• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Ақиқатқа айналған арман

394 рет
көрсетілді

Он саусағынан өнер тамған кәсіпкер келіншектің ендігі ойы – «Сән үйін» ашу Салтанат еңбектің қадір-қасиетін жас­тайынан әжесінен үйренді. Ауыл-аймаққа «оймақтының шебері» атанған жарықтық тұлымшағы желбіреген он қыздың арасынан екі жасында құлап, мүгедектікке ұшыраған үйдің үлкені – оны жанынан бір елі тастамайтын. Әжесі іс тігіп жатқан кезде жіпсіз байланып отыратын. Біресе ине сабақтатып, біресе мата кестіріп, әйтеуір, тыным таптырмайтын. «Ойын баласы» емес пе, далада құлын-тайдай асыр салып ойнап жүрген бауырларына елеңдеп, зыта жөнелмекке ыңғайлана бергенде тағы бір жұмыстың «құлағын» ұстата қоятын. Бүгінде ойлап отырса, кейуана немересінің денсаулығының дімкәстігіне алаңдап, өзгеге күнін түсірмей нәпақасын адал тауып жесе деген ішкі уайым жетегінде жүрсе керек. Соғыс жылдары тігіншілікті кәсіп етіп, үлкен отбасын асыраған қайсарлығына таңғалатын. «Сыртқы, ішкі киімдер тігіп, орыс ауылдарының тұрғындарына нанға, картопқа айырбастайтынбыз. Алла тағала берген өнердің арқасында шиеттей бес баланы қатарынан кем қылмай өсіріп, азамат қатарына қостым. Менің жолымды сен жалғастырсаң, арманым болмас еді», деген сөз мүсіркегендіктен емес, үлкен сенім артқандықтан айтылатын еді. Салтанат қайда жүрсе де, әже аманатын естен бір шығарған емес. Таудай талап жүгін арқалап, облыс орталығындағы № 42 техникалық училищеге оқуға түсті. Оны бітіргеннен кейін Жамбыл ауданына қарасты Озерный ауылындағы тұрмыстық комбинатқа жұмысқа орналасты. Алғашқы еңбек жолын тігіншіліктен бастап, кейін меңгерушілікке жоғарылатылды. Тағдырдың жазуымен Қостанайдың педагогика институтын тәмамдап келген жас маман Сейділмәлік деген жігітпен кездесіп, тұрмыс құрды. Тұңғышы Адай дүниеге келгенде шөбере сүйсем деген тілегіне жете алмаған әжесінің «Қайда жүрсең де аман бол, құлыным!» деген әжім торлаған жылы жүзі көз алдына елес­теп, көңілі босап сала берген. Екінші ұлы Әділбектің іңгәлаған үні шаңырақ шаттығын толтырды. Бүгінде Салтанат Әскерқызының тігіншілікпен айналысқанына 34 жыл болыпты. Оның қолынан шыққан кез келген бұйымның түр үйлесімділігі, сән үлгісі, тігістері мен ойықтарының әсем қиыстырылғандығы соншалық, көздің жау­ын бірден алады. Әңгіме барысында ол кәсіби шеберлік үйренумен, ізденумен қалыптасатынын айта келіп, тігіншілікті кәсіп етіп, отбасылық нәсіпке айналдырғанына өкінбейтінін жеткізді. Кез келген киімді бойға қонымды етіп, шеберлікпен тігу үйреншікті әдетіне айналғаны бірден байқалады. Осы кезге дейін «Зингер» ескі тігін машинкасымен жұмыс істеп келсе, енді соңғы үлгідегі швейцариялық құрал сатып алғанына шексіз қуанулы. Бұл орайда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Казкоммерцбанктың» «Құс жолы» корпоративтік қорының бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдыздарға қара!» жобасына қатысып, қайырымдылық грантын жеңіп алған. Соның арқасында кәсібін одан әрі жандандырып, жеке кәсіпкерлігін заңды түрде ресімдеу мүмкіндігіне ие болған. – Ең бастысы, заманауи тігін машинкасына бағдарламаны дұрыс енгізе білу керек. Бастап­қы­да меңгеру қиынға соқты. Техни­каның тіліне жетік ұлым­ның арқасында барлық бағдар­ламаларды тез-ақ үйреніп алдым. Тұтынушылардың кез келген талғамын орындау мүмкіндігі де ұлғайды. Кейбіреулер интернеттен көріп ұнатқан киім үлгісінің көшірмесін әкеліп, қолқа салып жатады. Олардың өтініштерін екі еткен емеспін,– дейді Салтанат. Тігіншілікпен жүйелі шұ­ғыл­данудың арқасында отбасының табысы молая түскен. Несие арқылы үй алған. Оның айтуынша, әншілер мен бишілерден тапсырыс жиі түсетін көрінеді. Балалар киімі, құдалық, қыз ұзату, келін түсіру жасау-жабдықтарына, оюлы көрпе-жастықтарға ұсыныстар көп. Қабылдаған тапсырыстарды дер кезінде әрі сапалы етіп орындау – оның міндеті. Ешқандай шағымдардың айтылмауына қарағанда, жұртшылық көңілінен шыққан тәрізді. Жазда күні бойы бау-бақшада болатындықтан, кешкілік басталған жұмыстың түннің бір уағына дейін созылып кететін кездері жиі кездеседі. Ал қыста нағыз таптырмайтын ермек. Шеберді қуантатын бір жай, тігін­шілікке қажетті зат­тар­дың дүкен сөрелерінде толып тұрғандығы. Қолөнер де шығармашылық ізденістен туындайтыны анық. Сондықтан Салтанат әркез қиял мен арман құшағында жүріп, бір-біріне ұқсамайтын жауһар туындыларды тұтынушыларға ұсынуға бейіл. Әже аманатының, бала арманының ақиқатқа айналып, еңбектің ризығын татып отырған бақытты күнге жеткеніне шүкіршілік етеді. – Жұбайым колледжде ұстаз­дық етеді. Үлкен ұлым жұмыс іс­тейді. Кіші ұлым биыл әскери институтты бітіреді. Еңбектің дә­мін татқан білер деген. Алдағы мақсатымыздың бірі – пәтерді кеңейтіп, әке-шешемізбен бірге тұру. Жастау кезімде «Сән үйін» ашуды армандаушы едім. Ол күнге де жетермін. Ең бастысы, еліміздің тыныштығын тілейік, басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!–деді қоштасар сәтте өз ісінің майталманы С. Қарағожина. Гүлгүл ТӨЛЕШОВА, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы.