Пықып ата кәсіпті жалғастырып, нарықтық заманда кәсібі де, нәсібі де болған диірменіне тәуба етеді. Күн демей, түн демей тау боп үйілген қап-қап дән атаулыны ұсақтап, ұнтақтап тапқан табысы қомақты.
Тек көресіні тышқандардан көріп-ақ бақты... Міне, қазір бірер сәтке арсыл-гүрсіл диірменін тоқтата қалып еді, пәлекеттер, тышқандарды айтамын – бағанадан бергі өз «шаруасын» кілт доғарып, жалмауызға да жан керек, безіп барады-ай.
Басында пәлекеттерге қақпан құрып көрген... Қақпанға ілмеген нәрсесі жоқ, дән тұрғанда, әсіресе бидай асының атасы болуы керек, біріне де пысқырып қарамайды.
Қақпаннан күдер үзіп, бір білгіштің деуімен өмірем қаптырар арнайы дәрісін де сеуіп көрген... Онысы аз-маз сеп болып, сәл-пәл теңкиткені бар болсын... Бір-екі бидай иесі ұнымыздан жағымсыз иіс шығады деп дікеңдеген соң, іс насырға шаппай тұрғанда онысын мүлдем тыйып тастаған болатын.
Е, кезек мысекеңе ойысып, мысықтың екі-үш түрін асырап еді... Пәлекеттің ата жауы емес пе, қырғидай тиді десе болады.
Көп өтпей «көбею» үрдісі ілгері озып, өзі де көбейгіш пәле – қамбада мысық атаулыдан айнала алмайтын халге жетті... Көбейгені сонша, азығы тышқан жетпей, оларды асырауда мойнына қосымша жүк болды.
Көршілердің күңкіл-сыңқыл, арыз-шағымынан соң қаптаған мысық атаулы басына пәле болып жабысып, амалсыз мұның ата жауы ит асырады.
...Е, ит пен мысық ырылдасып-қырқысып, қиқуы «қырқа» асып, не керек, ит пен мысық аулағыштарды жалдауға тура келді... Бұлардың ақысы ит пен мысықты асырағаннан он есеге асып жығылып, тапқан табысымның қомақты бөлігі соларға кетті... Жығылғанға жұдырық, аулағыштарды аңдитын «жан-жануар жанашырлары» ғайыптан тайып келе қалып, айда келіп айыппұлын салып сығып алмасы бар ма... Олар ойсыратқан айыппұлмен шектелмей, мұның кәсібінің есігіне бақандай екі айға «қара құлып» салып қақыратты емес пе.
Сондағы құлазып күңіренгені әлі есінен кетпейді. Ойлап көрсе, қақпаны мен дәрісі майда-шүйде дейік, мысықтың «мипалауы», иттің «ырың-жырыңы», аулағыштардың «аумақ-саумағы», соңғы сұрқия «жан-жануар жанашырлары» теспей сорып сорын қайнатқан-ақ екен.
Пықекең есеңгіреп тұрып, ес жинап, етек-жеңін жинап барып атакәсібін қайта қолға алып еді, құдайға шүкір, кәсібі қалпына келіп, диірмені дүрілдеп-гүрілдеп жүріп кеп бергені. Пықып диірмен гүрілімен ілесе інінен қайта шыққан тышқандарға қарап жымиып қойып, ішінен «жазмыштан озмыш жоқ» деп күбірлеп алып атакәсібіне құлшына кірісті.
Берік САДЫР