АТЫРАУ. 15 қаңтар. Атыраулық жас жігіт Рашит Жакупов көршісінің пәтерінде жанып жатқан өрт арасынан 4 жасар баланы құтқарды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқыс оқиға 9 қаңтарда болған. Сол күні түс әлетінде қаладағы сауда орталығының өкілі Рашит Жакупов анасының үйіне түстік ас ішуге келеді. Көп қабатты үйге кірер алдында үшінші қабаттағы терезеден түтінді көреді. Баспалдақпен жоғары көтеріліп, түтін иісі сезілген пәтер есігін қаққанда, іштен жылаған баланың даусын естиді. Көршілерге өрт сөндірушілерге хабарлауды тапсырып, өзі пәтерге қайта жүгіреді. Пәтер есігін ашып ішке енгенде, кіреберісте құлап жатқан 4 жасар баланы көреді. Інісі екеуі түтінге тұншыққан баланы көтеріп, облыстық балалар ауруханасына жеткізеді.
Кейін белгілі болғандай, 4 жасар бала газға уланыпты. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндірді. Ең бастысы – 4 жасар бала ажал аузынан аман қалды. Қазір кішкентай бала дәрігерлердің бақылауында. Оны құтқарған жас жігіт Рашит Жакуповтың жасы 29-да екен. Рашиттің 7 және 3 жастағы екі ұлы бар. «Біз көршіміз ғой, бір-бірімізге қиын сәтте қол ұшын созуымыз қажет», – деген жас жігіт бұл ісін ерлікке баламайды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.