Елімізде тұңғыш рет оқушылар арасында ұйымдастырылған «Мектеп барысы» жобасы мәресіне жетті. Талдықорғанда өткен тартысқа толы додаға қаланың 27 мектебінен іріктеліп шыққан үздік балуандар «Мектеп барысы» атағы үшін белдесіп, өзара мықтыны анықтады. Қала әкімі Ернат Бәзіл осындай тың жобаларды қолдайтынын айтып өтті, деп жазады Egemen.kz.
Талдықорған әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, соңғы кезеңде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген №12 орта мектебінің оқушысы Бақытбек Исажан тұңғыш «Мектеп барысы» атанды. Жүлделі ІІ орын №29 орта мектебінің оқушысы 13 жастағы ең жас балуан Қоғайбек Бекзатқа бұйырса, III орынды №4 орта мектептің оқушысы Мүсәлім Нұрәлі қанағат тұтты. Ал белдесуде ерекше көзге түскен балуандар ынталандыру сыйлықтарын алды.