• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Мамыр, 2024

Қалықтаған күй-құдірет

811 рет
көрсетілді

Қазақ музыкасына, әсіресе күй өнеріне Сәкен Сейфуллиннің қосқан үлесі аз емес. Жалғыз-ақ Әбікен Хасенұлы екеуінің дос-жар болғанын, ашаршылық жылдары Арқадан Алматыға жетіп жаны қалған күйшіні қамқорлығына алып, бағыт көрсеткенін, Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағына бірнеше ән-күй жаздырғанын атаса да жеткілікті шығар. Қателеспесек, соның бірі – «Абылай хан атты әскерінің маршы» деп аталады. Музыкалық мұрамызға осыншама жанашырлықпен қараған, өзі де сазгер Сәкеннің 130 жылдығына орайластырылған «Күй құдіреті» атты жас күйшілердің қалалық байқауы Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында өтті.

Қалалық демесеңіз, жо­ғары деңгейде ұйым­­дастырылған жас күйшілер байқауы республи­ка­ көлемін қамтыды десе, ар­тық емес. Байқауға қатысу­шы­ домбырашылардың дені К.Бай­­­­сейітова атындағы Қазақ ұлт­тық өнер университеті мен колледж­дер студенттері және өнер мектептерінің оқушылары. Сайыс Арқа күйшілік өнерінен болғандықтан, шертпе күйдің тұма басында Тәттімбет тұрған соң, Қарағандыдағы күйші атындағы өнер колледжінен өнерпаздар келіп қатысты. Бас-аяғы жиырма үш жас домбырашы байқау шарты бойынша бірінші кезекте екі күйден орындап шықты. Мұнда Тәттімбет, Тоқа, Итаяқ, Қыздарбек, Әбдилердің шы­ғар­машылығымен қоса, сирек орындалатын Сар­мантайдың Ахметжанының «58» атты қасі­рет күйі, Сәкеннің әкесі Сейфол­ланың «Қосбасары», Аққыздың туындылары тартылды. Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы», Сәкен Сейфуллин музейі ұйым­дас­тырарда К.Байсейітова атын­дағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің күйшілерімен кеңесіп пішкені байқалады. Қатысушы өнерпаздар бірінен бірі өтеді. Тәттімбет пен Тоқа сынды небір ерен күйшілердің сирек орындалатын шығармаларын орындап отырды. Талапты жастардың өнерін бағалаушы қазылар алқасының төрағасы – Мәдениет қайраткері, «Халық күйшісі» медалінің иегері, күйші-композитор Ахат Байбосынов, құрамында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғали Жүзбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университеті­нің Домбыра кафедрасының меңгеру­шісі Абылғазы Ахма­диев, Мәдениет саласының үз­дігі, республикалық Тәттімбет кон­кур­сының бас жүлдегері Қай­рат Айт­баев, Мәдениет сала­сының үздігі, Қазақ ұлт­тық өнер уни­верситетінің оқыту­шысы Ербо­лат Сапуанов, Тәттім­бет өнер колледжінің ұста­зы, рес­публи­ка­лық шертпе күй кон­кур­сы­ның бас жүл­дегері Мадияр Сүлей­менов бар.

«Сәкеннің мерейтойымен қа­тар байқау 31 мамыр – Саяси қу­ғын сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күні қар­саңына да келеді. Себебі күй­ші­лер­дің көбі 1928-1930 жылдардың ба­­сында атылып кетті. Оның үстіне Сә­кен­ күйді өте қатты жақсы көріп, қас­терлеген. Кейінгі ұрпаққа ама­нат­таған. Қазақтың найзасы қандай өткір болса, домбырасы одан кем түспеген. Халық күй тыңдап рухтанған. Әйтпесе, «Абылай хан атты әскерінің маршын» қал­­дырып, аманаттамас еді», деп құт­­тық­тау сөзін тарих ғылым­да­ры­ның докторы, Сәкен музейінің ди­­рек­торы Марат Әбсеметов сөйледі.

Не керек, жас дом­быра­шы­лардың көбі қазақтың күй өнерін шебер меңгергенге ұқсады. Жеткіншек жастар майыс­тырып домбыра шерткенде жаның кіреді. Сонымен қатар мұражайдың шағын залында домбыра үні дауыс зорайт­қышсыз-ақ күмбірлеп тамаша естіледі. Өткенде бір өнер­танушылар күй концертін үлкен залдардан гөрі киіз үй сынды кішірек орындарда өткерсе, шырайы сонда кіреді деген сөздің дәлелін осы байқау көрсеткендей. Күйші қазылар да «мына жер тамаша екен, әрбір қағыс анық естіледі», деп отырғандарын естіп қалдық. Демек домбыраның даусы да күй талғайды деген сөз.

Сонымен қазылар алқасының ше­шімімен байқаудың бас жүлдесін Нұрболат Тапалов есімді өнерпаз жеңіп алды. Жүл­де­лі бірінші орынды Бекзада Дос­тия­рова иеленді. Екінші, үшін­ші орын Темірлан Кубат пен Сей­дәлі Бауыр­жанға бұйырды. Жеңім­паз­­дарға дип­­лом және ақшалай сый­лық­тар тап­сы­рылды.

Астана қаласы Сарыарқа аудан­дық әкімдігі, Сәкен Сей­фул­линнің наға­шы қарындасы Асылгүл Әбіш, кәсіп­кер Ерубай Исатаев іс-шараға демеу­шілік еткенін атап өткен ләзім.