Сопылық даналықтағы өрнекті оқиға бүй дейді: Ертеде періштелер бақытты қайда жасыру қажетін ақылдасыпты. Бірі тауды, бірі теңіз түбін, бірі алыс саланы нұсқапты. Бірақ адам баласы болашақта еңбек шыңына жетіп, бұл жердің бәрін оңай еңсереді деп, басқа тұсқа жасыру ұсынылыпты. Сонда көпті көрген көреген періште «бақытты адамның өз ішіне жасырайық, адам баласы оны дүниені кезіп іздейді, бірақ өз ішінде екені қаперіне де кірмейді» деген екен. Солайша бақыт ұғымы адам ішіне жасырылыпты деседі.
Александр Блоктың: «Кеудемде бар дүр қазына, кілті оның менде ғана» деген өлең жолы бар-тын. Расында, әр адамның кеудесі сандық толы зүбәржат сынды. Тек аша білсеңіз болғаны. Француз жазушысы Жан-Поль Сартр «Өзіңді танығың келсе, өзіңді таңда» деген даналық сөз айтады. Иә, әр жас әуел бастан өзін таңдап өмір сүргенімен, кейін таңдауы өзгереді. Қызыққыш, еліккіш күйлер сана ауанын сан-саққа бұрады. Конфуций ізденген адамның үш жолы бар екенін көрсетеді. Бірінші – ізденіс жолы, екінші – еліктеу, үшінші – өз-өзіңді табу жолы. Шығармашыл таланттың көбі ең оңай екінші жолға түсіп, қос шылбырды қолына алып жүргенде үшінші жол алдына кесе-көлденең тұрады. Бұл үдеріс жиырма мен отыздың арасында болса керек.
Айтпақ ой бұл емес. Біз таңдаудан шатасады екенбіз. Мәселен, сіз бала күнде Мұқағалиды таңдадыңыз. Ақынды жан-тәніңізбен жақсы көрдіңіз. Адам кімді жақсы көрсе, соған еліктемей тұрмайтыны белгілі. Мұқағалиша күлдіңіз, Мұқағалиша жыладыңыз. Бертін келе Төлеген Айбергеновті таңдап, Төлегенше толғандыңыз, Төлегенше ғашықтықтан баз кештіңіз. Шығармашылық ізденістің белгілі бір межесіне жеткенде, өзіңіздің қандай құдіретті жан екеніңізді сезіне бастарыңыз анық. Ата-тегіңізді, ұлтыңызды, әлемдегі, өмірдегі орныңызды аңғарасыз. Бір уақытта «Мен!» дейсіз жан ұшыра. Иә, сіз! Сіз құдіретті жансыз! Сіз бәрінен мықтысыз! Сіз өзіңізді таңдаңыз! Сонда өзіңізше күлуді, өзіңізше сөйлеуді, өзіңізше жындануды бастайсыз.
...Көшеде өзін таңдаған жан аяңдап келеді. Жүзі нұрлы, сөзі мейірбан, толық өз кеңістігінде, өз жалғыздығында. Ақындар жөн айтады, «кім сезсе жалғыздығын сол мейірбан».