлігі шетелде шығарылады. Көбінесе металдан жасалған қарапайым технологияны неге біз шығара алмаймыз? Қазақстанда отандық ауылшаруашылық машина жасауды дамытудың жалпы мемлекеттік саясаты бар ма?», деп сұрады Әли Бектаев.
Сонымен қатар сенатор жаңа ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін қайта өңдеу төлемінің қымбаттылығын атап өтті. Бұл шаруалардың жаңа техника сатып ала алмай, ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдаланып, үнемі жөндеуге мәжбүр екендіктерін айтты.
«2024 жылғы жағдай бойынша утиль алымының көлемі бір трактор үшін 370 000-нан 7 380 000 теңге, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жаңа техника үшін ескірмей жатып, кәдеге жарату төлемін алу ешқандай логикаға сыймайтын нәрсе емес пе?», деді Бектаев депутаттық сауалында.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті