• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2015

Қазақстан халқы 17 миллионнан асты

289 рет
көрсетілді

Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі халық саны 17 397,2 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 9 612,6 мың (55,3%), ауылдықтар 7 784,6 мың адамды (44,7%) құрап отыр. 2014 жылғы қаңтар-қарашада жалпы елімізде халық саны 236,4 мың адамға немесе 1,38%-ға өсті, 2013 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда халық саны 251,5 мың адамға немесе 1,47%-ға артқан. Бұл жөнінде Президент жа­нын­дағы Орталық коммуника­циялар қызметінде болған брифинг барысында хабарлаған Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов әлеуметтік-экономикалық қорытындыларға біршама тоқталып өтті. Оның айтуынша, жыл сайын жақсы жағынан артып отырған көрсеткіштер барлық салада көрініс тауып отыр. Мысалы, АХАЖ органдары ұсын­ған азаматтық хал актілері жазба­ларындағы мәліметтерді өңдеу нә­тижесінде, өткен жылдың қаңтар-қарашасында туғандар саны 368,9 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,8 мың адамға немесе 1,6%-ға артқан. Ал қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 120,8 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 5,9 мың адамға немесе 4,7%-ға азайғандығын мәлімдеді. Сондай-ақ, Ә.Смайылов елі­міз­дегі халықтың басым көпшілігін жастар құрап отырғандығын нақтылады. Сандық көрсеткіште 15 жасқа дейінгі балалар – 27,3%, ал 16 жастан зейнет жасына дейінгі еңбекке жарамды азаматтар 62% болса, зейнет жасынан бастап қариялар – 10,8%, ал 14 пен 28 жас аралығындағы жастардың үлесі 25% болып отырғандығын айтты. Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қарашасында республика халқының табиғи өсімі 2013 жыл­дың қаңтар-қарашасымен са­лыс­тырғанда 11,6 мың адамға немесе 4,9%-ға артып, сандық көрсеткіші 248,1 мың адамды құраған. Ал экономикадағы өзгерістер бойынша қысқа мерзімді эконо­ми­калық индикатор 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2013 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 102,8%-ды құрады. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестиция­лар көлемі 6574,7 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2013 жылға қарағанда 3,9%-ға артты. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 18492,8 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға артық, деді Ә.Смайылов. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2509,9 млрд. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 0,8%-ға артқан. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».