*Өткен жылы Қазақстанда ішкі жалпы өнім 4,3 пайызға өскен. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 6 трлн. 574 млрд. теңгені құрап, 3,9 пайызға артқан.
*Биыл «Байқоңыр» ғарыш кешенінің 60 жылдығы атап өтіледі. Осыған орай мерейтойды ұйымдастыру және мерекелеу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды.
*Батыс Қазақстанда 2014 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 996 млн. теңге бөлініп, оның барлығы игерілді. Жалпы, 2013-2014 жылдары мемлекеттік бағдарламалардың аясында өңірде 1510 жаңа жұмыс орны ашылған.
*Астанада «BASTAU» бизнес мектебі» атты оқыту жобасы қызмет көрсетеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашқан бұл мектеп жұмыссыз жүрген жастарды, жас кәсіпкерлерді қолдауға және бейімдеуге арналған.
*Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында 2015 жылдың ақпанында мұздағы мотожарыстан әлем чемпионатыкезеңдерінің бірі өтеді. 20-дан астам спорт телеарнасынан таратылатын дүбірлі доданы әлемнің 200 миллионнан астам көрермені тамашалайды деп күтілуде.
*Оңтүстікқазақстандық оқушылар халықаралық олимпиададан олжалы оралды. Болгария астанасы София қаласында математикадан өткен білім сайысына елімізден 21 оқушы барып, олардың 16-сы жүлделі орындарға ие болған. Оның ішінде оңтүстікқазақстандық 19 оқушының 3-еуі алтын, 4-еуі күміс, 7-еуі қола медальға қол жеткізсе, 5 оқушы арнайы сертификатпен марапатталыпты.
*Павлодар облысының барлық деңгейдегі әкімдері мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есеп беруде. Олар халыққа 2014 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндайды. Кездесулер барысында өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелері назарға алынады.
*Жамбыл облысында алғашқы жекеменшік метеостанса ашылды. Оны М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Физика» кафедрасының қызметкерлері, студенттері мен оқытушылары іске қосты.
*Петропавл қаласында 2014 жылы 45 көпқабатты үй жөндеуден өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында іске асырылған бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 777,1 млн. теңге бөлінген.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша дайындалды.