Соңғы қоңырау – әлемнің түкпір-түкпіріндегі барлық түлектің ортақ қуанышы. Елімізде бұл күннің қалай өтетіні белгілі, ал шетелдік түлектер мерекені қалай тойлайды?
Польшада мектеппен қоштасу кешін емтиханға 100 күн қалғанда өткізеді. Мерекелік іс-шара өткен соң оқушылар қайта дайындыққа кірісіп, бар уақытын оқуға арнайды. Көрші Қытайда түлектерге барынша еркіндік беріледі. Олар бір жыл бойы қолданған мектеп құралдарын терезеден лақтырып, түрлі ойындар ойнап, ұстаздарымен бірге көңіл көтереді. Еуропаның кейбір елдерінде соңғы қоңыраудың белгісі ретінде арнайы киім стиліне мән береді. Данияда түлектер тек ақ түсті киім киіп, құлпынай жейтін таңғы асқа жиналады. Ал норвегиялық түлектер оқу жылының соңғы аптасында қызыл мен көк түсті комбинезон киеді. Бұл – жылдар бойы сақталып келе жатқан дәстүр. Қызық.
Қоңыраудың тарихы
Сабақтың басталуы туралы алғашқы белгі б.з.д. VІІІ ғасырда берілген. Ал бүгінде барлық оқу орындарының үніне айналған қоңыраудың арғы атасы – Платон.
Ежелгі грек философы балаларды сабаққа су сағатының көмегімен шақырған. Сағаттың дизайны өте қарапайым. Түтікке жалғанған екі ыдыстан тұрды. Сабақ жүріп жатқан кезде үстіңгі ыдыстан астыңғы ыдысқа су ағып, сабақ біткен кезде тамшылардың аспапқа тамған дыбысы естілген.
Қоңыраудың біз білетін электрлік нұсқасын XIX ғасырда физик Джон Миранд ойлап тауып, XX ғасырда жүздеген мектепке орнатылған. Содан бері қоңырау үні әр адамның балалық шағын еске салатын тәтті дыбысқа айналды.
Сонымен бірге «қоңырау – шіркеу элементі» деген түсінік те бар.
45 минут
Адамға білім берудің жолдары ғасырлар бойы зерттеліп, түрлі көзқарасқа байланысты өзгеріп отырған. Бірақ балаларды жасына қарай топтап, белгілі бір тақырыпты 45 минутта түсіндіруді ойлап тапқан ұстаздың идеясы әлі күнге дейін сақталып келеді.
Ян Амос Коменский – біз үйренген оқу жүйесін қалыптастырған тұлға. Оның енгізген ережесіне дейін мұғалімдер әртүрлі жастағы балалардың барлығымен бір уақытта жұмыс істеп, пәндерді аралас өткізе берген. Мұндай жүйеде ешқандай білімнің дұрыс берілмейтініне көз жеткізген Коменский «Ұлы дидактика» атты еңбегінде оқу үдерісінің тиімді тәсілдерін жазды. Сондықтан әр баланың құрдастарымен бірге білім алуының маңызын түсіндіріп, 45 минуттың өзі жаңа тақырыпты меңгеруге жеткілікті екенін дәлелдеген Коменскийдің тарихта қалуы – заңдылық.
Дайындаған– Әсем ЖАНАТОВА,Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті