Геосаяси жағдайға байланысты құрлықтардың сауда-қатынас жолдары өзгеріп жатыр. Ол туралы жазылған пікір мен болжам да көп. Дегенмен сарапшылардың әсіресе, Еуразия құрлығындағы ойыншыларға қатысты көзқарасы оң: жақын келешекте Қытай, Үндістан және Орталық Азия бағытында инвестиция мен тауар айналымы артады.
Халықаралық дәліздер
Азия мен Еуропа арасындағы сауданың басым бөлігі теңіз арқылы жүзеге асатыны мәлім. Десе де, Қызыл және Оңтүстік Қытай теңіздері айналасындағы геосаяси шиеленістерге, сондай-ақ порт инфрақұрылымының мүмкіндігін кеңейтуге жол бермейтін техникалық шектеулерге байланысты тәуекелдерді әртараптандыруға болатын бірнеше құрлық бағыты бар. Логистикалық мүмкіндіктерді бұлай әртараптандыру жүк айналымының бір бөлігін құрлықтағы маршруттарға қайта бағыттауы ықтимал. Өйткені халықаралық сауда Еуразия құрлығының әртүрлі аймағы арасында, әсіресе Еуропа мен Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Шығыс Азия, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасында ұлғаяды.
Қазірдің өзінде Орта дәлізде жүк көлемінің өсуі айқын байқалады. Сондықтан көлік инфрақұрылымын барынша кеңейту маңызды. Өз кезегінде біздің ел Орталық және Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің негізгі ойыншысы ретінде теміржол және автомобиль жолы мен порттарды қоса алғанда, көлік мүмкіндігін дамытуға айтарлықтай күш салып жатыр.
«Еуропалық қайта құру және даму банкі» Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ тұрақты байланысты қамтамасыз етуге қажетті инвестициясының көлемі Қазақстан үшін – 5,5 млрд, жалпы Орталық Азия үшін 18,5 млрд еуро деп есептеген. Оған 33 инфрақұрылымдық жоба мен 7 жұмсақ коммуникация шарасы кіреді. Бұл қажеттілікті өтеуге инвестиция тартып, транзакцияларды дұрыс құрылымдап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен тарифтерді белгілеу тетіктерін жетілдіру керек. Саланы цифрландыру да кезек күттірмейтін іс. Сонымен қатар «Астана халықаралық қаржы орталығының» халықаралық ынтымақтастыққа өз үлесін қосуы маңызды.
Серіктестердің экономикалық дамуы
Қазақстанмен сауда қатынасындағы елдер Орта және Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің межелі нүктелерінде отыр. Әлем экономикасының 40%-ын еншілеген бұл елдер әлем халқының 43%-ын құрайды. Олардың бәрінің экономикасы 2028 жылға дейін үздіксіз дамиды деген болжам бар. Пайыздық тұрғыда ең үлкен өсім Үндістан мен Орталық Азия елдерінің экономикасында байқалады. Ал абсолютті мәндегі үлкен экономикалық өсімді Еуропа мен Қытай көрсетеді. Есесіне Үндістан мен Орталық Азияда халық саны күрт артады екен. Еуропа халқының саны тұрақты болады. Бірақ Қытай мен Ресей халқының саны азаяды деп отыр сарапшылар.
Жаһандық болжам
BCG (басқару консалтингіне маманданған халықаралық компания) деректері бойынша, жаһандық сауда 2031 жылға дейін жылына 2,3%-ға өседі. Бұл жаһандық экономиканың болжанған 2,5%-дық жылдық өсімінен аз. Еуропа мен Қытай арасында сауда артады. Бірақ қарқыны әлемдік орташа деңгейден бәсең болады. Өйткені ірі компаниялар бірінші кезекте өзінің тұрақтылығын нығайтуға назар аударады.
Оңтүстік-Шығыс Азия Қытай, АҚШ, Жапония және Еуропа елдерімен арадағы сауданы арттырып, тығыз қарым-қатынасқа ие болады. Алпауыт компаниялар аймаққа шығындардың төмендеуімен және оның өндірістік мүмкіндіктердің кеңдігі әрі тереңдігімен тартылады. Нақты сандарды сөйлетсек, Қытай мен Еуропа арасындағы сауданың өсуі 72 млрд, ал Ресей мен Үндістан арасындағы сауда-саттық 20 млрд доллардан асады.
Шығыс Азия мен Еуропаның түйісер тұсы
Анығында солтүстік теңіз жолына қыс мезгілінде жету мүмкін емес. Ал Үміт мүйісі арқылы өтетін жол тым ұзақ. Сондай-ақ бұл жердегі дәліздерде геосаяси шиеленістер мен тәуекелдерге қатерлі кедергілер бар. Сондықтан Шығыс Азия мен Еуропаны байланыстыратын бірнеше құрлық жолы ұсынылып отыр. Олардың да өз қиыншылығы мен тәуекелі бар. Бірақ олар саланы әртараптандыруға жағдай жасайды және 2021 жылы Суэц каналының бітелуі сияқты жағдайларды шешуге мүмкіндік тудырады. Құрлық дәліздері логистиканы өркендетеді, тауар жеткізуде көлік қызметтерін арттырады және «жасыл» жүктерді тасымалдауға жол ашады.
Әйткенмен, қара жердегі халықаралық дәліздерде келеңсіздіктер де жоқ емес. Мәселен, әр елдегі теміржол табаны өлшемі әртүрлі. Посткеңестік елдерде 1 520 мм калибр болса, Қытай, Иран, Түркия және Еуропа елдерінде 1435 мм-лік табандық. Шекара асарда өлшемнің өзгеруі шекарада тауар өңдеуге қажетті уақытқа әсер етеді. Қара жердегі дәліздің су жолымен негізгі салыстырмалы артықшылығына кесірі тиеді. Атап айтқанда, жүкті жеткізу уақыты қысқа болғанымен, теміржол табанына қатысты жүкті бір елдің вагонынан түсіріп, екінші елдің вагонына қайта жүктеу қолайсыздықпен бірге, бірқатар уақыт алады. Әйткенмен, операциялық үдеріс пен құжаттаманы біріктіру және цифрландыру арқылы оңтайландырып, жүкті жеткізу уақытын тағы да қысқартуға болады.
Ортаңғы дәлізде екі өлшемді өзгерту нүктесі бар: Орталық Азия мен Қытай арасында және Грузия мен Түркия шекарасында (Қара теңіздегі грузин портындағы көлік түрін өзгертумен ауыстырылуы мүмкін). Кеңес одағы кезінде жіберілген бұл кемшілікті өзге тиімді шешімдермен түзетуге, орын толтыру қажеттілігі көзге ұрады.
Шығыс пен Батысты жалғайды
Қазақстан – Орта және Солтүстік-Оңтүстік дәлізіндегі негізгі мемлекет. Ай сайын артып келе жатқан жүк тасымалы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді, маркетингті және қосымша халықаралық келісімдерді кеңейтуді талап етеді. Шығыс Азияны, Таяу Шығысты және Еуропаны қара жол арқылы байланыстыратын Орта және Солтүстік-Оңтүстік дәліздері аясында бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар бар. Әртүрлі елдің мүдделі тараптарын тартатын бұл жобалар ұзақмерзімді қаржыны талап етеді. Ортаңғы дәліз (TMTM) бойынша мына жобалар алға шығып тұр.
Қытаймен шекаралық өткелдер (Қорғас, Достық, Бақты); Елдің теміржол жүйесі; Каспий порттары (Ақтау, Құрық, Баку); Кавказдың теміржол жүйесі (Әзербайжан және Грузия); Қара теңіздегі, Солтүстік-Оңтүстік дәлізіндегі Грузия порттары; Қазақстан және Каспий порттарының теміржол жүйесі; Иран мен Түрікменстан шекарасындағы құрғақ порт; Иранның теміржол және автомобиль көлігі жүйесі; Парсы шығанағы басындағы Иран порттары; Маршруттар бойындағы сауда тораптары; Вагондар мен контейнерлік қоймалар; Цифрландыру және деректерді беру; Адами капиталды дамыту.Орта дәліздің ұзақтығы 6 180 км және өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Қазір Орта дәлізбен жүк тасымалдау уақыты 38-53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Ендігі мақсат – 14-18 күн, оның ішінде біздің ел арқылы 5 күнге дейін жүру уақытын азайту.
«Дүниежүзілік банк» Орта дәліз көлемі 2030 жылға қарай екі есе артып, жылына 11 млн тоннаға дейін жүк тасымалдануы мүмкін деп болжайды. Негізінен бұл транзиттік жүктердің өсуінен емес, Орталық Азия мен Кавказдағы экономиканың дамуына байланысты. Аталған банк 2030 жылға қарай Орта дәліз құрлықаралық сауда көлемінің 40%-ға жуығын құрайтын аймақтық бағыт болып қала беретінін меңзейді.
Анығында қазіргі геосаяси жағдай қазақ елінің оң жамбасына келіп тұр. Осы сәтті дұрыс пайдалана білген ел озық 30 елдің қатарына қосылары анық. Оған мемлекет әлеуеті толық жетеді.