• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 24 Мамыр, 2024

Қыранның кегі

127 рет
көрсетілді

«Кереге қанат дала бүркіті көз ұшында қалықтап жүр» деп басталатын мә­тінді ұмыта қойған жоқ шығар бүгінгі орта жастан асқандар? Жазушы Ілияс Есенберлиннің Алтын Орда трилогиясының бі­рінші томындағы бірінші сөйлем және бастапқы тарау осы қыран мен Бату ханның айқасының негізінде тартыс­ты өрбиді. Қанаты керегедей бүркіт. Сонда киіз үйдің сұлбасы ұшқалы қомданған бүркіт пе деп қаласыз. Жиылып тұрған керегені жайып жіберсеңіз қанат болып шыға келеді. Десек те айтпағымыз басқа.

Ол заманда қыран кісі төбесін тектен-текке айналып ұшпаған. Шыңғыс Айтматов жазатын «Шыңғыс ханның ақ бұлтын» білетін шығарсыз? Сол ақ бұлт жоғалған күні қаһанның да күні өшеді. Сол сияқты, әлгі қыран Бату ханның төбесінен текке айналып жүрген жоқ, аяғында кеткен балақбауының басына түйілген балдақтай кегі бар болатын. Бірақ ол бақиға аттанар алдында бой жасап, астанасы Бату-сарайдың сыртындағы төбеде отырған Бату ханға «осы тұстан түлкі, әлде қоян, не бір бөтен аңды көзі шалып қалып, соны аңдып жүр­гендей көрінді. Әйтпесе дала бүр­кіті бостан-босқа бір жерді ша­рықтай бермесе керек-ті» деп бір кетеді жазушы.

Осы мәндес тағы бір оқиға Қадыр Мырза Әлидің «Жаз­мышынан» кездеседі. «Көне, өте көне замандардың бірінде өз ор­тасына әбден белгілі бір фило­софтың басына бүркіттің шеңгелінен шетінеп шыққан дәу тасбақа түсіп, сеспей қатқан екен. Ол тасбақа бүркіттің шымыр шеңгелінен шынында да босап кетті ме, әлде бүркіттің өзі тас­тап жіберді ме, әлде бір құдірет түртті ме? Кездейсоқ шығып кетсе, неге дәл осы жерде, философ кетіп бара жатқан тұста шығып кетеді? Тастап жіберсе, бүркіт философтың басынан басқа бас­ты неге таңдамайды? Рас, аңыз бойынша ол философтың басы бір тал шашы жоқ, жұмыр, жұ­мыртқадай жап-жалтыр екен. Егер оны бас емес, тас деп ойлаған күннің өзінде ондай бастың бүкіл Грекияда біреу-ақ болғаны ма? Жалғыз-ақ болған күннің өзінде сонау шырқау биіктен қозғалып бара жатқан пенденің тас төбесінен дәл ұру – ақылға сыймайды. Қарапайым адам, міндетті түрде, оған Алланың өзі ара­ласқан деп түсінеді. Қа­лай десеңіз де соның логикасы дұ­рыстау» дейді Қадыр ақын.

Жоғарыдағы Ілияс Есенбер­линнің жазуында Бату хан мен бүркіт кәдімгідей арбасып, айқасады ғой. Бүркіт басына тас­бақа құлатып өлтірген Қадырдың философына қарағанда Бату хан бақытты екен дерсіз. Олай емес, әрине!

Әкесі Жошы хан ерте дүние салған соң Бату хан да таққа жап-жас күнінде, жиырма үш жасында ғана отырады ғой деймін. Содан бері отыз жыл билік құрғанда жорықтан көз ашпаған. Ат үс­тінде бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Ұлысын кеңейту мақ­сатында, ата-баба өсиетін орындау жолында Еуропаның жарымын бағындырған Бату соңғы жорықтарының бірінде Кавказда ма, басқа жерде ме келе жатып, өмірінде есі кете ғашық бо­лып, жатжұрттық бір қызды жар етіп алып келеді. Перінің қызындай перизатты көргенде бұған дейін әйел затына бұлай ғашық болмағанын орта жастан асып барып аңғарған еді деседі. Сол сұлудан туған Барақ та осыған дейін бірде-бір баласын ел­жіреп шын жақсы көре алмаған Батуға әкелік махаббаттың не екенін ұқтырғаны айтылады. Кіші тоқалынан туған Барақ ханның бесінші ұлы ғой деймін. Сырқат меңдеп, кесел алмайтынын біліп, күнде бой жазып қала сыртындағы төбеге барғанда, жүрегін елжіреткен баласы бес жасар Барақты қоса алып шығып жүрген. Өзінен ұзаңқырап ойнаса керек. «Дала бүркіті бір мезет кереге қанатын жинап алды да, төмен қарай құлаған тас тәрізді құл­дилай аға түсті. «Бері кел, бері кел» деп Бараққа қарай жүгірген әке төрт-бес адым аттады, бірақ үлгерген жоқ, алып қыран төмен қарай шүйілген бойы зулап кеп, Батудың дәл көз алдында, Барақты іліп алып қаннен-қаперсіз қанаттарын қайта жайып, көк аспанға қарай самғай жөнелді», дейді Ілияс Есенберлин. Жазушы мұны қиялынан қиыстырып отырған жоқ, ел ішіндегі ескі аңыздардың сорабын тірілткен деген ойдамыз. Мүмкін Бату хан өмірінің соңы тура осылай аяқталса, ұлы хан туралы деректер хатта да, ел аузында да қалары анық қой. Онсыз да өлім сағаты жақындап, ажал апанына еңкейіп аттай салардай қалғанда, мынадай соққы кімді болсын күйретіп жіберері және сөзсіз. Бірақ хан жатып қалмайды. Үйреншікті төбе басында шоқиып, баласын алып кеткен бүркітті аңдумен болады. Маған түссін деген оймен қызыл киініп шығады. Ақыры солай болады да. Бүркіт баламен ғана тынса жақсы еді. Жоқ, шаруасы бітпепті. Енді Бату ханның өзін алудың әрекетін жасайды. Тегін адам хан бола ма, мұны сезген Бату төбе басында аңдысудан танбайды. Бір күні бүркіт төбесіне шүйіліп келіп, түспей көтеріліп кеткенде, аяғындағы жібек балақбауына түйілген балдағынан таниды. Кезінде өзі балапанынан асыраған атақты қыраны. Бірде қансонарда аңға шыққанда көптен алдырмай жүрген қасқырға салғаны бар-тын. Бұл жеткенше бөріні өлтіріп, жүрегіне тояттап отырған бүркіті. Сонда «өштескен жауының жүрегіне өз қолымен қанжарын сала алмағанына ызаланған Бату атынан секіріп түсіп, қасқыр үстінде қонып отырған бүркітті тобылғы сапты қамшысымен тартып-тартып жіберген. Қанды көз қыран шаңқ етіп алабұртып, көкке самғай жөнелген». Содан қайтып оралмаған бүркіті бірнеше жылдан соң ұмытпай тауып, сүйікті баласын алып кетіп жемтіктегені аздай, енді өзіне түсіп, жазым етпекші. Қыранды танып, әлгі жайларды есіне түсіріп, енді есін жиғанша, қыран қайта шүйіліп үлгерген екен. Жақын қалғанда, жұлын-тұтасымен сезеді. «Бату ақ беренін бір-ақ сілтеп үлгерді. Екінші сілтеуге әлі жетпеді. Бір қанаты қиылып түскен алып бүркіт саңқ етіп барып анадай жерге құлады. Ақ беренін кектескен досының кеудесіне салып, өшін алуға Батудың күші жетпеді» дейді жазушы.

P.S. Бұдан кейін жоғарыдағы Қадыр ақын жазған гректің философы туралы не ойлайсыз?