• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Әлем үмітін ақтайтын Одақ

463 рет
көрсетілді

Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа үш мемлекет басшылары қол қойғаннан кейін-ақ ол туралы әлемдік пікір ағыны тым көбейіп кеткендей еді. Біреулер одан «Кеңестер Одағының тірілуін» іздесе, енді біреулер жаңа Одақтан үлкен үміт күтетінін білдірген-тін. «Егемен Қазақстан» газетінде бұл тақырып төңірегінде талай оң пікірлер жазылды. Десек те, алуан пікірлер ағыны күшейіп тұрған сол кезде соларды ғылыми сараптан өткізіп беруді жөн көріп, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры академик Сағындық САТЫБАЛДИНГЕ жолыққанымызда ол әңгімесін былай бастаған еді: – Сөз бостандығына ерік беріл­ген қоғамда кім не айтса да хақылы ғой. Десек те, соңғы кездері айтылған толып жат­қан пікірлердің ішінен Ресей Федера­циясы РБК телеарнасының шолушысы Виталий Витталдың мына бір тұжырымы ақылға қонымды. Ол былай деді: «Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлының өмірге жолдама алған даналығы». Білімді адам осылай сөйлейді. Ал мұндайға қарсы пікір айтушылар мүлде адасу бағытында. Мұны бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. Жаңа Одақ құру туралы шартқа қол қойылғаннан кейін-ақ онымен тығыз байланыс орнатуға 40-тан астам мемлекет ынта білдірген. Дәл мұндай қызығушылық Еуроодақ құрылған кезде де болмаған. Себеп неде? Меніңше, оның ең басты себебі, бүгінгі таңда бар болғаны 170 миллион тұрғынды біріктіретін жаңа Одақ мемлекеттері әлемдегі зерттелген пайдалы қазбалар қорының 20 пайы­зына ие. Көмірсутегілерінің 17 пайы­зы бізде. Яғни, жаңа Одақ табиғи қор молдығы жағы­нан аса бай халықаралық құры­лым болып тұр. Кейбір сирек кезде­сетін пайдалы қазбалар біздің ай­мақ­тан басқа жерлерде мүлде жоқ. Ал уранды өндіріп әлемге ядро­лық отын экспорттаудан тек Қа­зақстанның өзі ғана дүниежүзілік көш бастаушы мемлекет. Сондай-ақ, уран қорына келсек, біздің ел әлемдік үштіктің тобында. Жаңа Одақ тұрғындары 100 пай­ыз орта білімді. Демек, мұн­дағы адам капиталы әлемдегі басқа одақтарға қарағанда әлдеқайда сапалы. Қаржылық мүмкіндігіне келсек, 2007 жылдың тамызында АҚШ қор биржасында басталған дүниежүзілік дағдарыстан «тең­селмей» шыққан елдер осы жаңа Одақтың мүшелері. Қазіргі қысыл­таяң шақтан да елдеріміздің еңсе тіктеп шығатынына күмән жоқ. Қысқасы, Одаққа біріккен мем­ле­кеттер «алақан жаюшылар» емес. Тағы бір артықшылық – Одақ мемлекеттері ХХІ ғасырға лайықталып жаңғыртылған Ұлы Жібек жолының өзегінде жатыр. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық транзиттік тасымал дәлізі осы Одақ жерлерін басып өтеді. Яғни, Одақ дамыған Батыс пен қарқынды дамушы Азияны біріктіретін алтын көпір қызметін атқармақ. Оның үстіне Одаққа біріккен мемлекеттердің болашақтың көшбастаушысы Қытай Халық Республикасымен саяси-экономикалық байланысы стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен. Мұндай игілік әлемнің басқа одақтарында жоқ. – Иә, әлемде басқа да одақ­тар барлығы жайлы сөз қоз­ғадыңыз. Ендеше, осы пікір­ді тереңірек талдап берсеңіз. Себе­бі, қандай да бір халықаралық одақ болса да ол әйтеуір біздің бәсе­келесіміз болып шығады емес пе? – Қазір өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан ежелгі одақ – Жапония бастаған Тынық мұхиты елдерінің АСЕАН одағы. Мұнда табиғи қор жоқтың қасы. Сондықтан, оны бізге бәсекелес болады деп ойлау мүмкін емес. Бұдан кейін­гі көне одақ – НАФТА. Ол Кана­да, АҚШ, Мексика үштігінен тұ­рады. Кезінде бұл халықаралық құрылым Жапонияның арзан да өтімді электронды тұрмыстық тауар­ларынан жеңіліске ұшы­ра­ған АҚШ өнеркәсібін қолдау мақсатында құрылған-ды. Бұл мем­ле­кеттердің мүмкіндігі қан­дай екенін талдап жатудың қажеті жоқ. Десек те, бір ақиқат айтылуы тиіс, ол – мұның да біздің жа­ңа Одаққа бәсекелес бола алмай­тындығы. Иә, жылдық ішкі жалпы өнім көлемі жағынан НАФТА қа­зіргі әлемдік көшбастаушы. Десек те, ол уақыт озған сайын шегіну үстінде. Оның толып жатқан объективті себептері бар. Біріншіден, одақ негізінен АҚШ-тың тегін долларына арқа сүйеген. Ал бұл ұзаққа бармайтын игілік екені баршаға аян. Әлемдік қаржы аренасынан доллар кетсе, бұл одақтың күні таусылды дей беріңіз. Ал доллардың өз қызметінен кетуі көп күттірмейді. Үшінші мықты – Еуроодақ. Бұл бүгінгі таңда әлемдегі ең мықты одақ саналып тұр. Десек те, оның да күні таусылғандай. Өйткені, бұл одақтың құрылуы дұрыс бол­ғанымен, мұндағы жоғары билік­тің кейінгі қызметі ғылыми негізді деуге сыюдан қалды. Аны­ғын айтсақ, одақта Германия, Фран­ция, Англия әлсіздерді асырау­шыларға айналып кеткендей. Бұдан Англия мен Франция ендігі жерде бас тартатын сыңай­лы. Тіпті, Еуропарламентке соңғы сайлаудың нәтижесі одақтың ыдырау мүмкіндігін күшейте түс­кен­дей. Одақ ішінде саяси теке­тірес бәсеңсудің орнына, өрши түсуде. Өйткені, одақ дағда­рыстан әлі шыға қойған жоқ. Жұ­мыссыздық деңгейі 12 пайызға жетеқабыл. Ақиқатқа тура қа­расақ, Еуроодақ мұндай келең­сіз көрсеткіштен енді арыла алмайды. Себебі, одақ ішінде­гі халықаралық зор беделі бар брендтер атамекенін тас­тап, жұмыс күші арзан Қытайға және Азияның басқа да дамушы мемлекеттеріне қоныс аударуын қарқынды жүргізіп жатыр. Сол батыстан қоныс аударып келген брендтер бізде де өндірілуде. Қысқасы, одақ уақыт озған сайын әлсіреуде. Бертінде өмірге екі одақ келді. Оның бірі – Латын Амери­касы елдерінің бір тобын бірік­тірген МЕРКАСУР халықара­лық бірлестігі. Бұл бізге азық-түлік жағынан тегеурінді бәсе­ке­лес. Өйткені, мұндағы ауылша­руа­шылық өнімдері шығынсыз өндіріс. Анығын айтсақ, ет-сүт беретін мал үшін қора салып, қысына шөп дайындап қарбаласып жатпайсың. Мал Амазонканың өне бойын қаптап өскен жасыл желекте өз еркімен 365 күн бойы еркін жайыла алады. Ол-ол ма, бізге келіп жатқан цитрус тобына жататын жемістер мұндағыларға табиғаттың бергені. Еңбекпен келген байлық емес. Қысқасы, бұл жағынан алғанда, біздің елдердің ауыл шаруашылығына осындай мықтылармен бәсекеге түсуге тура келеді. Әрине, Одаққа біріккен мемлекеттер одан қорғанудың жолын алдын ала қарастырған болуы керек. Сондай-ақ, бұл аймақта көмірсутектерінің біраз қоры бар. Энергиямен өзін өзі толық қам­тамасыз ете алатын одақ бізден кейін осы МЕРКАСУР. Демек, ол бұл жағынан да бізге «иіле» қоймайды. Бұл одақтың екі осал тұсы бар. Оның ең бастысы – адам капиталының сапасы жағынан бізден көш төмендігі. Екіншісі – өндірістік металл қорының аздығы. Осы осал тұстар үшінші осалдықты «жасап тұр». Ол осалдық – индустрияның әлсіздігі. Латын Америкасының елдері күні бүгінге дейін Кеңестер Одағында шығарылған автокөліктер мен ауылшаруашылық техникаларын пайдаланады. Соқпай кетпейтін бір субъект – БРИКС одағы. Мұнда Қытай, Үндістан, Ресей Федерациясы, Бра­зилия және Оңтүстік Афри­ка Республикасы бар. Бұл ай­мақ­тық бірлестік емес, саяси ұста­нымға байланысты құрылған халықаралық бірлікке көбірек ұқсайды. Әлемдік дамудың қазіргі көрсеткішін көтеріп тұрған да осы БРИКС. Қазақстан БРИКС тобына мүше болады деген болжам бар. Әрине, біздің Қазақстан секілді мүмкіндігі мол елдің өз сапында болуын қай жақ болса да қалары сөзсіз. Таңдау біздікі. БРИКС тобына мүше мемлекеттердің атын атап, түсін түстеп бергеннен кейін оның біздің жаңа Одаққа бәсекелес не әріптес болатыны жайлы ой айту қажетсіз секілді. Айтпаған ойымызды оқырман өзі түсінсін. Сонымен, әлемде бүгін жұ­мыс істеп тұрған халықаралық одақтардың қайсысының бола­шағы зор екенін оқырман толық болжай алатындай мәлімет бердік қой деп ойлаймын. Жаңадан іске кіріскен Еуразиялық эконо­микалық одақтың болашағының жарқындығы – дәлелдеуді қа­жет етпейтін аксиома. Демек, әңгі­мем­нің басында «өмірге жолдама алған даналық» деген пікір ғана ақиқат. Айтарым осы. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.