Күршім – көлемді аудан. Кеңдігіне қарай климат пен жер бедерінің алуандығы да бар. Айталық, солтүстігі Бұқтырма су қоймасымен, оңтүстік-батысы Зайсан қазаншұңқырымен, шығысы Алтай әлдилеген Марқакөлімен байтақ суға кенеліп жатқан аудан аумағында көлбей созылған жазық та, Ай ажарындай Қиынкеріштің шөлді түзі де, орман-тоғайлы тау аңғары да табаны тозбай аралаған адамды таңғалдырмай қоймайды. Теңіз сапырған дауыл, көкжиекті сағымға ораған аптап, еліміздегі ең қатты сарышұнақ аяз, белуардан түсетін қар – Күршімге тән. Міне, осы табиғаты таңдай қақтыратын ауданға таяуда жолымыз түсті. Паромға мініп, қараңғы түсе аудан орталығына жеттік. Келесі күні аудан әкімі Алтайбек Сейітов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістермен таныстырды. Қытай елімен шекарада жатқан шалғай аудан болғанымен, соңғы жылдары сәтімен жүзеге асырылып жатқан жағымды жаңалықтар Күршімде мол.
Алғашқы Арбат пен әмбебап спорт кешені
Аудан орталығында бой көтеріп келе жатқан Даңқ мемориалдық кешенінің аумағы 5 гектарды құрайды. Екі секторға бөлінген аумақтың бір жағы тұрғындардың сейілдеуіне арналған. Онда гүлзар, субұрқақ, орындықтар мен аллея орналаспақ. Ал екінші сектор боздақтарға арналған қасиетті орын саналады. Алыстан көз тартатын көрнекті тасқа қабырғасы бетоннан құйылған. Соғыстан қайтпаған 5 315 боздақтың аты-жөні габбро тасқа ойып жазылыпты. Мемориал кешені Ұлы Жеңістің 70 жылдығында ашылады деп күтілуде.
Кеңестік кезеңдегі машина-трактор стансаларының ғимараттары тоқсаныншы жылдары жаппай күйрегені белгілі. Күршімдіктер орталықта ғайыптан тайып сақталып қалған осындай ғимаратты қайта жөндеуден өткізген екен. Алдыңғы иесі жекешелендірілген ғимаратты дұрыс пайдалана алмаса керек. Оның үстіне алып ғимаратты жылыту қомақты қаржыны қажет етеді. Ғимараттың төбесі шатырмен жабылып, ыстық және суық су мен жылу құбырлары тартылды. Ғимаратта гимнастика, бокс, күрес залдары бар.
Алтайбек Сейітұлы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі осы кешенге көшірілетінін жеткізді. Оқушылар жаңа кешенде оқу кабинеттері, үйірмелер, жаттығу залдары, жуыну бөлмелері және асханамен қамтылады. Апатты жағдайдағы ғимаратқа мердігерлер сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізіп, алып темір бағандармен бекіткенін аңдадық. Әмбебап спорт кешенінің ғимаратына 27 миллион теңге бөлінген. Жалпы, аудан орталығында спортпен шұғылдануға жақсы мүмкіндіктер жасалғанын көруге болады. Шағын футбол алаңдары, үлкен стадион жарыстар мен жаттығулардан босамайды, дейді күршімдіктер.
Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты үй – орталықтың көркі. Онда оқуын бітіріп, ауданға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келген жас мамандарға 64 пәтер берілген. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, ұстаздар, толық емес отбасылар мен жетім балалар бар. Бүгінде алыстан көз тартатын көрікті баспана Күршімге келген қонақтың назарын еріксіз аударады.
Әмбебап спорт кешені мен көпқабатты үйдің ортасынан жаңа мешіттің құрылысы басталған. Құлшылық үйінің құрылысы мектеп түлектері мен жергілікті кәсіпкерлер қаражатына салынбақ.
Абаттандыру мақсатында ауданда алғаш рет «арбат» салынып жатқанының куәсі болдық. Күршімнің кіндігіндегі 300 метрге жуық көшенің екі жақ шеті бекітілгендіктен, көшеде көлік қозғалысы болмайды. «Арбат» аудан халқы мен қонақтарының сейілдейтін орны ретінде гүлзармен, декоративті мүсіндермен көмкеріледі. Қапталында мектеп орналасқандықтан, оқушылардың қауіпсіздігі үшін де тиімді болмақ. Шағын «арбатты» салуға 7 миллион теңге қаражат бөлінген.
– Әлбетте, ауылды жерлерде «арбат» салу үрдісі жоқ. Күршімнің көшелері кең болғандықтан, заманауи талапқа сай көріктендіруді қолға алдық. Ауданымызда өнерлі жандар көп. Олардың арасында зергерлер, тоқымашылар, суретшілер, ақындар бар. Сондықтан, бұл өнер көшесіне айналады. Алдағы уақытта мұнда өнерлі тұрғындарымыз бас қосып, өз бұйымдары мен туындыларын ұсынады деген жоспарымыз бар, – деді аудан әкімі.
Инфрақұрылым игіліктері
Күршімнің көшелері тақтайдай тегіс. Биыл аудан орталығында 7 шақырымнан астам көше, жалпы, соңғы үш жылда 18 шақырым көше асфальтталып, бұл шаруа ағымдағы жылы толығымен аяқталған екен.
– Айтуға оңай. Осыдан бес жыл бұрынғы Күршімнің көшелері сиықсыз еді. Асфальт жоқ, барының өзі ойдым, жаяу адам сүрінетін шоқалақ. Күршім – Кеңес өкіметі кезінде де асфальт өркениетінен тыс қалған өңір болатын. Қазір көше шеті жасыл желекпен көмкеріліп, жаяу жүргінші жолдары салынды, жиектастар қойылды. Осылайша, қала жағдайына жақындап қалдық. Көшелерге тас төселген соң шаң басылды. Бұл тұрғындарды мәдениеттілікке баулиды. Қазір тұрғындар жанындағы жол жөнделген соң үйі мен қоршауларын заман талабына сай ретке келтіре бастады. Аулалардың жөнделуі тұрғындарға кәсіп көзін тауып беріп отыр. Қаша дайындайтын цехтар ашылып, олар өз өнімдерін өткізуде. Бұл жергілікті жұртқа да қолайлы. Өйткені, өз өніміміз қала бағасымен салыстырғанда арзанға түседі, – деді аудан басшысы.
Күршімде инфрақұрылымды дамытуда оң өзгерістер бар. Биыл бұрынғы Марқакөл ауданының орталығы болған Теректі ауылында ұзындығы 400 метр көшеге асфальт төселген. Теректі – тірек ауылдардың бірі. Сондай-ақ, көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Теректі, Боран, Сарыөлең ауылдары да түнгі самаладай оттарымен көз тартарлық көрініске ие. Теректіден Ақжайлау, Ұранхай ауылдарына дейінгі тау аңғары жарықпен қамтылып, ауданда аталған мәселе бірқатар реттелді. Күршім ауылындағы су құбыры биыл тағы бір шақырымға ұзартылып, тұрғындар құбырды үй ішіне дейін кіргізіп алуда. Биыл ауданда ауызсумен қамтамасыз ету 65 пайызды құрап отыр.
Күршімдегі көрікті орындардың бірі – Астанадағы жобамен салынған «Қазақ елі» монументінің шағын көшірмесі екі жыл бұрын ашылғаны есімізде. Ауданның барлық салтанатты іс-шаралары осы монумент жанында өтеді, сонымен қатар, той-томалаққа келген қонақтар қыдырыстайтын орын. Мәрмәр тастан салынған монументте түпнұсқадағыдай Елбасы тұлғасы, жастар, өндіріс, батырлар бейнесі бедерленген. «Қазақ елі» кешенінің шағын көшірмесі орналасқан саябақты қақ жарып ағып жатқан каналдың жағалауы бекітіліп, субұрқақ жасалыпты.
Алтайда мыс өндіріледі
Кәсіпорындарға келер болсақ, ауданда балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Жоғары деңгейде өңделген балық филесі Еуропа елдеріне экспортталады. Балықтың сүйегіне дейін ұн жасап, өңірдегі құс фабрикаларына жем ретінде өткізетін қалдықсыз кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аудан тұрғындарының ырыздығы болып отырған Зайсанның жағалауындағы 8 ауыл балықшы бригадаларына топтастырылған. Салық комитетіне тіркелген бригадалар айдыннан аулаған балықтарды аталған зауытқа өткізеді. Бұл – халықаралық комиссия аттестаттаудан өткізіп, сертификат берген экспорттық әлеуеті бар кәсіпорын саналады. Биыл күршімдік балықшыларға 700 тонна балық аулауға рұқсат берілген екен. Оның ішінде көксерке, табан сынды балықтың барлық түрлері бар.
Алтайдың бір пұшпағын жайлаған өңірдің алтын өндірумен атағы шыққаны белгілі. Бұл туралы аңызға бергісіз әңгімелер де көп ел ішінде. Соның бірі бүгінде Барақ батырдың есімі берілген бұрынғы «Дарственный» ауылы.
Қазіргі кезде ауданда «Алтай золото», «Визол» сынды кәсіпорындар алтын өндіреді. «Восток кент» ЖШС үш жыл бойы барлау жұмыстарын жүргізген екен. Келесі жылы Маралдыда алтын өңдеу фабрикасын салмақ. Яғни, талайлардың көзқұрты болған Алтайдың алтыны әлі бар.
Сонымен қатар, Ақбұлақта мыс өндірумен шұғылданатын «Қаршыға» ЖШС өз жұмысын бастады. Онда мыс өндіру кешені салынатын болады. Жақын арада инженерлік жұмыстар жүргізіліп, вахталық кент пен жол құрылысы, электр желілерін тарту басталады. Соғысқа дейін Күршімде алтын біршама өндірілгенімен, мысқа сұраныс болмағаны белгілі. Жаңа кәсіпорын жылдық қуаты 740 мың тонна кен өндіріп, 22 мың тонна таза катодты мыс шығаруды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 16,5 миллиард теңге. Кәсіпорын іске қосылған кезде 450 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал құрылыс барысында 750 адамға жұмыс табылады. Үкімет қаулысы бойынша бүгінде жаңа өндіріске жер телімдері бөлінді. Жоспар бойынша, аталған кен орны өңірдегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген ірі өндіріс орындарының бірі болады.
Күршім мен Теректі арасын жалғайтын жолдың жартысы жасалды. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Күрежолдың шетінде орналасқан асфальт зауыты келер жылға тасты үгітіп дайындап жатқанына куә болдық. Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы қарқын алар құрылыс та осы болуы тиіс.
Ауданның негізгі брэндтерінің бірі – қарбыз. Облыс орталығы мен өңірді қауын-қарбызбен қамтамасыз ететін күршімдіктер Еуразиялық экономикалық одақ қарсаңында көрші Ресей еліне қомақты өнім жөнелтуге мүмкіндік алды. Жаңа нарыққа жол ашудың нәтижесінде Ақши, Топтерек сияқты ауыл диқандарының еңбек өнімділігі артты.
Мәдениет пен білім жолға қойылған
Күршімнің күрежолына шыққаннан көп ұзамай, алдыңыздан Сарыөлең қарсы алады. Атауында тұрғандай, кемеліне келіп, жарқырап тұрған елді мекеннің бірі осы. Ауыл шетіндегі жол тақтайдай тегіс, қос қапталға ағаш отырғызылған. Барлық көшелері жарықтандырылған ауылда 2 мыңға жуық халық тұрады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Есенбек Тоқтағанов есімді тұрғынның жуырда ашқан мейрамханасы жол жиегінде орналасқан. Техника жөндеу орталығы мен шаруа қожалығы бар азамат ауыл тұрғындарына жұмыс беріп отыр. Осыдан 3 жыл бұрын ашылған балалардың «Балдәурен» демалыс лагері де осында. Биылғы жаз маусымында 2 мыңға тарта бала демалды. Күзгі, қысқы каникулда да балалар қабылдайтын «Балдәурен» аудан көлеміндегі алты демалыс лагерінің бірі. Оған өңірдегі өзге аудандардың балалары да келеді. Ауыл ішінде ашылған саябақта субұрқақ орнатылып, көгалдандырылып, қоршалған. Сарыөлеңде төбесі ортасына түскен ескі клубты қайта жөндеуден өткізген екен. Қазір мәдениет үйі ретінде қызмет атқарып тұрған ғимараттың 184 орындық көрермен залы, кітапханасы бар.
– Қазір кітапханамызда ескі қордан алынған 2 мыңнан аса кітап, жаңа қорға түскен 3 мыңға жуық кітап бар. Гауһар Смағұлқызы мектептің бір сыныбын сұрап алып, бұрынғы кітапхананың кітаптарын күн көзіне желінуден, тамшыдан бүлінуден сақтап қалды. Кітапхана Елбасы, Қазақстан жазушылары мен шетел жазушылары, жерлес қаламгерлерге арналған бөлімдерден құралған, – деді мәдениет үйінің меңгерушісі Бекеш Кеңесов.
Айта кетерлігі, жеті жыл бұрын бүкіл ауданда 8 мәдениет үйі ғана болса, бүгінде 29 ауылда мәдениет үйі жұмыс істейді. Ал кітапхана саны 7-ден 24-ке дейін көбейді. Ауданда 52 мектеп болса, оның ішінде 40 мектепте жылыжай жұмыс істейді. Онда оқушылар мектеп асханасына қажетті көкөніс өнімдерін өсіруде.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы.