• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Мамыр, 2024

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Орта державалар: мультилатерализм қағидатын ілгерілету жолында

90 рет
көрсетілді

«Қазақстан сияқты елдер жаһандық үдерістердің қатысу­шы­сы ғана емес, әлемдік аренадағы жауапты ойыншылар ретінде де өз рөлін белсенді түрде ілгерілетуге тиіс». Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews»-тің эксклюзивті шығарылымындағы мақаласында осы идеяны арқау етті.

Мемлекет басшысы әлемдік іргелі ақ­парат құралындағы мақаласында қазірг­і ал­м­а­ғайып кезеңде қалыптасқан ха­лық­­ара­лық жағдайға қатысты көзқа­ра­сын білдірді.

«Жоғары геосаяси турбуленттілік пен үздіксіз қақтығыстар белең алған бүгін­гі әлемде көпжақты шешімдер аса сұранысқа ие.

Климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлер салдарынан миллиондаған адам аштық зардабын тартып, қорғаусыз қалып, бас сауғалап кетуге мәжбүр бол­ған уақытта Еуропадағы, Таяу Шығыс­тағы және Африкадағы қарулы қақты­ғыс­тар жүздеген мың адамның өмірін қиып жатыр. Бұл жанжалдардың түйіні тарқамастай көрініп, оларды еңсеруден үміт үзіле бастады.

Жаһандық қайшылықтар жағда­йын­да ірі державалар – әлемдік эконо­микалық және саяси алпауыт елдер үндесе әрекет ету қабілетінен барған сайын айырылып барады.

Украинадағы жанжал диплома­тия­лық тығырыққа әкелді. Газадағы жағдай ауқым­ды гуманитарлық апатқа айналды, ал Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы шие­леніс сындарлы өзара қарым-қаты­насқа нұқсан келтіріп, текетірес қаупін туғызып тұр.

Соған қарамастан Біріккен Ұлттар Ұйы­мы сияқты халықаралық консенсусқа ық­пал етуге тиіс құрылымдар іс жүзінде шарасыз күйге түсіп, іс-әрекеті тұйықталып қалды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің вето қою құқын пайда­лануы көбінесе жаһандық дағдарыс­тарға қарсы күресте шешуші әрекет­тер жасауға кедергі келтіретін үмітсіз жағдай­ларға және ұжымдық әрекеттерге емес, біржақты әрекеттерге артықшылық беретін сценарийлердің қайталануына әкеліп соғып отыр. Мұның өзі көпжақты­лық рухын және халықаралық институт­тарға деген сенімді тіпті шайқалта түсті», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Қазақстан сияқты орта дер­жавалар өз төңірегінде және одан тыс­қары жерлерде тұрақтылықты нығайту, бей­біт­шілік пен дамуды қамтамасыз етудің мүм­кін­діктеріне ие негізгі ойыншыларға айналып келеді деп санайды Мемлекет басшысы.

«Рас, біздің қатарлы мемлекет­тер­дің әлемдік үстем державалар сияқты жаһан­дық ықпалы жоқ. Бірақ бізде азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздіктен, «жасыл» және ақпараттық технологияларға көшу­ден бастап жеткізу тізбегінің тұрақ­ты­лығына дейінгі әртүрлі мәселелер бо­йын­ша әлемдік аренада елеулі ықпал етуге қажетті экономикалық қуат, әскери әлеует және одан да маңыздысы – саяси ерік пен дипломатиялық қабілет бар.

Біздің үстем державалар саясатының проб­лемаларымен қиындатылмаған икем­ділігі­міз күрделі дипломатиялық жағ­дай­ларда дұрыс бағдар ұстанып, компромисс пен келісімге жол табуға мүмкіндік береді.

Бұған қоса орта державалар мультилатерализм жүйесін сақтауды нық жақтайды. Бұл институттар өз бағытын жүзеге асыруда шектеу болуы мүмкін үстем державалардан айырмашылығымыз  – біздің елдер дауларды шешу, аумақтық тұтастықты қорғау және климаттың өзгеруінен бастап пандемияға дейінгі ұжымдық мәселелерді шешу үшін осы маңызды жаһандық тетіктерге сүйенеді», деді ол.

Осы орайда Президент Қазақстанның көп­ж­ақты тәсілді бұлжытпай ұстанатын­ды­­ғын және халықаралық диалог пен бір­лес­­­кен іс-қимылдар үшін жаңа алаңдар­ды ұда­йы іздестіріп келе жатқанын атап айтты.

«Ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы дәйекті жұмыстан басқа біз қызметі жаһандық ауқымдағы қолдан жасалған пандемиялар мен биологиялық тер­роризмнің жойқын салдарларын болдыр­мауға бағытталатын Биологиялық қауіп­сіз­дік жөніндегі халықаралық агенттік құруды белсенді түрде қолдап отырмыз.

Франциямен бірге биылғы «One Water Summit» ұлықтау саммитінің тең төрағасы болу – біз үшін зор мәртебе. Бұл форумның мақ­саты – су тапшылығы мен шөлейттену проб­лемаларына тап болған елдер мен қо­ғам­дастықтарды біріктіру. Бұдан бөлек, біз өз елімізде климат өзгеруінің салдары­на қар­сы іс-қимыл жөніндегі өңірлік күш-жі­гер­­ді басқаруға арналған БҰҰ-ның Ор­та­лық Азия мен Ауғанстан бойынша Ор­нық­ты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі жаңа Өңір­лік орталығын орналастыруды ұсындық.

Сондай-ақ біз ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу жолдарын іздес­тіруде көмегімізді ұсынып отырмыз. Бұған Әзер­байжан мен Армения арасында бейбіт келіссөздер жүргізуге қосқан үлесі­міз мысал бола алады. Осындай ұмты­лыс орта дер­жавалар диалогті жолға қойып, бейбіт­ші­лікті ілгерілете алатынына сенімі­мізді нығайтады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі жылы Хельсинки қорытынды актісінің қабылданғанына 50 жыл толады. Бұл белес – Қырғиқабақ соғыстан кейінгі кезеңде әлемдік державалар арасындағы келіспеушіліктердің қайталану қаупі туралы ойлануға жақсы мүмкіндік деп санайды Қазақстан басшысы.

«Бірақ, ең алдымен, бұл дата жаһан­дық бірлікке апаратын жол – тың бағыт емес екенін еске салады. Демек одан сәтті өтуге болады. Әлем бұдан бұрын да келіспеушіліктерді еңсерген және мұны дипломатия мен диалог арқылы тағы да жасай алады.

Мультилатерализм жүйесі елеулі қысымға ұшырап отырған кезде оған барлық елдің ірі, орта және кіші елдердің ортақ күш-жігерімен ғана жаңа тыныс сыйлауға болады.

Алайда ірі державалар көпжақты үдеріске сенімсіздік танытып, ал шағын елдер қажетті ықпалға ие болмай отырған жағдайда бұл үдерісті орта державалар басқаруы керек.

Қазақстан сияқты елдер алға шешуші қадам жасап, тек қатысушының ғана емес, сонымен қатар жауапты әлемдік ойыншының рөлін қабылдауға тиіс», дей келіп, Президент осы шешуші кезеңде   халықаралық серіктестердің барлығын көпжақтылық рухын нығайту – осы уақытқа дейін айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік берген жаһандық жүйені қайта жандандыру және инвестициялау ісіне бірге атсалысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін: «Біздің ұжымдық іс-әрекеттеріміз барша­мыз­дың бүгінгі біршама бейбіт күнді ғана емес, көркейген және үйлесімді болашақ­ты жақтайтынымызды көрсетуге тиіс. Алды­мызда орасан зор міндет тұр, бірақ шешім­талдық, көшбасшылық және диалогті табанды жақтаудың арқасында біз бүгінгі сын-қатерлерді ертеңгі жетістіктерге айналдыра аламыз. Мультилатерализм қағидаттарымен жаңару дәуіріне дәл біз жол ашуға тиіспіз», деп түйіндеді.