• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Қыз өссе, елдің көркі

532 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің, сындарлы да салиқалы, көрегенді саясатының арқасында тәуелсіз мемлекетімізді төрт аяғынан тік тұрғыздық. Экономикамыз нығайып, әлеуметтік жағдайымыз күннен-күнге жақсарып келеді. Бұдан 20 жыл бұрынғы жағдайымыз – еңбекақыны, зейнет­ақы­­ны 2-3 айда бір берген қиындықтар келмеске кетті. Осының барлығына сабырмен қарап, шүкіршілік етіп, тәубе дейміз. Мемлекетімізде қоғамдық өмір бірқалыпты бейбіт жолмен өрлей түсуде. Түркі халқы ел-жұртын сақтап, қалыптастырумен қатар, өздерінің пәк қыздарын басқаға күң етпеу жолында қилы-қилы кезеңдерді бастан өткерсе, оны жылнама етіп, болашақ ұрпақ білсін деп тасқа да ойып жазып қалдырған. Біздің қазақ халқы әйел затының тағдырына, оның ішінде қыз балалардың тағдырына аса жауапкершілікпен қарап, олардың намыстарын таптаудан аулақ болған.Қазақ халқы қызды сыйлап, әрқашан төрге оздырған. Осы атадан балаға мұра болып қалған бағыт, біздің тәуелсіз жас мемлеке­­­тіміздің әрқашан назарында. Әйел азамат­тардың, әсіресе, қыз балалар­дың құқығын сақтауға арналған заңнамалар мен нормативтік актілер де жеткілікті. Нақтылай айтқанда, мемлекетіміз 1998 жылы 29 маусымда «Қазақстан Республикасының әйелдерді кемсітпеушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылу туралы» өз Заңын қабылдады. Осы қағида­ны нақтылау мақсатында республика Үкіметі 1999 жылы 19 шілдеде №999 қаулысымен республикада Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын белгіледі. 2001 жылы 12 наурызда «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекетттік органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бірлес­­тіктердің өзара іс-қимылын ұйымдас­тыру туралы» №346 арнайы қаулы да қабылдады. Әйелдер мен қыздардың өмір жолы, олардың тағдыры Прези­дентіміз Н.Ә.Назарбаевтың назарынан ешқа­шан да тыс қалған емес. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында «Ең алдымен біз қыздары­мыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», деді. Халқымыз қыздың жолы жіңішке дегенді ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамымыздың тең құқылы мүшесі. Солай болғанмен, арамызда осындай бейбіт өмірдің мән-мағынасын жете түсінбей, әртүрлі әдіспен дүние тауып, қарнының тойғандығын көтере алмай шектен шығып, нәпсіқұмарлыққа салынатын ер азаматтар да бар. Олар қыз балалардың нәзіктігін, сенгіштігін пайдаланып намыстарын таптайды, соңынан опасыздық жасайды. Мұндай жайт адал жандарды алаңдатпай қоймайды. Айтайын дегенім, қанша бейкүнә қыздар нәпсіқұмар, опасыз ер азаматтардың арбауына түсіп қалып, ар-ұяттарын өздері арқалап нәрестелі болып, содан кейін, зар жылайтындарын да күнделікті өмірде көріп жүрміз. Алдауға түсіп қалған қыздардың амалсыздан түсік тастатып, келешекте ана болуы екіталай күйге түсетіндері де аз емес. Ондайлардың кейбіреулері намысқа шыдамай, өздеріне қол жұмсайды. Осының салдарынан дүниеге келген қаншама нәресте «тастанды» атанып жатқаны да шындық. Мысалы, тек Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында (ондай дәйектер басқа облыстарда да баршылық) 2012 жылы нәпсіқұмарлардың алдауына 34 жас қыз, соның ішінде 20-сы 16 жасқа жетпегендер, 2013 жылы 55 қыз, соның ішінде 26-сы 16 жасқа жетпегендер, түсіп қалып жапа шеккен. Міне, осы келтірілген статистикалық деректің өзі бұл көріністің жылдан жылға азаймай, керісінше, көбейіп бара жатқандығын көрсетіп тұр. Нәпсіқұмар ер азаматтардың қыздарға қатысты осындай опасыздық іс-әрекеттерінен ұлтымыздың ар-намысына, иманына елеулі нұқсан келіп отырғанына көз жеткізу қиын емес. Нәпсіқұмарлардың қыздарымыздың ар-намысын таптағанынан бөлек, кейбір ер азаматтардың әйел зорлауы, отбасында зорлық-зомблыққа жол беруі сияқты адам төзгісіз әрекеттері де азаймай тұр. Мұндай теріс мінез, ұлтымызға жат оқыс оқиғалардың себебін іздегенде, оны әр отбасындағы, оқу орындарындағы, әрбір мемлекет­тік, қоғамдық, жекеменшік шаруашы­лық ұжымдарындағы ер азаматтар­ға қатысты тәрбие жұмыстарының кемшіліктерінен табатынымыз айдан анық. Сонан соң, осындай қасиетсіз қадамдарға қоғам болып қарсы шық­пай, немқұрайлылыққа салынуымыз да итермелейтіні күмәнсіз. Сондықтан, опасыз ер азаматтардың табанының астында от жанатындай жағдай туғы­зуымыз қажет-ақ. Ал зорлық көрген қыз біреудің мәпелеп өсірген көзінің ағы мен қарасы, біреудің қарындасы, біреудің әпкесі. Сондықтан, елдің көркі – қыздарымыздың ары мен намысын таптамайық деп газет бетінде мәселе көтеруді жөн көрдім. Батырхан ӨМІРЗАҚОВ, отставкадағы милиция полковнигі, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері. ШЫМКЕНТ.