Өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығын, оқу белсенділігін арттыру, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында кітап оқу арқылы әлемге деген қызығушылық мектептен қалыптасуға тиіс екенін айтқан болатын. Осы орайда «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «KitapХАН» кітап оқыту әдісі ұйымдастырылып, оның жылдық қорытындысы Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде өтті.
Жобаның апталық, айлық кезеңдерінің үздіктері жылдық финалға шығып, «KitapХАН» жеңімпазы анықталды. Облыста кітап оқу сайысына жалпы 1000 мектеп ішінен 80 мың мұғалім, жарты миллион оқушы қатысып, соның ішінде ақтық мәреге 21 үміткер жолдама ұтып алды. Финалдық кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, қоғамда кітап оқудың маңызына ерекше мән берді. Сондай-ақ өздері оқыған кітабын 7 минутта қорғап, нәтижесін бөлісті. Байқауда басшылық құрам арасынан Төлеби ауданы Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Лаззат Сандыбаева, ал ұстаздар арасынан Арыс қаласы Жиделі жалпы білім беру мектебі физика пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Алышева, оқушылар арасынан Отырар ауданындағы С.Әшірбеков атындағы жалпы білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Таңшолпан Қалдыбай «KitapХАН» жеңімпазы атанды.
Финалға шыққан барлық үміткерге Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының демеушілігімен құнды, бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына 8 велосипед, 5 мектеп директоры мен 8 мектеп мұғаліміне 13 теледидар тарту етілді. Белсенділік танытқандарға «Құрмет» грамотасы берілді. Іс-шараны облыстың білім басқармасына қарасты Білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырды.
Түркістан облысы